Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАЗАҚ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАРА НАРЫ

ҚАЗАҚ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАРА НАРЫ

Жері байдың-елі бай, жері бардың-көңілі жәй. Туған жерің тұғырың, басталар содан ғұмырың. Бәйтерек болып кетсең де, сонда ғой сенің тамырың. Тамырың егер қуарса, не болады өмірің. Бойың қайтып өседі, көлеңкең кімге түседі. Діңгегің алып болған молайып жерге кіреді, көлденең келіп түседі. Жеріңде ізің қалмаса,елімен ісің болмаса, Сұлтандығыңды кім біледі?! «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңнің ұлтаны бол!» – деген екен даналардың бірі. Дана Абайда сенде бір кірпіш дүниеге кетігін тапта бар қалан деп бекер айтпаған. Дүниедегі жаратылғандардың барлығы бекерге жаратылған емес сияқты. Олар бірін-бірі жалғаушы, сақтаушы, қорғаушы толықтырушы, дамытушы, асыраушы айналып келгенде дүние, еңбек, деген тізбекті құрайтын айналмалы құбылыс іспетті. Осы құбылыстың бір тіні үзілсе, не бүлінсе басқалары өзгеріске ұшырауы немесе жоғалуы мүмкін. Қасиетті құранды осылардың барлығы адам баласының игілігі үшін жаратылғанын ескертті.
Сондықтан да, әрбір адам табиғатты аялауға, сақтауға, қорғауға міндетті. Жердің тарихы-елдің тарихы. Ел ерсіз болмайды. Тарихты жазатын сондай ерлердің жақсы, жаманды істері болар. Бұрынғы өткен жаман істерден Алла тағала елімізді алдағы замандарда сақтасын. Бір кездегі әкем Махмұттың «мына дінсіздер біздің тастарға қашап жазылған тарихымызды тас-талқан етіп құртып жатқанын қарашы» деген сөзін енді түсінгендеймін. Қазақ елі болып КСРО-ның құрамында жүргенімізбен жетпіс жылдай басшымыз байлауда, малымыз айдауда, ерлеріміз езгіде болғанда сұрқия саясаттың құрбандары болып, қаншама азаматтар атылып, Сібірге айдалып хабар-ошарсыз кетті. Қаншама тарихи қасиетті жерлеріміз, қалаларымыз төмпешіктерге айналды. Солардың сырларын ашатын археолог зерттеуші ғалымдарымыз болмады. Біздің халқымыздың табиғатында ондай орындарды қазып-аршып зерттеу болмағандықтан ол жағына білім іздеуге жастар бара бермейтін. Абай даналығындағы: «Əуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау еңбек қылсаң қара жер де береді, құр тастамайды» деген тәмсілі, әңгімеміздің кейіпкері Мадияр Елеуов жайлы болмақ.
Қазақта «Ер жігіт жолын сүңгімен ашар» демей ме?!

Мадияр Елеуов бұл кім?
Мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап мен келешекте тарихшы боламын дейтін сыныптас, әрі дос, әрі туыс ­Мадияр Елеуұлы 1965 жылы №47 М.Ломоносов атындағы мектепті бітірген. Тарих сабағын құмарта оқитын. Сол кездегі тарих пәні мұғалімдері Мұхтар Рахметов, Әшім Аманжолов, Ахметжан Жұмаділдаев ағайлармен пікір-таластарға түсіп, өз ойын үнемі білдіріп отыратын. Әбір кезеңнің білім министірі бекіткен оқу жоспарларымен оқытатыны белгілі. Ұстаздарымыз Мадиярдың зеректігіне тәнті еді. Мадиярдың тарихшы болатынын білсе де, археолог-ғалым болатынын білмеген шығар! Мадияр бойына Отанға деген жауапкершілік сезімін еккен ұлағатты жандар бүгінде дүниеден озып кетті. Иманды болсын!
Адам өмірінің құпиялы сырлардан бас­тау алып, нәрленіп, тіршілік иелерінің саналы өміріне арқау болар сан белестерден, күрделі жолдардан, қуаныштардан марқаю кезеңдерінен тұратыны белгілі. Білім-мұхит, оның жолына түскендер ақылды, байсалды, зерек, сабырлы, пайымды, еңбекқор болуы­ керек. Иә, бір ғұмырдың кешегісі мен бүгінгісін ой елегінен өткізіп, тілге тиек еткенде алдымен оның өмір жолдарындағы игілікті істері, ізгілікті қадамдары ерекше қасиеттері сарапқа салынады. Сондай ерекше кезең – Мадияр Елеуовтің отбасы жайлы болмақ. Әкесі Елеу Бейсенбаев ­Мадияр дүниеге келгенде қырықты алқымдап қалған екен. Әкесімен анасының үйленуінің өзі, өз алдына бір әңгіме болды. Сонау аласапыран он тоғызыншы ғасырдың соңында екі көрші туыстай араласып, алыс-берісі мол ауызбірішіліктеріне ел қызығатындай тату жандар болған екен. Әттең, сенің қызың болғанда мен ұлыма әперіп құда болар едік деп жүрген күндері (Мадиярдың анасы Әлима) дүниеге келген. Ол кезде (Мадиярдың әкесі Елеу) жиырмаға келген жігіт болса керек. Соған қарамастан екі көрші бесік кертпе құда болысады. Содан Әлима апамыз он үш жасқа келгенде ата-анасы (кулак болып) мал-мүлкін алып, жер аударылатын болған соң, болашақ құдаларына хабар жібереді. Он тоғызыншы ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңі, яғни солақай саясат кесірі сол кездің өзінде Мадияр отбасын айналып өтпеген еді...
Содан бұл жақтағылар ел ағаларын шақырып, кешқұрым жиын жасап, он үш жасар қызды топтың ортасына әкеліп, «Тымақпен ұру» әдісін қолданатындығын айтады. Әлима анамыз өте пысықтығы сонша үлкендердің тымақпен ұрғанына құламайды. Мадияр өзі үш ағайынды еді, кенже ұл ­Мадияр (көпшіліктің айтуы – кемпір-шалдың баласы атанған) Әкесі Елеу Мадияр дүниеге келгенде қырықты алқымдап қалса, анасы Әлима Сәтбайқызы небәрі жиырмадан енді асса керек-ті.
«Уақыт тауып ағайынның табатын да көңілін, Қажымастан арқалаған тума-туыс сенімін» дегендей, Мадияр мектептің қабырғасында алған білімімен жоғарғы оқу орнына түсу оңайға түсе қойған жоқ. Отбасындағы қарт ата-анасына қарау, ағайындарына жәрдемдесу, Отан алдындағы борышын атқару, өмірдің осы бір кезеңдерінен өтуге тура келді.
«Адам табиғаттың төресі, әміршісі, падишасы болу үшін жаралған. Бірақ, үстемдік құратын даналық оған туа бітпеген: ол ондай даналыққа білім арқылы жетеді» десек, Мадияр бойындағы байыптылық, сабырлылық арқылы өзінің өмірінің жаңа қырына қол жеткізе білді. Соның бір дәлелі 1975 жылы (бұрынғы С.М.Киров) қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенті атану мүмкіндігі туды. Университет қабырғасында қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, студенттер арасында кәсіподақ ұйымынан бастап, өзінің өмірлік тәжірибесін жетілдіріп, еңбек пен оқуды қатар ұштастыра білді. Мұсылманға сүндет етілгендей отбасын құрып, шаңырақ көтерді. Бес баланың әкесі атанды.
Тарихтың археология саласымен өзінің еңбек жолын бастап та кетті. 1975 жылы Шу мен Талас өңірлерін аралап, Оңтүстік Қазақстанның ежелгі және орта ғасырлық мекендерімен, ондағы қалаларының пайда болу, қалыптасуы мен даму тарихын, Қазақстанның жері арқылы өтетін Ұлы Жібек жолының бөлігімен Орта ғасырлық керуен жолдарын табысты зерттеді. Бұрын беймәлім болған көптеген сырларын ашты. Қазақстанның мәдени мұраларына жататын ескерткіштерді ашу, қорғау және сақтау ісіне сүбелі үлесін қосты. Тарихи жәдігерлердің жанашыры болды. 2002-2007 жылдары басшылық еткен «Тұран археологиялық» экспедициясы Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының Қаратау өңірлеріндегі барлау жұмыстарын жүргізіп, осы уақытқа дейін есепке алынған, алынбаған мыңға жуық ескерткіштерді анықтап ғылымға енгізді. Соның ішінде 277 ескерткіш Созақ ауданының тарихи-мәдени ескерткіштері қолжазбаларын баспаға даярлаған. Қазақстан арнаулы орта және оқу орындарының оқушыларына арналған «Археологиялық зерттеулердің әдістері» атты қазақ тіліндегі алғашқы оқу құралының авторы. «Талас өңірінің ортағасырлық қалалары», 1998 жылы, «Қаратаудың ортағасырлық керуен жолдары», 2007 ж, «Қарақұр ескерткіштері» атты 2008 жылғы монографиялық еңбектерінде Қазақстанның ортағасырлық кезеңдеріндегі өзекті мәселелері қарастырылған. «Ескерусіз қалған ескерткіштер» 2009 ж, 1991 жылы Мадияр Елеуов археология саласы бойынша кандидат, 1999 жылы ғылым докторы дессертацияларын қорғады. 1999–2001 жылдары аралығында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Aрхеология және жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, 2001–2002 жылдары Қ.А.Ясауи атындағы «Халықаралық қазақ-түрік» университеті Археология, этнология және мұражай ісі кафедрасының меңгерушісі, 2002-2008 жылдарда осы университеттің Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, 2008 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» директоры. 2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры.
Профессор Мадияр Елеуов өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан, 2010 жыл аралығында Шиелі ауданының көлемінде археологиялық зертеулер жүргізіп, жалпы саны 70-ке жуық осы уақытқа дейін белгісіз тарихи ескерткіштерді ашса, бүгінгі таңда Шиелі ауданының археологиялық ескерткіштері кітабын жазуда. 2006 жылы Білім және ғылым министірінің Құрмет грамотасымен, 2009 жылы орта және жоғарғы оқу орындарының «Үздік оқытушы» номинациясымен, 2010 жылы Президент Жарлығымен «Қазақстанның Құрметті азаматы» атағы берілген. Үлкен ұлы Мұхит Мадиярұлы Қазақ мемлекеттік университетінің халықаралық бөлімінің «Құқық» мамандығын үздік бітірген соң, АҚШ-та Индиана университетінде оқып, Магистр LLM және заң ғылымдарының докторы. Индиана университетінде Қазақстан экономика менеджмент және болжау институттарында сабақ береді. Сонда «Чадборн» ЭН и Парк Халықаралық заң фирмасында халықаралық серіктестік лауазымы бойынша қызмет атқарып келеді. Кіші ұлы ­Данияр Мадиярұлы кәсіпкер. Туған жеріңе туыңды тік деп бекер айтылмаса керек. Елге деген сүйіспеншілігің, жанашырлығың туған жеріңмен өскен еліңнің тау-тасымен топырағынан басталса керек. Қаншама жақсы жерлерде жүріп, керемет жерлерді көрсеңде, өз еліңді аңсамауың, сағынбауың, оны еске алмауың мүмкін емес. Кіндік қаны тамған жер. Ата-анаң, бабаларыңның жатқан жері, балалық бал дәуреннің, жастықтың жалынды шақтарының жарқын кездерін еске алдырып, ғапылдықпен, шалалықпен жіберген кемшіліктеріңді, өкініштеріңді таразылап, өмірден тәрбиелік тәжірибеден, қоғамдық ортадан алған жақсылықтарың мен жетістіктеріңді кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тәрбие ретінде рухани байлық сыйлау әрбір саналы адамның адамгершілік борышы. Археологиясының атасы саналатын Ақжан Машани, Әбубәкір Диваев, Әлкей Марғұлан, Карл Байпақов, Зейнолла Самашевтардан білім нәрін алған, ұлағат иелерінен үйренген тәлімін, өз тәжірибесімен ұштастыра білген қазақ археологиясының қара нары.
Адамгершілікті, кісілікті неғұрлым терең ұғынған сайын әр адам өзіне жақсы төреші бола алады десек, бес перзенттің ата-анасы, үлгілі шаңырақтың отағасы.
Халық даналығындағы «Жорға аттың қадірін тақым менен бел білер, азаматтың қадірін жақыны емес, ел білер» деген.
Шиелі аудандық «Өлкетану» музейінің арнайы бөлімі осы М.Елеуовке арналған. Бүгінгі күнге дейін Шиелі ауданы көлеміндегі анықталған 110-дай тарихи құнды ескерткіштердің 90-ға жуығына деректер дайындаған. Бірақ, бірде-біреуі мемлекет тарапынан сақтандырылмаған, қорғалмаған. Бір ғана Сауысқандық тауының-шыңында, 10.000 (он мыңға) жуық петроглиф (тастағы таңбалар) есебі алынған. Мадияр Елеуов сол жартастарды өзінің ізбасарларымен аралап, фотосуреттерге түсіріп, ені мен ұзындығы 5000 (бес мың) жалпы көлемі 500 га (бес жүз гектар) аймақты есепке алған. Ауа райының қолайсыздығына яғни күннің ыстық-суығына, тау-тастың қауіптілігіне қарамастан, апталап, айлап келіп қия жартастардан санап есепке алып, дүниежүзілік табиғатты қорғау ұйымына қорғауға енгізді. Бұл аймақ дүниежүзілік табиғатты қорғау ұйымының есебіне алынып сақтандырылды деп белгі орнатқан. Сол жердегі орналасқан бағалы металлдар өндіру мекемесіне тиісті сақтық шаралары тапсырылған. Мадиярдың тағы бір айтарлықтай маңызды еңбегі 1456 жылдан бастау алатын Керей мен Жәнібек құрған қазақ хандығын зерттеп, зерделеп, Ақорда қазақ-өзбек Сығанақ қаласынан Әбілқайыр ханнан бөлініп Дарбаза шатқалы, Қаратау қатпарларын паналай тау асуларынан асып, Бұқа тышқан, Атам шақ, Баласауысқандық Үлкенсауысқандық, Ақмылтық, Арқар-Шу бойына, Талас өңіріне билік жүргізген Жетісу, Қырғызстан ханы Есенбұғадан келісім арқылы Хантауы, Қозыбас жеріне хандық орнатуы жайлы еңбектері айтарлықтай.
Ғалым індеттің өршуіне байланысты уақытша зерттеу тоқтатқан екен. Мүмкіндігіне қарай амандық-сақтық шараларын ұстана отырып, зерттеу жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр.
Тарих – құпияға толы ғылым. Ол құпияның кілті тынымсыз еңбекте жатыр. Ғылым арқылы осы құпияның кілті ашылса, оның ұлттың болашағына бағыт түзуіне берері мол болмақ.

Нұрлан Махмұтов,
Ы.Жақаев ауылының ардагері

19 қазан 2021 ж. 348 0