Халқы ең көп ауыл қайсы?
Қазақстандағы халық саны ең көп ауыл – Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы. ҚР ҰЭМ Статистика комитеті ұсынған ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылдың 1 сәуіріне дейінгі Бейнеу ауылының халық саны – 53286 адам. Бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша адам саны ең көп ауыл есебінде тіркелген. Бейнеу ауылы – Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданының орталығы. Облыстың солтүстік бөлігінде орналасқан елді мекен облыс орталығынан 470 км қашықтықта орналасқан. Тарихы 1916 жылдан бастау алатын бұл мекен 1960 жылға дейін теміржол стансасы болды. 1960 жылдан бері ауыл статусына ие болды. Ал 1973 жылы аудан орталығына айналды. Бұрынғы "Ұлы Жібек жолының" бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Бейнеу ауылы – Қазақстанның Орта Азияға шығатын негізгі қақпасы. Бұл елді мекенде орта білім беретін 11 мектеп, 10 балабақша, 1 кешкі мектеп, 1 өнер мектебі, 1 спорт мектебі, кәсіптік білім беретін 2 колледж және 1 аурухана бар. Одан бөлек, мешіт, кітапхана, мұражай, қазпочта, байланыс үйі, банк бөлімшелері сияқты халыққа қызмет көрсетуге арналған орындар жұмыс істеп тұр. Халықтың басым бөлігі бюджеттік салада жұмыс істейді. Атап айтсақ, темір жол саласында, шағын кәсіпкерлікте, өндірістік мекемелерде, мысалы, мұнай және газ, ұлутас карьерлерінде қызмет атқарады. Сондай-ақ, қазақтың ата кәсібі мал шаруашылығымен айналысады. Бейнеуде Орта Азия – Ресей газ құбырының компрессорлық станциясы, магистральдық мұнай құбырының және су құбырының мұнай және су айдау станциялары, т.б. тұрмыстық қызметтердi көрсету орындары бар. Маңғыстау облысы әулиелер мекені деп бекер айтпайды. Өткеннен сыр шертетін аңыз әңгімелер де аз емес. Бүгінгі Үстірт даласы жайлы мына бір әңгіме жергілігті жұрт ауызында жиі айтылады.