ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚОРҒАУ – МӘДЕНИЕТІМІЗДІҢ БЕЛГІСІ

-Өздеріңізге белгілі, Сыр өңірі ежелден тарихи мұраларға, құнды жәдігерлерге бай өлке. Осыған орай, биыл облыс әкімінің қолдауымен аймақтағы мәдени ескерткіштерді және тарихи нысандарды, өркениет ошақтарын зерттеу бойынша бірқатар жобаларды жүзеге асыруға қолдау білдірді. Мәселен, биыл ежелгі өркениет ошағы саналатын сақтардың орталығы Бәбіш мола, оғыздардың ордасы Жанкент және қазақ хандықтарының астанасы болған Сығанақ қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен Жанкент қалашығына және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша Құрайлы асар қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, биыл республикалық бюджет есебінен облыстағы бірқатар ескерткіштерге атап айтқанда, Сығанақ, Алтынасар қалашықтары, Сырлытам, Асан ата, Оқшы ата, Қожан қожа кесенелері, Ғанибай мешіті, Ғани Мұратбаев мемориалдық музейіне реставрациялық жұмыстар жүргізілмек. Ал аудандық бюджеттен Қыш ата, Ғайып ата кесенелері қайта жаңғыртылады. Халықаралық ескерткіштер күніне орай өңірде 18-19 сәуір күндері мәдениет және өнер мекемелері, облыстық музейлер, архивтер мен кітапханаларда тақырыптық көрмелер, экскурсиялар және мәдени танымдық шаралар ұйымдастырылады, - деді Ерқазы Жарылқасынұлы.
Көшпелі брифингтен кейін “Сыр өңірінің археологиялық мұрасын зерттеу, сақтау және қорғаудың өзекті мәселелері” тақырыбындағы конференция өтті.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі