АЛАШТАН ӘНІ ОЗҒАН ӘБІЛАШ
Осы тақырыпта мен «Өскен өңір» газетінің 2 желтоқсан 2000 жылғы санына мәдениетті қолдау жылына орай майталман, атағы жер жарған, бірақ ешқандай атақ берілмеген, күміс көмей әнші Әбілаш Әбуов ағамыз туралы мақала жазған болатынмын.Ардақты Әбекең 1997 жылы 61 жасында дүниеден озды. Оны білетін азматтар да азайған. Нартайдың ән әлемін кейінгі ұрпаққа сый еткен Ә.Әбуов үстіміздегі жылы 90 жасқа толады екен. Осыған байланысты «Өнер саласында бірге жүрдіңіздер, мүмкіншілік болса еске алу жазасыз ба?» деп Әбекеңнің екеуі де Қызылорда жоғары оқу орындарында ұстаздық қызмет атқарған сүйікті қызы Рахия Әбуова мен жұбайы Болат Боранбаев жуырда хабарласқан еді. Ойланып қалдым. Ойлана келе осыдан 26 жыл бұрын жазған мақаламды бүгінгі талғамы зор оқырманға қайта ұсынғанды жөн көрдім. Өйткені мен қайталанбас өнер адамы мен ұлы әнші Нартайдың өзін көрген, дауылпаз ақынның көзін көрген, ерекше талант иесі Әбілаш ағамызбен бетпе-бет жүздескен, құшақтасып суретке түскен өнердегі інілерінің бірі болған едім. Ол кісі жайлы мен былай деп жазыппын:
– Ауданымызда таланты көзі тірісінде бағаланған өнерпаз Әбілаш Әбуов ағамыз, ол тұла бойындағы өнерін өз еліне, өз жеріне арнап, Сарыарқаның саңлақ сал-серілерін, Сыр бойының сарқылмас жанрын жырлап, насихаттап кетті. Нартай әнінің туын көтерді.
Ертеректе ол кісі туралы жазбақ болып, бірнеше рет әңгімелескен едім. Әсіресе, 1984 жылы аудандық «Жас дәурен» ән-би ансамблімен Алматыға бірге барып теледидарға түскеннен кейін, мені ойландырған мына жағдай еді. Оркестр құрамын таспаға жазып болған музыкалық редактор жас жігіт, енді жеке орындаушыларды жазуға кірісетінін хабарлады. Түсіру алаңына маңмаң басып Әбекең келді. «Не орындайсыз, аға?» деді редактор елпелектеп. Салмақты қалпынан аумастан Әбекең не айтатынын да үндемей, бірден Нартайдың әнін әуелетіп жібергенде студияда тыныштық орнап, бір-ақ нәрсе – Әбекеңнің кең тынысты дауысы Нарекеңнің құдіретті әнінің анау-мынау әнші келтіре алмайтын иірімдерін көркемдеп, соңғы қайырымын Нарекеңнің өзіндей бунақ-бунақ етіп, солқылдатып жіберді. Ауылда естіп жүргенде мән бермейді екенбіз. Ән сол жердегі қызметкерлермен қоса, біздің де жанымызды баурап, студия төрінде қалықтап кетіп еді. Ән бітісімен редактор жігіт келе сала Әбекеңді құшақтап, бетінен сүйіп: «Ағажан-ау, қайда жүрсіз? Жас кезіңізде қайда болдыңыз? Обалыңыз кімге? Осы күйтабаққа бірінші рет жазылдыңыз ба? Қартайғанда неге келесіз? Әттеген-ай, әттегене, дауысқа қиянат жасапсыз, ертерек жазу керек еді» деп өкініш сезімдерін айқайлап сөйлеп, бір жағынан әзілдеген болып, бір жағынан шынын шығара біздің мәдениет басшылары естісін деді ме, Әбекеңді қолтықтаған күйі оңашалай берді. Сол кезде-ақ дарынды қолына кеш түсірген, бұлбұлды қартайған шағында бағына қондырған әпендінің өкінішіндей көрініп, ойымды дөп басқан редактор замандасыма ризашылық білдірген едім.
Сахна төріне Алпамыс батырдай алып адам шығып, ескілеу қисаңдаған орындыққа еппен жайғасты. Шынында орындықтың ернеуінде ғана отырғандай, арқасы бар кісідей екі иығын қозғап-қозғап алып, бүркітше қамданды. Халық әні «Ақайша» мен Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әні қойшы жігіттің орындауында шарықтап, аядай клуб ішіне сыймай кетті. Балалық көзбен байқағаным, едені жоқ сахнадағы орындықтың төрт аяғы ән құдіретімен, орындаушы, әнші кереметімен, ол қозғалған сайын жерге кіріп бара жатты. Ал Әбекеңнің сол кеште салған әні осындай көрінісімен менің жүрегімде ұялап қалғандай. Дауыстың әсемдігіне қоса, күші басым еді. Екпінінде бір сиқыр бардай тыңдаушысын арбап алатын, төбеден басталған шымыр табаныңнан шығатын. Бұл тыңдаушысын өзіне табындырған әншінің құдіреті, әннің құдіреті болса керек.
Әбекең бұрын Нысанбаев болып сахнаға шығатын. Сөйтсек ол үлкен атасы екен. Ол кісі өз аузынан былай деп әңгіме шертті:
– Мен, Әбілаш Әбуов 5 наурыз 1936 жылы Сырдария ауданының «Аманкелді» совхозының «Айдарлы» бөлімшесінің «Ербайдың ақтамы» деген жерде дүниеге келгенмін. Үлкен шал Нысанбай домбырашы еді, бірсыдырғы әдемі тартатын. Әжем Жұмакүл өлеңді жақсы айтатын. Қазіргі әкем домбыра, сырнайды жап-жақсы тартады. Шабандоз, өте мерген адам. Ал нағашы әкеміз айтулы етікші Әмзе деген кісі болған. Ол кісі де домбыраны бір адамдай ойнаған. Екі баласы Қызылордада тұрады. Кәрімғали, Иманғалилар да мандолина мен домбыраны серік етіп, ән салған. Мен үшінші сыныптан ән салдым. «Қойшы мен оқушының айтысы» деген өлең болды. Соны қойшысы болып айттым. Қойшы қой баққанды мақтайды, оқушы қыз оқудың жақсылығын айтады. Ол қыз қазір Оңғар Қарамырзаев деген ағамыздың әйелі, Рәзия деген жеңгеміз еді. Бұл соғыс жылдары. Сосын осы Досмахан Сұлтанов ағайдың сүйемелдеуімен мандолинаға қосылып, «Жеті қыз» деген өлең мен халық әні «Ақайшаны» орындайтынмын. Досмахан ағай мандолинаны сыңғырлатып жібереді, оны ойнайтындар аз, жоқтың қасы. Ол кезде «Қызылдиханда» жеті жылдық мектеп болатын. Бесінші сыныпта әжем қарақұйрықтың терісінен илеп, тон тігіп берген. Сонымен сахнаға шығып, ән айтатынмын. Кейін Шиелідегі қазақ орта мектебінде («Ақорда» гимназия) Қазыхан Айымқұлов, Дүйсенбі Смайылов, Арзулла Молжігітов, Айдар Достияровтардан бірнеше ән үйрендім. Әзірбайжанның мықты әншісі Рашид Бейбутовтың салатын «Аршин мал алан» кинофильміндегі «Әскердің ариясы», сондай-ақ «Милый Баку», «Необыкновенная глаза» әндерін орыс тілінде орындап жүрдім. Ауылға Нартай бригадасы келді деп естісем, сол күні концерт болатын үйге жұрттан бұрын келіп, концерттен кейін жырлататын үйге де барып, таң атқанша ән еститінмін. Шіркін, Нәкеңдей өлең айтсам, арманым жоқ деп ойлайтынмын. Бірде «Қызылдиханда» оқып жүргенде Нәкең концертке келді. Нәкең гармонын алып, жастық пен қарттық туралы айтқанда шалдар қолдарына орамал алып, жылап, жоғы жеңімен көзін сүрткені әлі күнге көз алдымда. Сырнаймен бірдей шыққан әсем дауысы қандай жан болсын, өзіне қарай үйіріп жіберетін. Міне, осындай кереметтің куәсі болдым.
1952 жылы болуы керек, аудандық клубта мектеп оқушыларының байқауы өтіп жатқан. Нарекең астында ала биесі бар, зейнетке шыққан екен. Клубқа кіріп, біздің концертімізді көрді. Мен домбырамен ән салып жүргенмін. Дауысымды естіп, Домбыраны алды да: «Балам, дауысың жақсы екен. Болашағы бар, бірақ былай қосылып айт» деп өзі айтып көрсетті. Даусының шау тартқан шағы ғой, қолы ойнап, дауысы сырғып тұрды.
1957 жылы Қазақстанның тұңғыш өнер фестиваліне қатысып, лауреат атандым. Қазақтың бірегей әншісі Манарбек Ержанов «Бәрекелді, балам, тағы бір ән орындашы» деді. Мен ол кісінің өзі орындайтын «Ақсисаны» айтып бердім. «Көп жаса» деп қолымды алды. Жюри мүшесі болып ол кісінің қасында композитор Евгений Брусиловский де отыр екен. Осыдан кейін Украинаның Днепропетровск облысына қарасты Днепродзержинск қаласында бір топ қазақстандықтармен бірге жолдамамен барып, техникалық училищеде оқыдым. Болашақ Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, келешек Жоғары Сот төрағасы Мақсұт Нәрікбаевтар бізбен бірге осы училищеде оқыды. Мен Днепропетровск облысының «Ансамбль песни и пляски» деген концертіне ауылдан алып барған домбыраммен Жамбыл Жабаевтың «Тыңда, дала, Жамбылды!» украин тілінде орындап, Құрмет грамотасымен марапатталдым. Мені теледидарға алып барып түсірді. Сонда естігенім 1959 жылы осы облыста алпыс мыңдай теледидар бар екен.
1964 жылы Ташкент қаласында теледидарға түсіп, сондағы қазақ бағдарламасында концерт бердік. Ол достық сапарға бізді Дүйсенбі Смайылов ағамыз бастап барды. 1966 жылы Қазақстан комсомолының ІІ съезіне делегат болып қатыстым, әрі салтанатты концертінде ән шырқадым. Осы жылы Қызылорда мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, мектепке мұғалім болып орналастым. 1967 жылы мектебіміз сегіз жылдық болды. 1967 жылы маусым айында Қызылорда облыстық «Сыр сұлуы» ансамблі ұйымдасып, соған мүше болдым. Алматыда, сосын Октябрь революциясының 50 жылдығына орай Мәскеуде Қазақстан өнерінің апталығы өтті. Мен Мәскеу сахнасында Нартайдың «Октябрь – ұлы мейрам, ұлы күнім» әнін орындадым. Халық жылы қарсы алған болуы керек, мені сахнаға екінші рет қайта шақырды. 1976 жылы Қызылорда қаласында өткен әншілердің республикалық байқауында бірінші дәрежелі дипломмен марапатталдым. 1989 жылы Қызылорда облысы әдебиеті мен мәдениетінің Қарақалпақстандағы апталығына қатысып, ақын Әбіраш Жәмішевтің «Қарақалпақ бауырларына» деген өлеңін Нартайдың толқынымен орындадым. Қарақалпақстанның орталық газеті суретімді басып, астына «Өте жоғары өнер көрсеткен өнерпаз Әбілаш Әбуов!» деп жазыпты.
1984 жылы «Нартай әуендері» атты грампластинкам шықты. Ақындар айтысына да қатысып, Орал мен Қызылорда ақындарының айтысында жүлде алдым. 1987 жылы Павлодардағы ақындар айтысының мәресіне шығып, облыстық атқару комитетінің Құрмет грамотасына ие болдым. Мен көбені кең тынысты Арқаның арқалы ақын-әншілерінің, сазгерлерінің әндерін ұнатамын. Біржан сал, Ақан сері, Шашубай, Мәди, Ғазиз, Балуан шолақ, Жаяу Мұса, үкілі Ыбырай тағы басқа. Иә, өзің де білесің ғой. Көп қой олар. Қазақстан халық әндерін босамаса айтамын, қанша екенін санамадым, бірақ білемін. Қазіргі өте ұнатып шырқайтыным Нартай әндері болып жүр. Өркенжан, әңгімені созып жіберген жоқпыз ба?, – деп Әбекең ауыр да терең күрсінді.
– Жоқ, Әбеке, айта беріңіз, – дедім. Ол кісінің шаршаған, өзін зорлап жымиғысы келген абыржулы жүзіне қарап.
Мінекей, сонан бері де бірнеше жыл зымырап өте шығыпты. Әбекеңнің айтқан әңгімесін өзгертпей, сөз қоспай сол күйінде қағазға түсірдім.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Шиеліге келеді деп, Жақаев ауылының стадионына мен төрағалық етіп жүрген Бала би ауылы қараша үй тігіп жатқанбыз. Ойда жоқта Әбекең де келе қалды. Қалтасына қолын салып бір парақ қағазды алды да «Өркенжан, мынаны тыңда» деп «Нұрсұлтанға» деген өлеңін оқыды. Мазмұны Тұңғыш Президентпен бірге оқығанын есіне салған, сосын өзін «Еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағына ұсынғанын, ол хабар сол кісіге жетті ме дей келіп, ол кісіні мақтаныш тұтатынын, алдағы еңбегіне ел болып қуанатынын, өз басы табыс тілейтінін жеткізген. «Нұрекең келсе, осы өлеңімді оқымақшымын дұрыс па?» деп жүре сөйледі.
– Құдай қаласа, оқығаныңыз дұрыс қой, Әбеке, – деп мен асығыс шаруаға ойыстым. Бірақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті бұл жолы келмей қалды. Іс-сапар кейінге қалдырылғанын білдік. Бұл өлең Әбекеңнің құжатханасында қалған болар. Өнер адамына қанат бітіретін атақ та есіктен қарап тұрып, теріс айналғаны жанына батқаны белгілі. Сол кезеңдерде Әбекең мазасызданып, олай-бұлай шапқылап жүргенін естідім. Үлкен жүректі адам өмірден өтерін сезді ме, басқадан қайран болмаған соң, Құдайдың жазғанына жығылып, өр тұлғасымен тәуба жасағандай. Өнердің бір арысы, Сыр топырағының талантты перзенті, Нартайдың шәкірті, оның әндерін келешек ұрпаққа өз сазымен, нақышымен, асқақ әуенімен әулеткен Әбекеңнің екінші өмірі жалғасатынына сенемін.
Өркен ИСМАИЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





