КӨНЕ ЗАТТЫҢ ҚҰНЫН БІЛЕТІН МАМАНДАР
Археология – көне дәуір мен орта ғасырдағы адамзат қоғамының даму заңдылықтары мен негізгі кезеңдерін зерттейтін ерекше сала. Ал, тарихи мұралардың хронологиясын зерттеп, тануда археолог мамандардың еңбегі орасан. Жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында археология саласында жемісті еңбек ететін мамандар қонақта болып, өз жұмыстарының ерекшеліктеріне тоқталды.
– Археология – тарихы тереңге жайылған, қызығы мен қиындығы қатар жүретін ерекше мамандық. Біз белгілі бір уақыт аралығында өз жоспарымызды бекітіп, сол бойынша жұмыс істейміз. Жалпы, Сыр өлкесі тарихи қалашықтар мен киелі орындарға бай аймақ. Соның ішінде Жанкент қалашығының тарихы тым тереңде. Ол кейінгі 20 жылдан бері зерттеліп келе жатыр. Сондай-ақ, Қазақстандағы ең ұзақ әрі көп зерттелген ескерткіштердің бірі болып есептеледі. Алғашқы зерттеулер ХІХ ғасырдың ортасында басталса, заманауи түрдегі археологиялық қазба жұмыстары 1867 жылы осы Жанкентте қолға алынды. Бүгінде 150 жылдан астам уақыт тарихы бар көне ескерткіш. Сонымен қатар, қазір археология жаратылыстану ғылымдарының әдіс-тәсілдеірнсіз зерттеу жүргізу мүмкін емес. Осы бағытта біздің үлкен екі жобамыз бар. Оның бірі мамыр айында Англиядағы археолог ғалымдардың көмегімен жүргізіледі. Ал, екіншісі Жапония елінен келетін археолог ғалыммен тығыз байланысты. Ол тамыз айында облысымызға келіп, қола дәуірі мен темір дәуірінде тіршілік еткен ескерткіштердің керамикалық материалдарына зерттеу жасайды. Бұл жоба алдағы үш жылға жоспарланған, - деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Археология және этнография ғылыми орталығының жетекшісі, археолог Сейдалы Билалов.
– Сыр өңірінде археологиялық ескерткіштер өте көп. Оның арасында Жанкент, Сұлутөбе, Қосасар секілді Оғыз дәуіріне жататын жалпы отызға жуық қала бар. Олардың барлығын зерттеу барысында біз көптеген жәдігерлерді тауып алып жатырмыз. Арасындағы ең көп әрі маңыздысы – керамикалық бұйымдар. Осы керамикалық бұйымдарды зерттеп, хронологиясын анықтаймыз. Біздің алда орындайтын жоспарымыз өте көп. Соның ішіндегі ең маңыздысы – керамиканы зерттеп, әрі қарай рестоврациясын жасап, мұражайларға орналастыру. Біздің бұл ісімізді жүзеге асыруға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары ғана емес, біздің студенттер, магистранттар да көмектеседі, - деді Ғылыми қызметкер және археолог Гүлмира Амиргалина.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі