Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » АНАМА БҰЙЫРМАғаН БІР КӨЙЛЕК...

АНАМА БҰЙЫРМАғаН БІР КӨЙЛЕК...

Адам баласының жүрегінде уақыттың өзі өшіре алмайтын бір құдіретті сезім болады. Ол – анаға деген сағыныш. Бұл сағыныш кейде көзге көрінбейді, бірақ көкіректе жатады. Кейде үнсіз ғана жанды қажайды. Кейде кеудеге сыймай, жас болып ағады. Ал кейде бүкіл ғұмырыңның мәнін, бар қуанышың мен бар өкінішіңді таразыға тартып, өзіңді өзіңе қайта танытады.
Мен бүгінде Пайғамбар жасынан асып, өмірдің талай белесін артқа тастасам да, жан дүниемде бір сөнбейтін шырақтай маздап тұрған, бір басылмайтын шердей толқып тұрған жойқын сағыныш бар. Ол – менің анам Бейсенкүлге деген сағынышым. Жатсам да, тұрсам да, жүрсем де, көңілімнің көкжиегінде алдымен анамның ару бейнесі көлбеңдейді. Кейде өз-өзімнен: «Тәжім – сіз табынатын, тағым – анам» деп іштей күбірлеймін.
Иә, адам жасы ұлғайған сайын бәрін ұмытуы мүмкін. Көп нәрсе көмескіленеді. Қызметтің де, атақтың да, абыройдың да, мансаптың да салмағы жеңілдеп қалады. Бірақ ана деген ұлылық ешқашан көнермейді. Оның орнына ешбір байлық та, ешбір даңқ та, ешбір дүниелік қызық та жүрекке жұбаныш бола алмайды.

ЕМІС-ЕМІС ЕЛЕСТЕЙТІН БІР БЕЙНЕ
Менің анам – Бейсенкүл Шайкамалқызы Бабасова. Ол 1925 жылы дүниеге келіп, 1961 жылы небәрі 36 жасында өмірден озды. Ал мен сол кезде 14 жаста екенмін. Өмірдің ең бір балғын шағында, уыздай жасымда анамнан айырылыппын. Соның өзінде есімде қалғаны – тым аз. Анамның уыз бетімнен бір сүйгені ғана санамда сайрап тұр. Кейде сол бір сәт бүкіл балалық шағымның жалғыз алтын жұрнағындай болып елестейді. Анамның мейірімді жүзі, сүйкімді қалпы, ажарлы, нұрлы бейнесі… Бәрі-бәрі көз алдыма еміс-еміс келеді де, тұңғиыққа сіңіп, ғайып болады. Ұстағым келеді – ұстатпайды. Құшқым келеді – құшаққа түспейді. Даусын естігім келеді – үнсіздік басады. Бірақ кей сәттерде жүрегім алдамайды. Сол сәттерде мен анық сеземін: «Тілеужаным, жаным менің, тұла бойы тұңғышым, ­айналайын…» деп анам басымнан сипап тұрғандай болады. Сонда кеудемде бір ыстық леп оянып, жанарым жасқа толып, сол сәтте мен бала болып кетемін…
Анамыздан біз ерте айырылдық. Жеті бірдей баланың маңдайынан сипап, төбесіне түндік болған ананың орнын ешкім толтыра алмасы анық. Бірақ тағдырдың қатал сынына қайыспай, бізді қатардан қалдырмай өсірген әкеміз болды. Әкеміз жетілдірді. Оқытты. Тоқытты. Азамат қылды. Ол кісінің әкелік еңбегі – бір төбе. Оған бас иеміз. Оған қарыздармыз. Анамыздың тағдыры қысқа болғанымен, бүгінде 7 перзентінің бәрінің көзі тірі. Сол анамыздың ғұмырын жалғағандай өмір сүріп келеміз.
Бірақ… Ананың аты – ана ғой. Күннің көзін ештеңе көлегейлей алмайтыны секілді, жер бетінде ананың орнын ешкім баса алмайды. Ана – шаңырақтың шуағы ғана емес, перзент жүрегінің мәңгілік мекені. Сондықтан болар, жылдар өтіп, ғұмыр алға жылжыған сайын мен анамды бұрынғыдан бетер сағынамын. Бала кезде жетпеген мейірім, есейген сайын тереңірек сезіледі екен.
Қасиетті исламның өзінде ананың мәртебесі ерекше биік. Дінімізде: «Алдымен анаңды сыйла, тағы да анаңды сыйла, тағы да анаңды сыйла» деп бекер айтылмаған. Ал ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Егер сені әкең мен шешең бір мезгілде шақырса, алдымен анаңа бар» деп ананың орнын айрықша дәріптеген. Міне, осындай ұлы діннің өзі ананы үш мәрте ардақтап, перзентке парыз жүктеп отырғанда, біз пенде ретінде ананың қадірін қалайша толық бағалап бола аламыз? Шынында, ананың алдындағы қарыз өтелмейді. Ол – мойындалатын ғана қарыз. Сезілетін ғана қарыз. Жүректе мәңгі сақталатын қарыз. Мен де сол өтелмес қарыздың иесімін.
ӨТЕЛМЕГЕН БІР ӨКІНІШ
Өмірде адамның жанын жегідей жейтін өкініштер болады. Ол сырт көзге кішкентай көрінуі мүмкін. Бірақ иесі үшін ол – алып мұң. Менің сондай ең үлкен өкінішімнің бірі – анама бір көйлек алып бере алмағаным. Осы бір ой кейде кеудемді қарып өтеді. Небәрі 14 жастағы баладан не сұрайсың?
Иә, ол кезде мен дәрменсіз едім. Қолымда билік те, табыс та, мүмкіндік те болған жоқ. Бірақ жүрек есепке көнбейді екен. Кейде өз-өзімнен: «Шіркін, анам тірі болғанда, бір көйлек әперіп, иығына жауып, бір қуантсам ғой…» деп ойлаймын. Осы бір орындалмаған тілек – өмір бойы жанымның бір шетінде шемен болып қатып қалған сағыныш. Анама бір көйлек ала алмаған перзенттік өкінішім – менің өмірлік жарам.

КӨРЕ АЛМАЙ КЕТКЕН ҚЫЗЫҚТАР
Анамыз бар-жоғы 36 жыл ғұмыр кешті. Бұл – өмірдің қызығын көретін, нағыз толысқан келіншек шағы. Жарының жан серігі болып, балаларының қызығын көріп, немере сүйіп, әже атанатын, төрге озатын кезі еді. Бірақ тағдыр оған соның бірін де бұйыртпады.
Қазір ойлап қарасам, анамның артында қалған ұрпағы аз емес. Төрт қызынан – 12 немере, үш ұлынан – 14 немере тарады. Құдайға шүкір, ұрпағы өсіп-өніп келеді. Бірақ соның бәрін көре алмай кетті-ау... Ең болмаса, бір келінінің сәлем салғанын көрмеді. Бір немересінің иісін иіскемеді. Бір сәбидің «әже» деген бал тілін естімеді. Осыны ойласам, өзегім өртенеді. Қанша перзент дүниеге әкеліп, қанша аналық бейнет көріп, ақыры сол балалардың қызығын көре алмай кету – қандай аянышты тағдыр?! Сондайда ішімнен: «Қайран, шешем-ай…» деп күрсінемін.
Отыз алты жас… Қазір ойлап қарасам, бұл – адамның нағыз кемеліне келетін, ақылы толысатын, өмірдің дәмін енді татып, балаларының шаттығын енді көретін шағы екен. «Махаббат, қызық мол жылдар» демекші, әкеміздің жан жары, біздің анамыз – нағыз толысқан келіншек шағында өмірмен қоштасыпты. Сонда еріксіз ойға қаласың: «Ғұмыры неге сонша қысқа болды екен?» Бірақ бұл сұрақтың жауабы адамда емес. Алланың ісіне шара бар ма? Тағдырға тоқтайсың. Тағдырға мойынсұнасың. Бірақ жүректегі сағынышқа әмір жүрмейді.
Жас ұлғайған сайын сағыныш тереңдейді. Көп адам уақыт ем дейді. Бәлкім, солай шығар. Бірақ анадан айырылудың жарасын уақыт толық жаза алмайды. Керісінше, жылдар өтіп, жас ұлғайған сайын, сағыныш тереңдей түседі екен. Жастық шақта тіршіліктің қарбаласы, еңбек, қызмет, бала-шаға, күнкөріс адамды біраз алаңдатады. Ал жасың ұлғайған сайын жүрек жалғыз қалады. Сонда ол өз төріне, өз бастауына қайтып оралады. Мен де солаймын. Жылдар өткен сайын көкейіме өксік тіреледі. Анамды ойласам, еріксіз көз жасым көл болады. Анамның мейірімін аңсаймын. Ыстық құшағын сағынамын. Бір ауыз еркелеткен сөзін іздеймін. Сонда барып түсінесің, сағыныш шынында жасқа айналады екен. Кейде егіл-тегіл жылап алсам, көңілім бір сәтке босап, сағынышым басылғандай болады. Бірақ ол – уақытша ғана. Өйткені анаға деген сағыныш – адамның жасы ұлғайған сайын кемімейтін, керісінше ұлғая түсетін қасиетті мұң.

АНАДАН БИІК ҚҰДІРЕТ ЖОҚ
Өмірде адам көп нәрсеге қол жеткізеді. Біреу атақ алады. Енді бірі даңққа бөленеді. Біреу мансапқа жетеді. Келесі бірі дәулет жинайды. Мен де бұл өмірде азды-көпті еңбек еттім. Елге қызмет жасадым. Азамат атандым. Жұбайым Айсара екеуіміз бес ұл-қыз тәрбиеледік. Зейнетке шықтық. Ұрпақ өсірдік. Шүкіршілік ететін тұстарымыз көп. Бірақ осының бәрін саралай келе, бір ақиқатқа тоқтаймын. Атақ та, даңқ та, мансап та, сый-құрмет те, алтын да, ақша да, байлық та – «Ана» деген құдіретке жете алмайды. Өйткені адам анадан туады. Анадан мейірім көреді. Анадан рух алады. Анадан адам болады. Ана – өмірдің басы ғана емес, адамдықтың да бастауы.
Анам Бейсенкүл бұл дүниеде сүре алмаған жасын бүгінде оның ұрпақтары жалғастырып келеді. Оның өмірі қысқа болса да, ізі ұзақ болды. Ғұмыры аз болса да, ұрпағы мол болды. Өзі көрмей кеткен қызықты бүгін балалары мен немерелері көріп отыр. Бұл да – бір жағынан Алланың шапағаты. Бұл да – ананың ақ сүтінің қайтарымы. Бәлкім, анам бұл дүниеде қызық көрмеген шығар. Бірақ оның төккен тері, ақ ниеті, аналық мейірімі, перзент үшін шеккен бейнеті далаға кеткен жоқ. Ол – ұрпағының амандығымен, өсіп-өнуімен, ел қатарына қосылуымен жалғасып жатыр. Сол үшін де мен жүрегімде бір жағынан сағыныш, екінші жағынан шүкіршілік ұстаймын.
Менің ең үлкен тілегім – анамның о дүниедегі жайлы мекені жұмақтың төрі болғай. Бұл дүниеде ол ештеңе көре алмады. Балаларының қызығын толық көре алмады. Немере сүйе алмады. Келін түсіре алмады. Әжелік бақытқа кенеле алмады. Ендеше, Жаратқан Ием оның бұл дүниеде көрмеген қуанышын ақыретте еселеп нәсіп етсін деп тілеймін. Жаны жәннатта болсын. Пейіштің самалында шалқысын. Арғы дүниеде нұры тасысын. Өйткені менің анам – осы өмірде аз жасап, көп бейнет көрген киелі жан.
Мен бір шындықты кеш түсіндім. Адам алпысқа келсе де, жетпіске келсе де, жүзге келсе де – анасын іздейді екен. Жұрт алдында беделің болуы мүмкін. Ел сыйлаған азамат болуың мүмкін. Балалы-шағалы, немерелі болуың мүмкін. Бірақ бір сәт жүрегің босаса, сен бәрібір анаңның баласы болып қаласың. Сонда кеудеңде бір үн оянады: «Анашым…» Мен де сол үнмен өмір сүріп келемін. Мен үшін анам – балалық шағымның жұпары. Тағдырымның ең нәзік жері. Жанымның ең жұмсақ тұсы. Жүрегімнің мәңгі сыздаған бір қылы. Өмірден жастай өткен анама деген балалық махаббатым – мәңгілік. Ол ешқашан өлмейді. Ол уақытпен өшпейді. Ол жас ұлғайған сайын тереңдей береді. Сондықтан мен бүгін де, ертең де, ғұмырымның соңына дейін іштей бір-ақ тілек айтамын: Сағынышым болып қала беріңіз, қымбатты анашым!

Тілеубек БАБАСОВ
20 сәуір 2026 ж. 37 0