Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескерткіш – тарихи жады мен мәдени мұра

Ескерткіш – тарихи жады мен мәдени мұра

18 сәуір — халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. 1984 жылдан бері аталып өтетін бұл маңызды күн адамзаттың мәдени мұрасын сақтау, тарихи ескерткіштерді қорғау және олардың маңыздылығын кеңінен насихаттауға бағытталған. Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи-мәдени нысан бар және олардың барлығы ұлттық құндылық ретінде мемлекет қорғауына алынған.
Бұл күннің басты мақсаты – тарихи ескерткіштерді сақтау мәселесіне қоғам назарын аудару, мәдени мұраны қорғаудағы жауапкершілікті арттыру, сондай-ақ ұлттық және әлемдік құндылықтарды дәріптеу. Себебі әрбір халықтың тарихы оның мәдени мұрасымен тығыз байланысты. Ескерткіштер – өткеннің үнсіз куәсі ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын рухани көпір.
Қазақстанда бұл күн аясында түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Атап айтқанда, тарихи орындарға экскурсиялар, ғылыми конференциялар, ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар халықтың тарихи санасын жаңғыртып, мәдени мұраға деген құрметін арттыруға ықпал етеді.
Ескерткіш – тарихи-мәдени немесе сәулеттік маңызы бар, мемлекет қорғауына алынған мұра нысаны. Олар бірнеше түрге бөлінеді: тарихи ескерткіштер (белгілі бір оқиғаларға арналған), сәулет ескерткіштері (ғимараттар, кесенелер, мешіттер), мүсіндік ескерткіштер (тарихи тұлғаларға арналған мүсіндер), археологиялық ескерткіштер (көне қорғандар мен қалашықтар). Барлығы да халықтың тарихи жадын сақтап, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді.
Сыр өңірі де киелі жерлерге бай. Әрбір сайы мен тасы тарихтан сыр шертетін бұл аймақта өскелең ұрпақты рухани тамырына жақындататын қасиетті орындар жеткілікті. Солардың бірі – Шиелі ауданына қарасты Бәйгекұм ауылының шығысында орналасқан Оқшы ата кесенесі.
Оқшы ата мазары – көне архитектуралық ескерткіш. Ол Қызылорда облысы, Шиелі ауданындағы 20-разъезде, Жөлек ауылынан 7 шақырым қашықтықтағы теміржол торабы маңында орналасқан. Күмбезі мен құрылыс ерекшелігі жағынан Қарасопы, Асан ата мазарларына ұқсас болғанымен, көлемі жағынан шағындау. Мазардың ұзындығы – 7,15 м, ені – 7,10 м, маңдайшасының биіктігі – 4,80 м, қабырғасының биіктігі – 3,30 м, ал күмбезінің биіктігі – 3,35 м. Іргетасы күйдірілген кірпіштен 0,8 метр тереңдікке қаланып, қабырғасының қалыңдығы 1,1–1,2 метр шамасында салынған.
Бұл орын тоғыз жолдың торабында орналасқан. Дәл іргесінен Түркістан мен Сібірді жалғаған теміржол өтсе, бір жағында «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі жатыр. Қорымда Оқшы атадан бөлек Есабыз әулие, Асан ата, Ғайып ата, Қыш ата, Бала би, ­Досбол би сынды елге сыйлы тұлғалар жерленген. Аңыздарға сүйенсек, қазақ даласының данагөйі Асан қайғы да осы жерде мәңгілік тыныс тапқан.
Тарихи деректерде Оқшы ата XI ғасырда өмір сүріп, елін жаудан қорғаған, ислам дінін насихаттаған тұлға ретінде айтылады. Бұл өңір Қожа Ахмет Ясауи кесенесі тұрғызылғанға дейін-ақ оғыздар мен түркі-қыпшақтардың игі жақсылары жерленген пантеон болған деседі. Сондықтан бұл жер ежелден киелі саналып келеді.
Өткен ғасырдың 60-жылдары жергілікті зиялы қауымның бастамасымен кесенелер кірпіштен қайта тұрғызылған. 1997 жылдан бері әулиелерге арналып ас беріліп, бұл дәстүр үздіксіз жалғасуда. Бүгінде кесене маңында 200 адамға арналған ас беру орны, түнеухана, мешіт және қажетті инфрақұрылым толық қарастырылған.
Сыр өңіріндегі тағы бір маңызды мәдени нысан – Нартай Бекежанов ескерткіші. Бұл ескерткіш ақынның туған жері – Н.Бекежанов ауылында, мемориалдық өнер музейі алдында орналасқан. Оның авторы – белгілі мүсінші Ермахан Биманов.
Ескерткіште Нартай Бекежановтың қолына сырнай ұстап, жыр төгіп тұрған бейнесі сомдалған. Бұл – оның халық мұңын жырмен жеткізген өнер иесі ретіндегі болмысын айқын көрсетеді. Мүсін арқылы ақынның рухани әлемі, елге деген сүйіспеншілігі көркем бейнеленген.
Ермахан Биманов – 1949 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген, мүсін өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар шебер. Ол Түркімен мемлекеттік көркемсурет училищесінде білім алып, кейін Қазақстан суретшілер одағының мүшесі атанды. Оның «Ошақтың отын сөндірмей», «Балаға араша», «Раздумье» секілді туындылары өнер сүйер қауымға кеңінен таныс.
Нартай Бекежанов ескерткішінің ашылуы ел мәдениеті үшін маңызды оқиға болды. Бұл нысан бүгінде халық тағзым ететін рухани орынға айналып, жас ұрпақты өнерді қадірлеуге, тарихты құрметтеуге тәрбиелеуде.
Жалпы алғанда, ескерткіштер – халықтың тарихи жадын сақтайтын, мәдени мұрасын ұлықтайтын баға жетпес құндылықтар. Олар өткенді ұмыттырмай, болашаққа бағдар береді. Сондықтан тарихи мұраны қорғау – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Меңтай Қалтайқызы,
Нартай Бекежанов атындағы мемориалдық өнер музейі филиалының ғылыми қызметкері
20 сәуір 2026 ж. 39 0