Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұрпақ өсіру – ұлы міндет

Ұрпақ өсіру – ұлы міндет

Еліміздегі демографиялық саясаттың мемлекеттік стратегиялық маңызы бар. Мың өліп, мың тірілген ұлтымыз үшін ұлан байтақ жеріміздің бай табиғи ресурсының шын иесі болуға тиіс адами ресурстың да ­пропорцияналды өсімі тәуелсіз еліміміздің іргесін қымтап, тұғырын нығайтатын негізгі фактор.

Көзбояусыз көрініс
Жуырда аудан әкімінің шақыруымен, ­көп­балалы аналарды марапаттау шарасына қатысып, алтын алқалы бүгінгінің батыр аналарын құттықтап, ықыласты лебізімді білдірудің сәті түсіп еді. Өзіміз білетін сәл ертеректе, он балалы аналардың ғана кеудесінен бармақ ­басындай сылдырмақ көретін едік. Осы ерекшелік белгісі үшін ешкім де оларды «батыр» атап әспеттеп әлпештегенін ести де қоймаппыз. Олардың жол жүру, кезекке тұруға байланыс­ты қағаз жүзіндегі бірді-екілі жеңілдіктерді де құнттап пайдалана қоюы екі талай. Дубай ұшпайды, театр бармайды екі бастан. Көк теңізі – көлдің жағасы. Театры – атам заманғы клуб үйі. Көпшілігі әрі кеткенде аудан орталығына 3 мезгіл қатынайтын сары ­автобуспен иін тіресе аяқ артқан жұрт қатарлы ту-уу Шиелінің қан базарын аралап көр жер қажетін қамдап қайтатын. «Балағынан бала тамған» дейтін сол шешелеріміз бен жеңгелеріміз көрер көзге егделеу, етек-жеңі мол сары қарын бәйбіше көрінер еді. Тегінде, осы «батыр ана» ұғымы да кешегі кеңес дәуіріндегі бас хатшының кезекті партия съезі мінберінен еңбекшілік еңбек ері Ұлбала Алтайбаеваға қарата айтқан «екі мәрте батыр» деген бір ауыз сөзінен кейін шықса керек. ­Содан бері де жарты ғасыр. Заман да, адам да өзгерген осы күні жеті бала тапқанды марапаттап, мерейін өсіріп «батыр ана» атап жүрміз. Мәдени шара ұйымдастырылған қошеметпен сый-құрмет көрсетіледі. Мемлекет тарапынан бөлінетін азды-көпті арнайы жәрдемақы тағайындалатын қамқорлық қолдаудан да кенде емес. Ауыл-ауылдарға дейін бала-бақшамен қамтылған. Газ келіп тұр. Қажеттінің бәрі, дәретханаға дейін ұядай үйдің ішінде. Бұрынғыларша құдықтан қауға шелекпен даңғырлатып су тартпайды. Түтінін бықсытып пеш жағып, су ысытпайды. Түбек төкпейді. Кір сабынды көпіртіп жаялық жуып, үрен-сүрен сүрнігіп жүрген келін көрмегелі де көп болыпты. Қызғанышы жоқ қызығушылықпен «Япыр-ау, көп ілгерілеп кеткен екенбіз-ау, мыналардың үлбіреп отыратынындай-ақ бар екен ғой?!.» деймін іштей күбірлеп. Әп-сәтте сананы шарпыған осы ой-қамаудан, аудан басшысының әсерлі шыққан дәстүрлі құттықтау сөзі құтқарды. Ара–арасындағы өнерпаз іні-қарындастарымыздың әуезді әндеріне елітіп отырып айнала көз тастаймын. Әдеттегі шоқпардай галстук байланып, сақадай сайланып сап түзегендерді иіріп, қат-қабат шаруаның түйткілді түйінін тарқатар – әкімдіктің мәжіліс залының, аяқ астынан түрленіп сала берген өзгешелігін мана кірген бойда-ақ байқағанбыз. Танауға таңсық иіс су, опа-далаптың аңқыған иісі қолқаны қауып, қызылды-жасылды киініп қаз-қатар отырғандар көздің жауын алады. Әйел көркі шүберек деп тегін айтқан ба, қазақы қынама қамзол да, қолаң шаш та, қиғаш қас та бәрі осында ма дерсің?.. Ең бастысы – бәрі де жарасып, үйлесіп тұрған биік талғам-танымның көрінісі екенін анық мойындайсың. Бүгінгі көзайым қуанышта өзіміз куә болған ­­көз бояуы жоқ көріністер, киім-киіс, жүріс-тұрыс, кескін-келбет, сән-салтанат сөз жоқ осыны көрсетіп тұрды. Жеке-жеке шығып, құшақ-құшақ гүл ұстаған бірі келін, бірі қарындас, бірі қызымыз. Өткен қиын-қыстау замандарда да ұлтымыздың генофонын сақтап, ұрпақ өсірген алтын құрсақты әз аналар жолын жалғастырып жүрген бүгінгі жас аналарға қарап тіл-көзден сақтасынды айтып «тфә-тфә» дескенбіз.

Ойтолғақ
Өрекеңнің өлеңмен оқыған құттықауын қолпаштап қол соғып отырып әсерленіп кеткен болуым керек, жанымда отырған ардагер ағамызға қарап: «мен де 10 құрсақ көтерген шешемнің 11-ші перзентімін...» деймін. Егіздің сыңарымын дегенді тұспалдай сыбырлап. Өзім күткен «а -аа солай ма еді?..» деген таңырқау жоқ. Әлдене ойына түскендей есттімегенсіп үнсіз төмен қараған бойы. Сөзімнің селт етерлік серпіні болмады-ау деп, шынтақпен түртемін ғой, сұраулы жүзбен. Түсіне қойды. Сәл миығын тартып: «Ал мен – екі рет егіз босанып 18 құрсақ көтерген шешемнің ұлдан екіншісімін! Сен айтып отырған «он» деген сан, сапа жағынан болмаса мені таңқалдырмайды, братишка!» дегенде шалқамнан түсе жаздадым. «Мәссаған безгелдек! Осындай да болады екен-ау?» деген дауысым шығып кетті ма, «Бірдеңе дедің ба?» дегендей иек қаққан оған «түйе сойғанда көретін қуырдақтың көкесі болды да шықты, мұныңыз» деймін сыбырлап. Шынында да селк еткізер сенсация ғой! Әуелі, сөзден жығылмаудың амалы, әзілі шығар деп те ойлағам. Жоқ, олай емес сияқты. Өзім көптен бері білетін Құлекең жел сөзге жоқ, сөзінің салмағы бар бір тоға кісі. Арнайы жолығып сөйлесетін екен деп түйдім. Он балалы отбасыларын көріп жүрміз. Он үш бала тапқан дегеннен хабарым бар. Ал он бес құрсақ көтерді дегенді өмірі естімеген өз басым, өмірге он сегіз перзент (егіз қыздар жастай шетінеген) әкеліп жетілдірді дегенге қалайша тамсанып, қалайша таңырқамасқа!? Төрт түлікті көбейтіп, егіс алқабын кеңейткендер жөнінен жазып жүрміз. Егізден қозы, сегізден торай өсіргені жайлы да жарыса жазып ұрандатқан замандар да өткен. Оның қасында құрсағы құтты ана жайлы кеш те болса неге бірер ауыз сөз жазбасқа? Гиннестің кітабына кірмесе де, тарихқа таңбаланған аты жаңғырсын деген ниетпен ізденіп сұрастыра бастадым. Олжасыз да емеспін. Көкейге қонымды өсиеті, көнеден тін жалғаған толымды қасиеті болған орны бар кісі екен жарықтық. Үрбибі анамыз отарлап қой да бағыпты, қара жұмыстың қазанында қайнап жүріп екі рет егіздетіп бала да тауыпты. Нағыз батыр ана осы кісі болса керек-ті. Өкінішке қарай, көпбалалы ананың жанкешті еңбегі мен үпір-шүпір перзенттері жайлы аузыекі әңгіме болмаса, хатқа түскен бір дерек табылмады. Осындайда ойға түседі, көп жыл ауданның ардагерлер кеңесін басқарған Сұлтекеңнің (Оразымбетов) бір мәжілістегі әрі тартып, бері тартқан сөз түйінін: «Лимит біреу. Адам екеу. Екеуі де құрметке лайық. Бірақ осы «Құрметті азамат» атағын алдымен көп жыл адам баққанға береміз ба, әлде көп жыл мал баққанға береміз бе?...» деп астарлап айтқан бір ауыз сөзбен тарқатқаны бар еді. Сондайын-ақ, есте бар ертеректе «адам өсіргендерден» (естір құлаққа ерсілеу) де бұрын, егін мен мал өсірушілерге көбірек көңіл бөлінген сыңайлы... Ештен кеш жақсы. Бүгінгі саясат тұрғысынан тарқатсақ та демографиялық өсімнің ел мүддесі болатыны күмәнсіз. Құнттаған құндылықтарымызға қауіп қазіргі жаһандану үдерісінде, әрбір қазақ – жалғызым, дүниеге келген әрбір перзент ұлтымыздың баға жетпес байлығы! Қашанда аздың, көптен қысым көретінін кәрі тарих әлдеқашан дәлелдеген. Олай болса, тұрмыс тауқыметін арқалай жүріп ұлағатты ұрпақ өрбіткен Үрбибі анамыздың өмірі де, өнегесі де өзім үшін өмір сүруім керек дейтін өзімшіл жастарға ой салар бәлкім?..

Тағылымды тағдыр
Үрбибі Жарылқасынқызы дарияны жағалай өскен қалың тоғайлы қазіргі Айдарлы төңірегінде ай балтасы белінен түспейтін ұста, үй құрастыру кәсібімен атырапқа аты шыққан, орта дәулетті, шағын әулетті отбасынан шығыпты. Жазға салым әкесі Жарылқасын інілері мен икемі бар ересектерді бастап аралайды екен. Осы жарайды-ау деген ағаш діңіне шотпен керти шауып белгі салады әуелі. Асықпай жүріп іріктеп сырғауыл, сырық дайындайды. Онысын інілер есек арбаға тиеп ауылға тасиды. Жеңді білектей жуандарын бірер күнде қырнап жонып, жобалап нобайын келтіруді өзі атқарады. Одан соңғы жұмысқа қолы ұсынықты туған жиені Әбу ұста бас-көз болады. Ылғалды тезекпен шылап, булап, тезге салып иіп, қараша үй құрастырудың қамына кірісерде қан шығарып бата жасау ұста әулетінің жыл сайынғы жаңылмас дағдысы болатынға ұқсайды. Ертесіне-ақ ертелеткен қызу жұмыс басталып кетеді. Бірі түйенің мойнағынан таспа тіліп, екіншісі шаңырақ құрап, келіндер кереге жайған тынымсыз тірлікпен күн батырады екен. Мұндай қарбаластан әлетке жарар ешкім тыс қалмайды. Қыз-қырқын шешелерімен бірге жіп есіп, өрмек құрып киіз үй әбзелдері мен алаша тоқуға отырса, ең арғысы қолы бос кішілеріне дейін тоғай аралап қоянның жымы, қырғауылдың ізіне тұзақ салып, шүңеттерден балық аулайтын мамырайқан заман еміс-еміс есте қалыпты.
Алаңсыз өмір алдамшы тағдыр. Зобалаң жылдары әкесі қайтыс болғаннан кейінгі кезеңнен күткен кер заман үріп ішкен Үрбибі қыз өмірінің ең бір ауыр кезеңі болыпты. Туған нағашылары Жарылқасын ұстадан қалған жалғыз ұл мен қызды асырай алмады, әлде басқалай себептері болды, қазаны қазынадан дейтін өкіметтің балалар үйіне (детдом) өткізіпті. Мұны естіген шешесінің сіңлісі ебіл-дебілі шығып іздеп барғанында кішкентай Үрбибі тетелес ағасынан көз жазып қалғанын айтып еңіреп қоя беріпті. Терезенің жақтауына жабысып шырқыраған қолынан жұлып алған әлдекімнің жетегінде артына қарай-қарай сүрініп жығылып кете барған жан дегенде жалғыз бауыр! Өзекті өртеген өкінішпен өксіп жүріп бой жетеді. Ағаштан түйін түйген ұста әулетінен шыққан Үрбибі жасынан ісмер, бесаспап бейнеткеш болып өсті. Көргендері мен үйренген үлгісі, тұрмыстанған кейінгі өмірінде кәдеге асқан көп қиындықтарды еңсеруге септігін тигізгенін жыр қылып айтып отырады екен беріде.
Қыздай қосылған қосағы ауырып қайтыс болғаннан кейін екі қыз бір ұлмен қалған жас жесірге көз салушылыр көп болғанға ұқсайды. Үш қозымды ешкімге телміртпеймін деп біраз уақыт салт жүріпті. Төркіннен өзімен бірге келген тігін машинасымен іс тігеді, таң алакеуімнен тұрып масақ тереді, әйтеуір жас балаларды тарықтырмаудың қам-қарекеті, еңкейіп еңбек ету ежелден қанға сіңген қасиет. Жастық жігер, бойға біткен бұла күш бар. Оншақты үй болатын ауылдан (18 бекет) төрт-бес шақырым Бәйгеқұмға бір қап күрішті бұйым көрмей арқалап жаяулатып келіп, сатып, шәй пұлын ажыратып қажетін алып, қайтар жолда отынын арқалай барғанда жұрт ертеңгілік шәйін енді қамдап жатады екен. Бір жолы темір жол жағалап вокзалға жақындағанда ұлты бөтен мұрындары қоңқайған екі-үш еркек қылжақтап қыр соңынан қалмапты. Оңай олжа көрсе керек. Шиеттей баланың нәпақасын оп-оңай ұстата салсын ба, жан дәрмен алыса кеткенде үшеуі үш жерде шашылған күйі жол жағасында жер қауып қалыпты. Күйеуі марқұм: «Біздің қатын уызына жарыған, қолы қатты, жанасқысы келіп жыртыңдаған қайныларын иығынан бүріп сығып жібергенде қайқаңдап қаша жөнеледі» деп мақтанып отырады екен. Бас иесі жоқ деп басынғысы келген немелерге қорланып, сол күні иіні түсіп жабырқаған аяңмен ілби басып көңілсіз оралыпты. Мұны естіп, көріп отырған жанашыр ағайынның ұйғаруымен темір жолда жұмыс істейтін туған қайнысы Тұрғанбекке әмеңгерлік жолмен қосылады.
Көп ұзамай Бәйгеқұмға қоныстанып кооперативке сатушылық жұмысқа орналасады. Тұз-дәмі бұйырған он жылда егізі бар, жалқысы бар, бәрі өзімдікі дейтін құдайдың берген перзенттері бірінен соң бірі дүниеге келеді. Үлкені болатын қыздары қылтиып бой жетіп, балпанақтай ұлдары ержетіп келеді. Бұрынғыдай өзі тігіп иінін жабатын кішілері болмаса, үлкендерінің талғамы да тамағы да өскен. Балалары мектептің алды. Мақтау-марапаты, мөр басылған қатырма қағаздары үйдің бір қабырғасын түгел алып тұрғаны анау. Түрлі жарыстарға қатысып бәйге алатын, әкелеріне ұқсаған өнерпаз, өлең-жыр, кітап құмар озат оқушылардың анасы деген жақсы аты шығып, мерейі өскен әжептеуір беделі бар. Анау айтқан жоқшылық, таршылық көрмегенмен, айлықтан айлыққа дейінгі көппен бірге көрген тақұл-тұқыл тіршілік. Үйелмелі-сүйелмелі балалардың басы бар. Күні ертең үлкен қала асып оқимын-тоқимын дейтіні анық. Алла амандығын берсе, қыздардың ұзап, ұлдардың ұя салар уақыты да алыс емес. Қуықтай қазынаның үйінде үймелеп қашанғы отырамыз? Бойда қуат барда мал құрастырып, қордаланып қор жиып, тұрмыс түзеуге қам жасамасақ болмас... Кешкілік осы ойын отағасына жіңішкелеп жеткізеді ғой. Шошып кетіпті:
-– Не істе дейсің маған? Ұрлық қылайынба?
– Жоқ, ұрлық қылма, ата кәсібімізді істеп мал бағайық. Бір қора баланы еті – азық, сүті – қорек болатын бір қора қой асырайды. Қорқа жесең – қой қалады, тарта жесең – тай қалады деген, артық-ауысы солардың қажетіне жарар, – дейді ғой.
– Өмірімде тышқан мұрнын қанатып көрмеген мен бейбақ, бір отар қойды қалай бағамын? Ақсағы тоқсағы, ауруы мен сырқауының басын кесіп өткізеді дейтіннен қорқам ғой, – деп шыж-быж болатын көрінеді.
– Уайым қылма, Жолбарыс деген аты бар мен бармын ғой, қашанғы қисса жаттап жата бересің? Қалқиып алдымда жүрсең – қалғанына тәуекел, жұрт қатарлы тіршілік істеп алға ұмтылайыққа зордан көндіріпті отағасын.
Жолбарыс демекші, теміржол жағасындағы оқиғадан соң, жұртқа азан шақырып қойған атымен емес, осы лақап есімімен танылған ол кісінің бұған да әбден еті үйренгелі қашан? Намысқа тырысып, қорқасоқтай ұстаған қойшы таяғын шалы өмірден озғанша табаны күректей 10 жыл сүйретіпті. Мал – баққанға бітеді деген рас. Азабы мен тозағы болмаса, «Үш күн қой баққаннан ақыл сұрама» деп неге айтқан? Қиындықтар да болмады емес. Әсіресе, көші-қон мен қой төлдету – өз алдына бір сүргін! Түн аралап қозы телу, етегіне орап қозы теруден сүлдесін сүйретіп сүрнігіп жығылатын кездер болмады дейсіз бе? Дауылды түні де, жауынды күні де дамыл таппай, отағасына сүйеу болып, жаз-жайлау, қыс-қыстауда қой соңында жүрген бейнет зая кетпепті. Бас аман. Бауыр бүтін. Үлкендері жан-жақта оқуда. Кішілері мектепте. Басы құралып береке дарыған меншікті төрт түлігі қорасында. Ауыл ортасынан зәңкитіп үй тұрғызып, тайпалған жеңіл көлік мінгізген еткен еңбектің қайтарымына қанағат. Әкесі өлген соң, егіздің сыңары өз еркімен қойшы таяғын ұстады. Өзі үйдегі бала-шағаға бас-көз. Зейнетке шыққанша егіс бригадасына шығып бақша, қауын-қарбыз егеді. Мұрын қанайтын жұмыс емес. Кетпен шауып, орақ ору таңсық па екен? Шау тартқан жасына қарамай, еңгезердей еркектер елу бау шөп орса, бұл жүзді тастайды. Бау болғанда қандай, құшақ толады. Ойда жоқ бір күні, ұлы сәскеде жайдақ телешкеге шөп артып жатқан апақ-сапақта дүр етіп тоқтай қалған жеңіл көліктен үш-төрт адам сау етіп түсе қалсын. Қайсысы басшы, қайсысы қосшы танымады, тек әйтеуір көзәйнек киген тығыншықтай біреуі бригад қайнысына шатынай қарап: «Тамам еркек тоқырлап жүріп, дап-дардай әйел адамға айыр ұстатып шөп бастыратындай не бастарыңа күн туып жүр?!.» дейді жекіріп. Қайнысы сасатын емес, өзін көрсетіп ыржалақтап, өткенде бір орын алған оқиғаның көңірсітіп шетін шығарған түлен түртіп: «Хатшы жолдас, ол анау-мынау әйел емес, осындағы бар еркек күресіп жыға алмаған Жолбарыс дейтін жеңгеміз ғой...» дейді әзілге бұрып ақталғысы келгендей. Түксиген бастықтың түрі жылыр емес. Елпектеген немеге жаны ашыды ма, онсызда «ер азаматтың сағын сындырғаным бекер болды» деп өкініп жүрген өз басы қарадай ұялғаны бар.
– Қайсың хатшы, қайсың атшы ажырата алмасам айыпқа бұйырмаңыз жақсы жігіт! Еркегін қатынға жеңдірген елдің қадірі болмас, еркекті жығып қатын ұшпаққа шықпай-ақ қойсын! Қайнымның әзілі ғой әншейін айта салған, – дегені бар-ды. Мың болғыр, түсінігі бар түсі келген жігіт екен, «Сөзіңізге де, өзіңізге де ризамын!» дегені расқа шығып, шарапаты тиді сірә, апта өтпей сыйлыққа деп тігін мәшинесін әкеліп табыстапты әлгі қайнысы. Мейлі ғой, сұрап алған жоқ, қыздың жасауына жарар қат дүниенің бірі, ризашылығын білдіріп қабыл алған. Ал ол болса: «Сен орған мың бау шөпті суындап сыртқа шығарғанымызда ыңыранған үш көлік шөп болды!» шын қуаныпты көбейгір...

Әулет АНАСЫ
Биыл туғанына тура 100 жыл толатын Үрбибі анамыздың келтелеу қайрылған өмір жолы өзінен кейінгі өсіп өнген ұрпақтары сәнімен де, «адам ұрпағымен мың жасайды» дейтін тұшымды сабақтастығымен де мазмұнды. Көпбалалы шаңырақтың шоғын үрлеп, отын маздатқан жылуын сақтай жүріп, «тәйт» деген тыйым сөздің өзінен қазақы тәлімнің иісі аңқып тұратын тәрбиемен қанаттандырған ұл-қыздан өрбігендердің өзі бүгіндері бір қауым елге айналыпты. Ден қойып мән берерлік тұсы да осы. Тағдыр талайымен зар заманда туып, тар заманда өмір сүріп, жанкешті еңбек ете жүріп өсірген ұл-қыздан 53 немере, 150-ден аса шөбере түрлі салада еңбек етіп, елдің дамуына айтарлықтай үлестерін қосып жүрген тәуелсіз елдің төл перзенттері. Олардың ішінде жаңа заманның жасампаз ұл-қыздары ірі кәсіпкер де, ата кәсібіне адал шаруасын дөңгелентіп отырғандар да, білікті дәрігер, білімді ұстаздар да бар. Бір ғана Балаби ауылындағы ұсынықты қол, ұсталық кәсіптерімен аты шыққан ­ ­Полатовтар әулетін халқымыздың демографиялық өсіміне өлшеусіз үлес қосқан қарапайым еңбек адамының қайырлы болған ғұмырының жалғасы десек жарасады.

Исабек Сәрсенбайұлы,
мәдениет саласының ардагері
04 маусым 2026 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№41 (9408).

02 маусым 2026 ж.

№40 (9407).

30 мамыр 2026 ж.

№39 (9406)

26 мамыр 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930