Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өгей өмір

Өгей өмір

Үміт көз байлар қараңғылықта алға жетелейтін жарық секілді. Ол бітуге айналған білте шамдай әлсіз болса да бір адамға жол ­тауып, жанын емдеп беруге қауқарлы. Жадыраны да сондай сарсаңға түскен сәттерде, жаны мен жүрегі бірдей қан жылағанда, даладай болған дүние таршылық танытқанда, тағдыр маңдайына шаңышқысын шалт қадағанда орнынан тұрғызған үміт. Және махаббат. Дүниеге деген құштарлық, бауыр еті баласына деген сүйіспеншілік.
Айналадағы адамның барлығы анасын ерекше құрметтеп, сыйлайтыны ақиқат. Жадыраның да құрбылары кездесе қалса болды аналарын айтып, бір-біріне деген ыстық ықыластарын аузының суы құрып әңгімелеп беретін. «Мынаны анам алып берді», «Анам екеуміз базарға барамыз» деген сөздерді құлағы қызыға да, қызғана да тыңдап жүрді. Өйткені, ол жарық дүниеге келгелі анасының махаббатына шомылып көрген емес. Кім біледі бәлкім анасы оны дүниеге әкелгісі де келмеген шығар? Егер оны мөлдір махаббатпен дүниеге әкелгенде оған деген сезімі ерекше болар еді ғой. Кейде ­Жадыра өзінің бұралаң жолға түсіп, тағдырын қолдан құртқанына анасын кінәлайтын. Расымен, егер анасы ішімдік ішпей, әр уақытын қызымен өткізсе, түнгі уақытта бөтен еркектің құшағына құламай қызына өнегелі әңгіме айтса ­Жадыра жан жылуын сырттан іздемейтін бе еді? Түнде анасының ерсі қылығын көрмес үшін сыртқа шығып, құрбыларының үйіне қонбас па еді? Кім білсін?!
Иә, жасөспірім Жадыраның анасымен ара-қатынасы адам қызығарлықтай болмағанымен, өзі құрыптас құрбыларымен тәуір араласатын. Құрбылары Жадыраны әркез іздеп, ойын бөлуге тырысатын. Сан түрлі құрбыларының арасында ­Жадыра Іңкәр есімді бойжеткенге жақын болды. Басқаға айтпаған сырын тек Іңкәрмен ғана бөлісетін. Іңкәр да Жадыраның азаннан қара кешке дейін жалғыз болатынын біліп, үйіне жиі келетін. Сондай күндердің бірінде Іңкәр Жадыраны отырысқа шақырды. Аралас-құралас болып жүрген жанның көңілін қалай қияды? Оның үстіне сырын бөлісіп жүрген жаннан еш күдіктенбеген Жадыра келісе кетті. Осылайша, екі бойжеткен сыланып, сипанып, үстеріне бар жақсыны киіп отырысқа келді. Жадыра үйге кіргенде ғана байқады отырыста жігіттердің қарасы қалың екен. Әрине, ыржаң-ыржаң етіп, қабағын қағып отқан жігіттерден Жадыраның аяқ тартып, сескеніп қалғаны рас. Алайда, ол жақын құрбысы Іңкәрға сенім артып, көңілді отыруға тырысты.
Жастар жарасымды көңіл көтеріп отыр. Жадыра жаңа ортамен тез араласып кетті. Жақын араласқаны сонша бір сәтте жігіттер қауымы Жадыраға сыра ішуді ұсынды. Көбігі көлкілдеп тұрған сусынға мұрнын тыржитып, алақанымен аузын баса қойды. Иә, рас. Ол анасының араққа сылқия тойып алғанын күнде көрген. Бірақ, бұл Жадыраның да оған әуес дегенін білдірмейді. Ащы судың исі мүңкіген жерден Жадыраның тез кеткісі келіп, Іңкәрға қайта-қайта қарап, басын шайқады. Іштей «Қап, бәлем. Осы жерден шығайық көрмегенім сен болсын» деп арақты суша қылқылдатып отырған Іңкәрмен қарым-қатынасын үзуге бел буды. Ақыр аяғында қолқаны алатын темекінің түтіні мен ішімдіктің иісіне шыдамай сыртқа шықты.
Күздің қоңыр салқыны Жадыраның жүзіне жаймен есіп, мұрнына тылсым табиғаттың тәтті иісі келді. «Адамдар қызық» деп ойлады ол. Осындай ғазиз дүниенің қызығын бір тұтам шылым мен бір жұтым араққа қалай ғана айырбас­тайды деп тағы ойға шомды. Осылай тұңғиық ойға шомып тұрғанда сыраханадан шыққан шу оны селк еткізді. Мұның таң қалатын несі бар? Ақыл-есінен айырылғанша ішкен адамдардың әдеті емес пе, ұрыс шығаратыны? Десе де ішке шапшаң аяңдап, «Іңкәр» деп бар даусымен айқайлады. Өрімдей қызды екі жігіт жағасынан алып жатыр. Бірі үйіне сүйресе, екіншісі көлігіне жетелеп әлек. Айналада көмек қолын созар жан жоқ. Осы орайда Жадыра да еңгезердей екі жігітпен алыса кетті. Бірде құлақ шекесінен шаңқ ете қалған дауыс шықты, есінен танып қалды.Әрмен қарай есінде ештеңе жоқ.
Сол күні таң тұнжырап атты. Жадыра денесінің құрыс-тырысын жаза алмай, дем арасында басқа үй, бөтен бөлмеде жатқанын аңғарды. Есіктің арғы жағынан «Осындайларыңнан әкеліп тұрсаңшы, ақшасын беріп тұрамын» деген дауыс естіліп жатты. Жүрегі қабынан шығардай тарсылдап, өңі мен түсін ажырата алмай, сарсаңға түсті. Көз алды қарауытып, ойына неше түрлі оралды. «Не болғанын маған түсіндірер адам бар ма? Шарадай басым шақшадай болды-ау. Есіктен ентелеп кірген мынау кім? Неге лыпасыз дәл менің алдымда тұр? Жо-жоқ. Мүмкін емес! Мен... Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Менің ­абыройым аяқ асты болып, өзгенің табанында тапталғаны ма? Ел-жұртқа, анама қалай қараймын? Анама деймін-ау ол мені іздеп жатқан шығар. Иә, мені анам іздеп жатыр. Мені, балапанын іздеуде» деп ­жынынан айырылған бақсыдай әрнәрсені ойлай бастады.
Ешкімді, ештеңені көзіне ілместен «екі өкпесін қолына алып» үйіне қарай жүгірді. Айналаның барлығын жек көріп келеді. Дәл бір жер жүзі одан теріс айналып, мысқылдап, мазақтап, жүзіне түкіріп жіберердей жиіркеніп қарап тұр. Осы қапастан, осы күйзелістен мені анам ғана құтқара алады деп ойлады Жадыра. «Ол мені тізесіне жатқызып, шашымнан сипап уайымдама, қызым, мен бармын, мен енді сені ешқандай қасқырдың апанына тастап кетпеймін, сұр көжегім» деп еркелетеді деп армандады. Иә, Жадыраның бар үміті анасы еді. Бірақ, үйдің табалдырығына табан тірегенде ол сенімінің, арманының күл паршасы шықты. Түн ұзаққа жоғалып кеткен қызын уайымдап отырған ананың ­орнына ол өзге еркектің құшағында балаша мәз болып жатқан жанды көрді. Есін қалай жиып, тысқа қалай атып шыққанын өзі де білмеді. Сол сәтте жанына жақын адамның қалмағанын сезді. Өмірден түңілді, өмірге налыды. Өзін құтқарып, қолдау көрсететін жалғыз адам анасы еді. Енді одан не үміт, не қайыр? Жадыраның бар ойы Іңкәрды табу болды. Неге екенін өзі де білмейді. Бірақ, осы аласапыран күйден сол құтқаратындай күй кешті.
Жадыра мен Іңкәр кездесіп, қала орталығында пәтер жалдап тұруға келісті. Құрбысының қасынан бір елі қалмай жүрген ол да Іңкәрдың сүрлеу тартқан жолына түсе бастады. Біріншісінде ­тыжыранып, тырысты әрине. Ал, одан кейін көңілді кештердің гүліне айналып, жігіттерді шұлықша ауыстыратын халге жетті. Бәзбіреулер атауға аузы бармайтын нашаның да дәмін татып көрді. Үй деген аты болмаса тұрып жатқан пәтердің есігі соңғы рет қашан ашылғаны белгісіз. Клубтардың табалдырығын тоздырып, қаладағы наша сатушылардың барлығына танылып үлгерді. Жадыра да, Іңкәр да сол ұнтаққа ынтызары ауып, өмірдің қиыншылық, өкінішін сол арқылы ұмытатын болды. Қысқаша айтқанда жақындары сыйламаған тәтті өмірді Жадыраға есірткі тарту етті. Бірақ сол «тәтті» өмірдің де талқаны таусылды бір күні.
Әдеттегідей көңілді кештен қайтқан ­Жадыра басын көтере алмай, ішін құшақтаған күйі еденде жатыр. Дәрігерге баруға болмайды деп ойлады ол. Алайда, ішінің ауырғаны басылар емес. Амал жоқ жанын шүберекке түйіп ауруханаға барғаннан басқа амалы қалмады. Ақ халаттылар сан түрлі сұрақ қойып, ақыры жөнді жауап ала алмаған соң қызды тексерістен өткізе беруге бел буды. Қыздың аласұрған түріне қарап бірден ултура дыбыстық зерттеуге жатырын түсіруге жіберді. Ақыр аяғында Жадыра алдында тұрған мониторингтен жүрегінің астында жатқан бір тіршілік иесін байқады. Жадыра да үн жоқ. Үнсіз ғана медбике нұсқаған кабинетке беттеп, дәрігердің алдында басын көтерместен отырды.
– Неге осы уақытқа дейін дәрігерге қаралмағансыз? Сіздің жағдайыңыз мүшкіл. Бірақ балаңыздың көрер жарығы бар екен. Соған қуаныңыз. Қаныңыз азайып кеткен, иммунитет мүлдем төмен деуге болады. Зиянды нәрсеге әуестігіңіз туралы айтпай-ақ қояиын.
– Жоқ, бұлай болуы мүмкін емес. Мүмкін шатасқан шығарсыздар. Мүмкін емес, – дей берді Жадыра сенер сенбесін білмей.
– Мониторингтегі баланың бейнесін көзіңізбен көріп, жүрек соғысын құлағыңызбен естідіңіз. Иә, бәлкім тестпен анықтағанда қателесуіміз мүмкін. Бірақ УДЗ арқылы қателесу мүмкін емес. Қазір сіз жүктіліктің 18-аптасындасыз. Бұл уақытта баланы алдырып тастауға да болмайды. Ондай жағдайда тірі баланы өлтіргенмен бірдей боласыз ғой. Бір қуанарлығы жыныстық жолмен жұғатын аурулардан аман екенсіз. Сондықтан, балаңызды жарық дүниеге әкеліп, жаңа өмір бастауға тырысыңыз, – деп дәрігер оқиғаның мән-жайын ұғындырып, Жадыраны наркология бөліміне жөнелтті.
Ал, Жадыра болса не күлерін, не жыларын білмей әлек. Ең сорақысы баланың әкесі кім екенінен бейхабар. Бірақ, ­Жадыра емдеу бөлімінде есін жиды. Құрсағында тіршілік үшін талпынып күресіп жатқан кішкентай жүрек иесін қалай болса да өмірге әкелемін деп бел буды. Кезекті УДЗ арқылы қыз баласы екенін көрді. Қыз болғандықтан жауапкершілігін одан сайын ұлғайтты. Өзінің өкінішті өмірін болашақ қызына көрсеткісі келмеді.
Міне, жүрек тұсындағы тіршілік иесі Жадыраны осылайша қанаттандырды. Сәбиі дүниеге келмей жатып оны қолынан жетелеп, шуақты күнді сыйлай бастады. Құрсағындағы баласының алғашқы қозғалысы, өзінің өзгере бастаған дене пішімі барлығы Жадыраға қызық көрініп, жүзіне күлкі үйіріле бастады. Бұрынғының бұралаң жолымен қайта жүрмеуге бекінді. Сәбиі үшін үлгі ана бейнесін қалыптастырғысы келді. Әрине, барлығы оңайға соқпады. Алайда, наркология бөліміндегі мамандармен тығыз жұмыс істеп, өз-өзін жеңе білді. Осылайша, емдеу бөлімінен де шықты. Сол жақтағы Әмина есімді психолог азын-аулақ ақша беріп, жалдап тұратын үй тауып берді.
Қала ішімен аяңдап келе жатқан ­Жадыра бұрын тек сүрең тартқан көріністі байқайтын еді, енді қазір айналаның барлығы түрлі-түсті бояумен боялғандай, көркем кейіпке еніп тұр. «Адам өз өмірінің қожасы екен ғой» деп топшылады ол. Бір кезде «Қарындас, бізді суретке түсіріп жібересіз бе?» деген дауысты естіп, қараса ана мен бала орталығының алдына таяп қалыпты. «Әрине» деп перзентханадан енді шыққан ана мен баланы, айналасындағы мәз-мейрам болған туыс­тарын түсіре бастады.
«Бір «өмір» менің қарсы алдымда шырылдап тұр. Лайым, алдағы өмірі шырылдаумен өтпесінші» деп Жадыра суретке түсіріп жатып іштей тіледі.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
21 желтоқсан 2021 ж. 873 0