«Ленинский путь»: Соғыс алдындағы ақпараттар
Ғасырға жуық сақталған жәдігерКейде ең қарапайым заттардың өзі тұтас бір дәуірдің куәсіне айналады. Шиелі өңіріндегі Нұрымбетқожаевтар әулеті үшін сондай қымбат мұра – 85 жыл бойы көздің қарашығындай сақталған «Ленинский путь» газеті. Бұл жәдігерді редакцияға аудан орталығының тұрғыны Бағдат Нұрымбетқожаев алып келді.
Аталған облыстық басылым 1940 жылдың 18 сәуірінде жарық көрген. Сол кезде Бағдаттың атасы Нұрымбетқожа Тасжанов 48 жаста еді. Сол уақытта ол кісі Шиелі кенттік кеңесінде қызмет атқарып, газетті арнайы жаздырып алып тұрған. Сарғайған парақтардан біз оқи алған кейбір жаңалықтар төмендегідей.
Балықшыларға мәдени қызмет көрсету
АРАЛ. (біздің тілшіден)
АРАЛ. (біздің тілшіден)
Балық аулау артельдерінің колхозшыларына мәдени қызмет көрсету мақсатында балықшылар одағы 8 адамнан тұратын мәдени бригада ұйымдастырып, музыкалық аспаптар мен үстел ойындарын сатып алды. Жақын күндері мәдени бригада колхоздарға алғашқы сапарын жасап, КСРО Жоғарғы Кеңесінің VI сессиясы туралы әңгімелер өткізіп, көркемөнерпаздар кештерін ұйымдастырады.
Құрылысшыларға медициналық қызмет көрсету
ШИЕЛІ(арнаулы тілшіден)
ШИЕЛІ(арнаулы тілшіден)
Шиелі каналы құрылысының барлық учаскелерінде медицина қызметкерлері кең көлемде санитарлық-ағарту жұмыстарын жүргізді. Бірінші учаскенің фельдшері Брехт жолдас «Бөртпе сүзек және жеке гигиена» тақырыбында дәріс оқыды.
Екінші учаскенің фельдшері Шустова жолдас күн сайын тұрғын үйлердің санитарлық жағдайы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Төртінші және бесінші учаскелердің медицина қызметкерлері — Абсалямов пен Уточкина жолдастар — ГТО белгісінің нормативтерін тапсыруға дайындық бойынша үйірмелер ұйымдастырды. Бұл үйірмелерге ондаған құрылысшы тұрақты түрде қатысуда.
ҚАРМАҚШЫ (біздің тілшіден)
Кармақшы каналының құрылысында бір дәрігер мен үш мейірбике үш медициналық пункт ашып, дезинфекциялық камерамен қамтамасыз етті, сондай-ақ плакаттар мен басқа да көрнекі құралдар сатып алды.
Кармақшы каналының құрылысында бір дәрігер мен үш мейірбике үш медициналық пункт ашып, дезинфекциялық камерамен қамтамасыз етті, сондай-ақ плакаттар мен басқа да көрнекі құралдар сатып алды.
Алайда, өкінішке қарай, канал құрылысының басшылығы, сондай-ақ аудандық және облыстық денсаулық сақтау органдары медицина қызметкерлерінің бұл мәдени бастамасына тиісті көңіл бөлмей отыр. Медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмек әлі де жеткіліксіз.
Балалар шығармашылығының байқауы
ЖАҢАҚОРҒАН. (арнаулы тілшіден)
ЖАҢАҚОРҒАН. (арнаулы тілшіден)
Аудандық балалар шығармашылығы байқауы өтті. Бірінші орынды «Қызыл жұлдыз» колхозының көркемөнерпаздар үйірмелері иеленді. Облыстық олимпиадаға қазылар алқасы гармонист Ключниковтың тәрбиеленушілерін және тоғыз жасар мәнерлеп оқушы Рүстемовті ұсынды.
Бұл материалдардан сол кезеңдегі бейбіт өмірдің лебі сезіледі. Алайда арада бір жыл өткенде соғыс басталатынын ешкім білген жоқ...
Уақыт өте келе қағаз мүжіліп, шеттері қарайғанымен, мәтін әлі күнге дейін анық оқылады. Газет талай көшті, жөндеуді, ұрпақ ауысуын бастан өткерді. Нұрымбетқожаевтар үшін ол отбасылық жәдігерге айналды. Балалар мен немерелер оны тек ерекше күндері — Жеңіс күні немесе арғы атасының туған күні қарсаңында ғана ұқыптап ашатын болған. Әрбір оқу сәті шағын тарих сабағына айналатын.
Мұндай жеке мұрағаттар кейде музей қорларынан да құндырақ келеді. Олар тек деректерді ғана емес, адамдардың тірі жадын сақтайды. 85 жыл өткен соң бұл газет жай ғана құжат емес, ұрпақтар сабақтастығының символына айналды.
Бүгінде жәдігер арнайы қорғаныш қабы бар папкада сақтаулы. Отбасы оны Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейіне табыстауды жоспарлап отыр. Бұл – ғасырға жуық уақыттың бір үзігін сақтап қалған адамның тағылымды тарихы.
М.Кеңесұлы
Сурет автордікі






