Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАСИЕТТІ ҚҰТ МЕКЕН – ҚАРҒАЛЫҒА 50 ЖЫЛ

ҚАСИЕТТІ ҚҰТ МЕКЕН – ҚАРҒАЛЫҒА 50 ЖЫЛ

Әрбір қазақтың, әрбір дала баласының жүрегінде бойтұмардай жатталған қасиетті ұғым бар. Ол – ауыл. «Бір әңгіме қозғашы ауыл жайлы, Одан артық әңгіме табылмайды» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлаған ауыл жайлы әңгіме айту, кез келген далалықтың парызы. Шиеліде тірлігі жарасқан, бірлігі берік, қаймағы бұзылмаған ауыл көп. Соның бірі – Бұланбай бауы ауылы. Шиелі кентінен оңтүстікке қарай 45 шақырым жерде Қызылқұмның қиыр солтүстігінде орналасқан. Қарғалы ауылдық округінің тарихы қазақ халқының дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен мәдениетімен тығыз байланысты. Орталығы – Бұланбай бауы, ол 1997 жылға дейін «Қарғалы» деп аталды. Тарихына кеңінен көз жүгіртіп қарасақ, XX ғасырдың ортасындағы ауыл шаруашылығы құрылымымен байланысты болған. 1973-1996 жылдар аралығында «Қарғалы» кеңшарының орталығы болып, қаракөл қойын өсірумен айналысқан. Кеңшардың дамуы ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын және әлеуметтік инфрақұрылымды қамтамасыз етті. Уақыт өте келе, кеңшар жабылғаннан кейін, ауылда 4 шаруа қожалығы құрылып, ауыл шаруашылығының жаңа формаларына көшті. Міне, содан бері ауыл тұрғындары дәстүрлі мәдениетті, қолөнерді және ауыл шаруашылғын сақтап, дамытуда. Ал Бұланбай атауы қалай берілген деген көкейлеріңізде сұрақ туындауы мүмкін. Оны да зерттеп көрдік. Бұланбай бауы атауы ауылдың тарихи тұлғасы – Бұланбай батырдың есімімен байланысты. Бұл атау ауылдың мәдениеті мен тарихында батырдың рөлін дәріптеу мақсатында таңдалған. Бұланбай батырдың ел қорғаудағы ерліктері, халық алдындағы беделі ауыл тұрғындары үшін үлкен мақтаныш. Оның есімі ауылдың мәдениетінде, салт-дәстүрінде сақталып, жастарға патриоттық үлгі-өнеге дер едік. Қазір берекесі мен мерекесі жарасқан, тарихы тереңде жатқан алақандай ауыл уақытпен бірге өсіп-өніп келеді Олай болса, басылымның кезекті санында қасиетті құт мекен Қарғалының бүгінгі бедерін баяндаймыз.

Қазіргі таңда жергілікті халық саны – 1220 адамды құрайтын бұл ауылда 223 отбасы түтін түтетіп отыр.  Ауылда 620 астам адам еңбекке жарамды болса, соның 485 жалдамалы жұмысшы. Ал 135 адам өзін-өзі толықтай жұмыспен қамтыған. Ендігі кезекте жұмыссыздар қатарына 18 азамат тіркелсе, бүгінде жастар тәжірибесі арқылы 4 азамат жұмыс істеуде. Сонымен қатар елді-мекенде талай жылдар бойы ерен еңбек еткен  73 зейнеткер тұрады. Ал  мүмкіндігі шектеулі жандар  – 24. Мектеп қабырғасында білім алушы 223 бала болса, мектеп жасына дейінгі балалар саны – 90  адамға жеткен. Бүгінде ауылдық округте шағын кәсіпке ден қоюшылардың қатары артып келеді. Мәселен, 6 шаруа қожалық және 3 жеке кәсіпкер жүйелі түрде жұмыс істеуде.   Қазіргі таңда бұл жақта №241 Қ.Әбдіқадіров атындағы орта мектеп, ауылдық клуб, «Қарғалы» дәрігерлік емханасы, «Балжан-ай» бөбекжай балабақшасы, ветеринариялық және учаскелік полиция пункті халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.
Қарғалыда құрылыс қарқынды.  Мысалы, бұнда Айтуғанов көшесіне көше жарығына 1,997 мың теңге бөлініп, 24 бағана орнатылды. Сонымен қатар дәрігерлік амбулатория жаңадан салынды. Тағы да айта кететін жайт, ауыл тұрғындарының өтінішіне байланысты шаруашылық құрылымдарына су жеткізуге арналған Күркіреуік каналы Облыстық «Қазсушар» ШЖҚ мемлекеттік кәсіпорнының демеушілігімен 6 шақырымға жуық жері қазылып, қайыр басқан топырақтан тазартылды.Барлық үй  тартылған 4,6 шақырымдық  су жүйесі арқылы күніне 2 мезгіл тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етілуде,  – деді ауыл әкімі  Даулетияр Үмбетиярұлы.
Қазіргі таңда ауыл көлемінде талай толымды тірліктер атқарылуда.  Атап айтсақ, ауылдық «Ардагерлер кеңесі», «Әйелдер кеңесі» ұйымдары ауылдың қоғамдық-әлеуметтік өміріндегі күрделі мәселелерді талқылап, шешілу жолдарына ат салысып келеді. Жас отбасыларға ақыл кеңестерін беріп, ауыл жастарын спортқа, түрлі маңызды шараларға белсенді араласуға, бірлікке шақырып қамқорлық танытып отырады. Бұдан бөлек,  мәдениет үйінде бағдарламалар өткізіліп, ауыл кітапханасында кітап көрмелері және «Үздік оқырман» сайыстары ұйымдастырылып тұрады.
Қарғалықтар қорасын қойға, өрісін малға толтыру үшін тынбай тіршілік етуде. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша бұл маңда  МІҚ– 2937  бас, жылқы – 1136 басты  құраса,   уақ мал – 2225, түйе –  28 басқа жетіп отыр. Ал ауыл тазалығы – ауыл үшін негізгі тақырыптардың бірі. Қарғалының бүгінгі ажарына  ажар қосылған. Небір мәселелер қаралып,қолға алынуда. Күн суыса да, ауыл тұрғындары тіршілігін жасап, мекеннің тазалығына аса қатты мән береді. Бұл жөнінде:
Ауылдық округте көктемгі көркейту – көгалдандыруға байланысты 260 түп саялы ағаштар отырғызылып, ағаштар ақталып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Көктемгі, күзгі тазалық айлығында сенбіліктер ұйымдастырып, ауылдық округтегі барлық мекемелер өз аулаларын көркейту жұмыстарын жүргізді, – деді ауыл басшысы Д. Әбуов.
Айта кетейік, бұнда  атқарылуға тиіс көптеген мәселелер де бар. Мысалы, жаңадан клуб үйін салу, ауылдағы Б.Айтуғанов көшесіне орташа жөндеу және көше жарығын жүргізу жұмыстары мен Е.Ысқақ көшесіне жаяу жүргіншілер жолын (тротуар) салу   жоспарланып отыр.  Сондай-ақ алдағы уақытта  мұнда  елді мекеннің құрылғанына 50 жыл толуына орай ауқымды шарап өткізілмек. Мерейтойдың тақырыбы  «Қарғалы, қасиетті қазынамсың» деп аталмақ.  9 қарашада  жоспарланып отырған шарада ақындар айтысы мен ұлттық ойындар,тамаша мерекелік концерт өткізілмек. Қазақ жерінің әр бөлшегі қасиетті, әр тау-тасы қадірлі. Айтар сыры мол, ұлы даладан ойып алар орны бар  Қарғалы жері де сол қатардағы қастерлі мекеннің бірі. 50 жылдық мерейтой тұрғындар мен қонақтар үшін көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды деп ойлаймыз.
Айнұр ИБРАШ
06 қараша 2024 ж. 217 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031