Қазыналы Қарғалы
Қарғалы – қасиетті қазынамсың,
Дертімнен сені көрсем, жазылам шын.
Сұлулықтың сан түрі өзіңде бар,
Кейде ашық, кейде жабық, жасырасың.
Сенде өстім, сенде тудым, мен ертерек,
Көзіме көрінесің елден ерек.
Мен жас кезде болғансың сен де жап-жас,
Кейпіңнен бұл кездегі көркемірек, – дей отыра елу жыл емес, тарихы тым тереңде жатқан Қарғалының әрбір жидесі мен шеңгелі, жыңғылы мен сексеуілі, қарабарқыны мен қоянсүйегі, сырлы Сырдариясының айтары көп-ау, зерттей берсең. Аудан мен ауылды бөліп жатқан Сырдария жылдың екі мезгілінде тосын мінез танытып, кейде тасып, кейде тартылып, елді әбігерге салса да мойымай сол жермен бірге түлеп келе жатқан Қарғалы ауылының азаматтары да ерекше ғой. Қатынас болмай жатса, біреуі қабақ шытпай, бір таба нанын қойнына қысып, күрегін алып, жылджып кеткен көпірді орнына тартып қояды. Құдды бір тойға бара жатқандай көңілді күйде құмбыл, бірі тракторын сайлап, бірі ауыр жүк көлігін әзірлеп жатқандарының өзі осы ауылдың ыдырамас ынтымағын көрсетсе керек.
Тарихтан тарқатсақ, Совхоз болып қазығы қағылып, жан-жақтан көштің басы ағылып келе бастады. Сырдарияның бір беті қалың тоғай, ойдым-ойдым көл шұңқырлар болса, бір беті сары шағыл, бұйрат-бұйрат құмдармен шектесіп жатады. Осынау жердің мал жайылымына қолайлы екені бесенеден белгілі. Бұрыннан Гигант, Коммунизм, Ленин, Төңкеріс колхоздарының мал жайлымына айналып қоныс теуіп қалған жері болғандықтан, жаңа совхоздың орнауы кейбір жандарға ұнамағаны да рас.
Десек те сол кездегі Компартияның тапсырмасы «Қазақстанда қой басын 50 млн-ға жеткізу керек» деген бастаманың шарықтап тұрған шағы еді. Шынында, сүйегі төрт түлік малмен біткен қазақ халқы үшін бұл тапсырма қуанышты да болды. Осы жерде сол Қарғалы совхозын құруда алғашқылардың бірі болып, жалындаған жастық шақтың жігерлі қуатымен, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Бәйімбетовтің бұйрығымен мал шаруашылығының бас маманы қызметіне 28 жасында Қарғалы ауылына келгендердің бірі – қазіргі абыз ақсақал, білімді де, білікті басшы Жамалхан Баетов ағамыз еді.
Жуырда өткен Қарғалы ауылының 50 жылдық мерейтойында ағамызға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстай отырып, шапанын жауып, ауыл әкімі Дәулетияр Абуов екеуміз әңгімеге тартқан едік. Әңгімені өте байыпты, байсалды, нақты мысалдармен түсіндіре отырып айтатын ағамыз қиындығы мен қызығы мол жаңа совхоздың сан қилы мәселелеріне тоқталды.
– Иә, Қарғалы бірден совхоз болған жоқ. 1971 жылы Жөлек ауылына қарасты бөлімше, яғни ферма болып ашылды. Сол кездегі облыс басшысы Исатай Әбдікәрімовтің басшылығымен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының және аудан басшысы О.Бәйімбетовтің қолдауымен жаңа совхаз ашылған еді. Әрине ауданнан шалғай, дарияның арғы бетіне жол түспеген, электр желісі тартылмаған бейқам жатқан жерді түлетіп, үйлер салу, мал апару, көшіп барған кісілердің жағдайын жасау, тыңнан тірлік бастап кету кімге де болса оңай болған жоқ. Қаншама құрылысшыл, инженер, ауылдық кеңес – бәрі-бәрі жаңадан барып, құмбыл іске кірісіп кетті. 1973 жылы совхоз атағын алған елді мекеннің алғашқы директоры Емел Бакиров ағамыздың еңбегі орасан зор. Білімді де, білікті басшы көптеген жұмысқа мұрындық бола жүріп, қиын да күрмеулі мәселелердің түйінін шешті. Сол аралықта ол кісі оқыс ауырып қалып, жылға жуық сол кісінің орнына мен совхоз директорының атқарушы қызметін атқардым. Қой басын көбейту мақсатында бірнеше ферма жұмыс істеді. Бірінші ферманың меңгерушісі Мақаш Қожақов ағамыз болды. Өтеген Жайсаңбаев, Қысырау Жайсаңбаев, Үмбетияр Абуов, Ералы Сүгірәлиев, Тұрсынбек Әбдиев, Ибрагим Орманов сияқты бірнеше тәжірибелі шопандары бар. Ал екінші ферманы Сейділлахан Ізтілеуов басқарды. Ол фермада да Әбділда Ізтілеуов, Қаумет Айдарбеков деген мал шаруашылығын жетік білетін шопандар еңбек етті. Білікті басшылардың шопандары да мықты, нағыз мал жағдайын жақсы білетін шаруа кісілер болғандықтан да жетістіктер көп болды. Шаруашылықтағы жұмыстардың нәтижесінде 1974 жылы ауданда Қарғалы совхозы бірінші орын алып, сол кездегі аудандық исполкомның бағалауымен маған су жаңа «Москвич» көлігін сыйға тартты. Әрине мал өсіру, малшы болу, мал маманы болу оңай шаруа емес. Әрбір шопанмен жылы сөйлесіп, тәжірибе алмасып, жағдайын жасай отырып, талап ету керегін де естен шығармадық.
Бір жылдары мынадай бір оқиға болды. Мал төлдеуге жақын қалған кез. Буаз малды ертеңгі күні тұралатып, нашарлатып алмау үшін, жаңа қоныс, шүйгін шөп, таза су керегі белгілі. Сол мақсатпен жер-жерді аралап, құдықтар қаздырып, скважиналарды көріп жүріп, «Мұрын» деген скважинаның түбін қолай көрдім. Сол жерге бірінші ферманың шопандарын көшіру басталды. Ол жайлау бізден 80-100 шақырымдай жер. Өзі буаз әрі көктем, титықтап, азғындап, қыстан қысылып шыққан қойлардың да түрі мәз емес. Қона жатып, көштің басы «Мұрынға» кеп тірелгенде айқай шықты. Бұл негізі Жаңақорған ауданына қарасты жер. Бірақ бос жатқандықтан, мал төлдетуге өте қолайлы. Сол жерге жақын отырған малшылардың хабарлауынан кейін ферма бастығы , басқа да басшылықтағылар келіп, «Болмайды, малдарыңды алып кетіңдер, жер берілмейді» деп, бірден кесіп айтты. Аудан басшылығына шығып көрдік, келісім берер емес. Көшіміз де, қой да барып қойған. Құдыққа мотор қойып, су шығаруға мүмкіндік бермей тұр. Мәселенің оңайлықпен шешілмесін білген соң совхоздың бас зоотехнигі Самиддин Қазкенов екеуміз ауданға жылдамдатып кері қайттық. Келе аудан басшысы О.Бәйімбетовке кіруге рұқсат сұрадық. «Қарғалы совзозынан, шұғыл мәселемен кеп тұрмыз» деп хабарластық. Не деген сәйкестік десеңізші, кірсек облыстың екінші хатшысы, тура ауыл шаруашылығына қарайтын Сәрсенбаев деген кісі отыр екен. Әңгімені тыңдап болған Сәрсенбаев телефонмен бірден Жаңақорғанның аудан әкіміне тікелей шығып:
– Мына Қарғалының қойлары сол «Мұрын» скважинасында төлдейді. Өзі буаз қойлар жүз шақырым жерден барып тұр. Оны кері қайтарсақ, мал қырылмай ма? Ертеңгі күні қой да жоқ, қозы да жоқ, шығын боламыз. Бұл Қызылорда облысының қойлары, сондықтан сол жерге төлдейді, әңгіме бітті, – дегенде, үстімізден ауыр жүк түскендей болды. Алғысымызды айтып қайта «Мұрынға» келдік. Құдыққа моторды қойып, киіз үйлер тігіліп, арқа-жарқа болып, сол жылы мал төлдетуден жоғары көрсеткішке де жеттік. Әрине айта берсе әңгіме көп, сол кезеңдерден бастау алған Қарғалының 50 жылдық мерей тойы құтты болсын, Алла азаматтарға абырой берсін, – деп ағамыз ағынан жарылып батасын берді.
Ағамыздың әңгімесінен ұққанымыз еңбек адамына деген құрметі, оны бағалауы, әрбір шопанның аты-жөнін, бала-шағасын, мінезін жете біліп бәріне әдемі баға беріп отыруы нағыз өз ісінің маманы екенін айғақтай түсті.
Шынында осындай көпті көріп, көнені тоздырған, көргенін, білгенін байыппен, аспай-саспай, орнымен, рет-ретімен жеткізе білуіне тәнті болдық. Аузы дуалы, абыройы асқақ, пайымы мен парасаты тең жатқан абыз ақасақалдарымызға Алла ұзақ ғұмыр, зор денсаулық берсін деп тілейміз! Қазыналы Қарғалының 50 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Рәзия Ысқақова,
ардагер ұстаз