АҚҚҰМШЫҚТЫҢ ӘБІЛҚАСЫМЫ
АЗДЫ-КӨПТІ ҒҰМЫР САПАРЫНДА САУСАҚТЫҢ ҚАЙТАЛАНБАС БЕДЕРІ СИЯҚТЫ ӘР АДАМНЫҢ ДА ҚАЙТАЛАНБАС, ӨЗІНЕ ҒАНА ТӘН ЖОЛЫ БОЛМАҒЫ АНЫҚ. БІРАҚ, СОЛ ЖОЛДЫҢ БАСЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҒАДЕТ-ҒҰРЫП ҰСТАНЫМДАРДАН НӘРЛЕНІП ӨСКЕН ОРТА МЕН ҚОРШАҒАН ТАБИҒАТҚА ДА ТӘУЕЛДІ. БАҚИЛЫҚ МӘРЕ СЫЗЫҒЫНА ДЕЙІНГІ ӨМІР ЖОЛЫНА БАҒЫТ-БАҒДАР, ЕСЕЙГЕНДЕ АЙНЫМАС ӘДЕТКЕ АЙНАЛАР МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЕҢ АЛДЫМЕН БАЛАЛЫҚ ШАҚ ДЕЙТІН «ДУМАН БАЗАРДАН» БАСТАУ АЛАРЫН КӨБІНЕ ПАЙЫМДАЙ БЕРМЕЙТІНІМІЗ БАР. ЕНДЕШЕ, БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ АЯДАЙ АУЫЛДА ҚҰМНЫҢ БАУРАЙЫНДА ӨТКЕН ӘБІЛҚАСЫМНЫҢ ДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҰЛҒА БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫНА ӨЗІ ТУЫП ӨСКЕН АҚҚҰМШЫҒЫНЫҢ БЕРГЕНІ КӨП. ӨЗІ БІР СӘТ ЕСІНЕН ШЫҒАРМАЙ ӨМІРІНІҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ҚАСТЕРЛЕП ӨТКЕН КІНДІК ҚАНЫ ТАМҒАН АҚҚҰМШЫҒЫНЫҢ ТҰМСА ТАБИҒАТЫНАН БОЙҒА ҚУАТ, ОЙҒА ШАБЫТ ЖИЫП, ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ТАНЫМАЛ СУРЕТ ӨНЕРІНІҢ БЕДЕЛДІ ТҰЛҒАСЫ БОЛҒАН, Т.ЖҮРГЕНОВ АТЫНДАҒЫ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ПРОФЕССОРЫ ӘБІЛҚАСЫМ СӘРСЕНБАЙҰЛЫ ДА БІР КЕЗДЕРІ ЖАЛАҢ АЯҚ АСЫР САЛҒАН ҰРЫНШАҚТАУ КӘДУІЛГІ ҚАРАДОМАЛАҚ ОЙЫН БАЛАСЫ БОЛАТЫН.
– Кім сені ұрған? Тағы да сол Аққұмшықтағы Әбілғасым ба? Шаң-шұң әйел дауысы ащы шығады. – Көзіңнің сорасын ағыза бермей түс алдыма, Бибайшаның тулағын турап, шаңын қағып келейін, әдірем қалғыр! Шодырайған шекесін уқалап ықылық атқан 9-10 жасар ұлының иығынан жұлқи тартып дедектетіп, Көтерменің жолын шаңдатып қуып келе жатқан адуындау бір апамыздың төбесі көрінісімен-ақ, Әбілқасым зып беріп, үй жанындағы арықтан бір-ақ аттап, жыңғылдың арасына кіріп кетеді. Қалың өскен жыңғыл тоғай сорайып, (апамның сөзі) дап-дардай боп қалған тете ағамның қашаннан бергі алдырмас қамал қорғаны болып алған. Жазатайым кінәлі болып басына «іс түскенде» барып жасырынар жері. Бұл жолғысы да сол жазғы каникулда болмай тұрмайтын кезекті бір жанжалдан соңғы, дағдылы дақпырты.
Жылдағыдай бүкіл ауыл балаларының жаз шыға басталатын жаппай шапырлап суға шомылу мерзімі сүмбіле туып оқу жылы басталғанша созылады. Сәске түстен, екінті ауғанша созылатын ызғын да, шуғын бала базарға бару-қайту жүрер жолы біреу-ақ, ауыл сыртын орай ағатын үлкен канал. Суға барар тақыр жол дәл біздің үйдің іргесінен өтеді. Каналдан шыға өжектескен топ бала көбіне күнде кешкісін футбол ойнайтын осы алаңқайға келгенде екінің бірінде шатыр-шұтыр жұлқыса кетеді. Меже белгісі қойылмаған екі ауылдың шектесетін шекарасы іспетті. Жеңілу, жеңу бала санына қарай. Қарамыз көптеу болса, Жақан шалдың үйіне дейін тықсырып қуасың, арғы жағы «Көтерменің» көшесі. Бірде ол жақ, бірде біз жақтың жеңісімен, көбіне кесек атыспен аяқталатын осындай «майданның» кішкентай жаралы жауынгерінің бірі ғой бақырып-шақырып шешесіне жылап барып жүрген. Күнде болмаса да, айна қатесіз жиірек қайталанып, өзі бел ортасында жүретін осындай оқиғаларды «Қашықтап кеткен қайран балалық шақ-ай десеңізші!» деп беріректе Әбілқасым ағам жиі есіне алып, күліп отырушы еді. – Жаздың күні күйіп тұрғанда, қалың жыңғылдың арасы тіпті қапырық. Көлеңкелеп дамылдаған маса шыбыны жаудай, кейде тіпті араның ұясына кез болсаң жағдайың тіпті мүшкіл, ашулы апамыз қашан қайтқанша қасына да алмай отырасың кеп мөлиіп – дейтін. Сотанақ, сотқарлау болып өскен Әбілқасымның шешелері мен жеңгелерінің қойған аты да – «Бұзық» болатын. Сол Аққұмшықтың «Бұзығы» Әбілқасымның да дүниеден озғанына 100 күннің жүзі болып қалыпты-ау?! Қамшының сабындай ғана қысқа дейтін қайран өмірдің өстіп өкіндіріп-өксітіп күрмеуге де келмей үзіліп кететініне не шара?
Шешем айтып отыратын:
– «Көкиірімнен» колхоздың 5 гектар жерін алып еккен әкеңнің қауыны сарыбауырланып пісіп жатты. Шеңгелі оталып жаңа аршылған жердің қауыны ғой, бітіп қалды. Келідей-келідей екі қауынды қанар қапқа салып арқалағанда жерге сіңіп кете жаздайсың. Әкең алакеуімнен қауын үзіп арық ішіне домалатып кете береді, мен қанар қаппен арқалап атыз арасына тасып, үйіп жинап соңынан ілесіп отырамын. Дер кезінде үзілмеген күләбі қауынның еті тығыз, қыртысына сыймай қақ айрылады, үлгеру керек, дамылсыз жұмыстан екі иығың сал болып кешқұрым үйге зорға жетесің. Сондай бір күні кешкілік апақ-сапақта әкеңе ас әзірлеп күйбеңдеп жүргенде басына ақ орамал байлап, шапанының белін жіппен буған бойшаң келген қарасұр бір бейтаныс кейуана пайда бола кетті. Жазған-ай, өзім шала бүлініп жатқанда кездесе кеткенін қарашы деп, ту сыртымды беріп байқамаған болып бүкшиіп шаруамды жасай бердім. Сүлесоқ пейілімді жазбай таныды, білем, кілт тоқтады да сұқ саусағын шошайтып шаңқ еткенде, мен селк еттім.
– Әй қатын, ішіңде балаң бар, ұл туасың, атын Әбілқасым қой! – деп бұрылып жүре берді.
– Не дейді, Құдай-ау? – деп қапелімде не істерге де білмей, аузыма да сөз түспей сасқалақтап қалдым. «Ұл деді ма?..» – деп күбірлген бойы артыма қарасам әлгі кісім ұзаңқырап кетіп барады. Шымшуырды лақтыра салып соңынан тұра ұмтылдым. Ұмтылмағанда ше? Оразжаныма серік боладыма деп жүргенде 10 жылдан кейінгі туғаным да, одан кейінгісі де қыз болды. Осы Есенкүлді түсі бөтен болмады деп қырқынан шыққанша жақтыртпадым, әкең ғой, «құлашын жайып жатады, аман болса қызым жарамды болады әлі-ақ!» – деп тәуір көреді.
– Шешей, шеше, кідіре тұрыңызшы деп алдын орадым. Менен бір қателік өтті, райымды беріп қарсы алмадым, кешіре көріңіз, асығыс жұмыстан қайтар шалыма ас-су әзірлеп, әбігерім шығып жатыр едім, үйге кіріп шәй-су ішіп, бұйырған астан дәм татып кетіңіз деп жата кеп жармастым. Аста-төк бүгінгі заман емес, елдің жабағы жүні енді көтеріліп келе жатқан уақыт, үйге кірмеймін деген соң бір ашымқа тәуір шәй мен енді ғана қып-қызыл боп піскен таба нанымды қойнына тығып шығарып салғаным сол, бұрылып қарағанымша ізім-қайым жоқ болды. Кешкісін болған жайды шалыма айттым. «Әй бір, ес болсашы сенде, шырайыңды беріп бірден қарсы алғаның жөн екен, әйел боп көрінген қызыр болмаса не қылсын?..» деп уым-дуым боп тырысқан шекесі біразға дейін жазылған жоқ. Кейін Әбілқасымның ер азамат болған өмір талпыныстарында жолы болыңқырамай, жығасы қисайған қиыншылықтарға кезіккен сәттерінде (өмірінде мұндай сынақтар да болмады емес), «Қап, әттеген-ай, баяғыда сол кездейсоқ кезіккен кейуананы ә дегеннен жылы шыраймен қарсы алғанымда бұлай болмас па еді» – деп пұшайман жеп, кәдімгідей мұңайып, өкініш білдіріп отырушы еді анам жарықтық.
Қызыры боп кезіккен кейуананың айтқаны келіп, келер жылдың наурызында Әбілқасым дүниеге келеді. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер ерте көктемінде қатты қысылынқыраған шешем, әкемнің бір шешен досынан әкеліп сойған семіз ісегінің сорпасымен қалжаланып тез көтеріліп ес жинағанға ұқсайды. Жалпы, орта бойлы шағындау болғанымен анамыз тумысымнан жаңғақтай қатты, қимылы ширақ, қайратты кісі болатын. Осыған дейін 1 мен 6 жас аралығындағы 4 перзентінен айрылған 40-қа келіп қалған анамыз ұлғайғанда Құдайдың өзі берген ұябасар ұлы деп бар мейірім-шуағын төгіп, қашан аяқтанып кеткенше қолтығына қысып, көзден таса қылмай өсіріпті Әбілқасымды.
Шешем колхоздың жұмысынан қайтар жолды аңдып, кешқұрым ауыл сыртынан әудем жерден күтіп жүгіріп жеткен жерінде бас салатын көрінеді. Бірде, арқалаған отынын тастай салып, қара жолдың қақ ортасында дардай боп қалған баласын емізіп отырған шешеме қарап өтіп бара жатқан қайнағасы: «Келін шырағым, бұзауын емізіп тұрған бір қарала сиыр көрдім, ауыл сыртында, сол Сәрсекеңнің сиыры емес па?» – десе, өзін келемеждеп бара жатқанымен жұмысы жоқ шешем: «Жоға-ә, қайнаға біздің сиыр сарыала ғой...» – дейтін көрінеді отын үстінде отырған күйі. Әбілқасым осы әдетін мен дүниеге келгенше қоймапты. Қазанның күйесі мен ащы қызыл бұрыш жағу секілді түрлі қарекеттер есі кіріп қалған баланы одан сайын өшіктіретіндей, қорс еткізіп, мұрнын бір тартады екен да, қай жерде ойнап жүрсе де, шешемнің төбесі көрінген жерде бүкшеңдеп жүгіріп келетін көрінеді: «Апа, мәмемді бер!». Қайран шешем, Әбілқасымға деген осы бір алабөтен өзгешелеу мейірім шуағын көзі жұмылғанша жүрегінің түкпіріне сақтаған екен. Анамызды жерлеп келген соң, кісі аяғы басылды-ау дегенде үлкен апам Есенкүл: «шешелеріңнің аманаты еді» – деп сандығынан этикеткасымен бір пар костюм алып шығып табыстады. Үлкені Оразбекке емес, сүт кенжесі маған да емес, тек өзіне ғана арналған сол дүниені бетіне басып солықтап ұзақ жылап еді ағам.
Бертінде Әбілқасымның алдымен азамат, одан соң шығармашылық тұлға болып қалыптасуы, өмірінде болған барша жетістіктері де, көпшілігімізге түсініксіздеу, қайсыбір пендешілік кемшіліктері де, жалпы болмысы сол өзі өскен Аққұмшығы аурасына тікелей тәуелді. Сурет салуға бейімі 5 сыныптан соң айқындала бастады. Сол жылы жазда соқыр ішектен өмірінде 1-рет пышаққа түсіп, бір ай шамасында ұядай қоржынтам үйіміздің ауызғы бөлмесінде жатқаны бар. Сонда қаламмен дәптер бетіне түрлі суреттер салып, неше түрлі шимайлар сызатын. Мынау – Ленин, мынау – Сталин, мынау – апам, мынау – көкем, кеудесінде 10 деген жазуы бар үстіме майкі, сыптиған түрси кигізіп, доп ұстатқан баланың суретін – мен, құман, жылан, трактор, айыр, күрек т.б кете береді. Көсемдердің суретін көрген әке-шешенің зәре құты қалмайды, «басың бәлеге қалады, құртта-құрт!». Ал мен «осы суреттегідей әдемі майкі-түрси әпер» деп зығыр етемін. Одан көп ұзамай-ақ үй іргесіндегі арық жағасында отырып, саз балшықтан неше түрлі машина, трактор формасындағы ойыншықтар жасап, сақырлап кепкен соң біздерге береді. Шиша бөтелкені машина қылып ойнайтын біздерге рақат болды, көп ұзамай мұрны омырылып сынып қалған бульдозері мен водовозы тіпті керемет! Бояуы жоқ, балшықтан жасалғаны болмаса, магазиннен таппайтын ондай ойыншықтар балалар арасындағы көп талас-тартысқа себеп болған соң ба, жадымда жақсы сақталыпты. Іші пысқандағы тірлігі ма, одан да тез жеріп домбыраға үйір болды. Апам Махмұт деген ағамыздың үйінен сұрап әкелген. Азаннан кешке дейінгі ермегі сол, оған мен де жармасамын, әрине. Домбыраны тәп-тәуір меңгеріп алған ол, көп ұзамай тәуір болып аяғына мінді.
Осы Жаңатұрмыстың дәл іргесіндегі дәу канал толып ағып жатады. Жағасы кешке дейін шүпірлеген баладан босамайды. Кішкентай кездерінен-ақ қоршаған ортамен біте қайнасып өскен олар, суда балықша жүзеді. «Жалақ», «Биіктен секіру», «Алысқа сүңгу» сияқты неше түрлі ойындармен кеш батыратын. Әрине, бел ортасында Әбілқасым жүреді, жүріп қана қоймай бәрімізді билеп-төстеп неше түрлі пәлеге жегеді. Май құйрықтан теуіп жіберу түк емес, нұқып жіберуінен қорқамыз ба, әйтеуір соның айтқанын істеп, айдауында болатынымыз шындық еді. Су жыланды құйрығынан ұстап сілкілеп құстыру сияқты қорқыныштылау ойындарын қоспағанда, жалпы онымен жүру бір жағынан қызық, қисынын тауып, қиыстырып ертегі сияқтандырып түрлі күлдіргі әңгіме айтуға да ұста. Дәл осы әңгіменің күні ертең түрленіп басқаша айтылып жататынын білсек те, су сорған денеміз тырысып, ойыннан әбден шаршаған кейбіріміз қалғып отырып та тыңдаудан жалықпаймыз. Осындай әңгіменің бір сұлбасы былай болып шығатын:
– Қайрат, а Қайрат! Сенің ұшқың келеді ма? – дейді футбол теуіп шаршаған ымырт үйірілер шақта алқа-қотан шүйіркелескен топ балдарға қарап. Қайрат басқалар сияқты доп ойнамас еді. Орнында екі жыл қатарынан қалып, менімен бірге оқып жүрген аңқау да момын бала. Ойын біткенше алаңнан шеткерірек ылғи да бір көзін қылилатып қиыстай қарап, тапжылмай жағын таянып жүрелеп отыратында қоятын ол, өзіне назар аударғанына қуанып елең ете қалады.
– О, не, Әпқасым, маған айтасың ба? – дейді елпелектеп . Ұшқан деген не ол?
– Иә, иә саған айтам. Ұшқан деген кәдімгі ұшқан. Басын кекжитіп, қанатын жайғандай екі құлашын жайып, ызылдап шеңбер жасайды. Қарға сияқты, пәттек сияқты, екі қолыңды жаясыңда ұшы-еп-п кете бересің... Бірақ, мен сенің басыңа сиқырлы тақия кигізіп, бір сиқырлы сөз айтуым керек.
– Не, сонда дуа оқисың ба? – деп таңырқаған ол дүрсе қоя береді.
– Дуасы несі, мені мыстан кемпір деп пе ең? Сосын, тағы да сиқырлы таяқшам бар. Ол үйде. Сенбесең, мына Исабектен сұра, оны мен күнде ұшырып жүрмін. Сендіріп, төндіріп айтқан сөзге Қайрат кәдімгідей иланып:
– «Белдеутамды» көруге болады ма? Мейірхан екеуміздің орған шөпті көру керек еді?, – деп қуанып, елігіп қалады.
– Белдеутамың не? Анау Гигантқа, тіпті туһ алыстағы Шиеліге дейін (таяқ тастам жердегі Шиеліні әлі көрмегенін сұрап біліп алған ғой алдын-ала) ұшып барып, төбесінен қарап жүресің. Әбілқасымның бет аузы шылп етпейді. Ұмытпа, бірақ тек түнгі сағат 11-ден кейін ғана ұшыра аламын, – деп қайталап, қадап айтады. Үйге келе жатып: «Жаңағы Қайратқа неге сағат 11-ден кейін деп айттың?» – деймін түсініңкіремей.
– Әй, ол сағат 11-ге дейін ұйықтап қалады ғой деп, қолын бір-ақ сілтейді. Бірнеше күнге дейін дәл солай болып шықты да.
– Кеше келмедің ғой, күттім дейтін Әбілқасымға мұңая өкінген жүзімен. Ал Әбілқасымның жауабы: «Ұйықтап қаппын». Бұл әңгімені ұмыта бастаған бір күні кешкісін жуынып-шәйініп масақанаға кіргеніміз сол, қаусырма жыңғыл қораның есігі сықыр етіп, жантайып жығыла кетті. Сүттей жарық Ай сәулесі сүйретілген адам сұлбасын көмескілеу көрсетеді. Сонда да қатар тігілген екі масақананың қайсысына барарын білмей әруақша ербиіп тұрған біреудің Қайрат екенін жазбай таныдық та, бір-біріміздің аузымызды жауып тым-тырыс жата қалдық. «Тс-с, Тс-с» дейміз сыбырласып.
– Бұл қайсысың әй?! Көзі енді ұйқыға кеткен шешемнің даусы шаңқ етті шеткі масақанадан.
– Мен ғой, Қайрат, Әбілқасымға келіп ем... Күмілжіп, аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен оған шешем күйіп кетеді.
– Қайрат болсаң қайтейін, оны қайтейін деп ең жүгермек! Неғып жүрсің жеті түнде?– деп дүрсе қоя берген шешем басын көтеріп, орамалын байлап жатыр.
– Ұш... ұұ-шшайын деп ем... Ұұ-шыы-рамм деп еді... Оның бұл күмбір-күмбір түсініксіз сөзі шешемнің тіпті зәресін ұшырғандай.
– Астафыралла! Не дейді, мына жүгермек? – деп таңырқай дыбыс шығарады. «Шал-ау, бірдеңе десеңші, не деп тұр мынау?» Әкем ұйықтап кеткен бе, үнсіз, шешем қояр емес. «Жын қаққан шығар мына немені, пыссымылла, Құдай-ау, «Ұшқан» деген не пәле? Құры кет үйіңе, былжырамай». Уәж айтып ақталып жататын Қайрат емес, жан-жағына қарап сілейіп сәл тұрды да, сүйретіліп шығуға бет алған оның соңынан «Жауып кет қораны, ит кіріп кетер» деген шешемнің өктем дауысы түнгі аспанды тіліп түсердей қаттырақ шықты. Ал біз екеуміз күлкіден жарылардай болып жырқылдап жатырмыз. Ертесі азанда: «Әй, осы сен не бүлдіріп жүрсің өгіздей болып? Кеше түн ортасында Мықанның баласы жүр ғой жағалап, ұшамын дей ме, түсінсем бұйырмасын»... деп шешем дүрсе қоя береді баласына. Мән-жайды іші сезетін әкем: «Балам-ау, кісінің баласын кемсітіп, не мазақ еткенің бұл, ә? Әй, өзің бір, болсаң да, баре-ееп-барып боларсың да...» деп кіржиеді. Сол құлақтан кіріп, оң құлақтан шығып кететін жұмсақ мінезді әкенің әдеттегі зілсіз сөзі. «Одан да жүріңдер менімен бірге, босқа сандалғанша пайдалы тірлік қылсаңдар болмас па? Қауындықты отақ басып кетті. Анау Рәйләнің қасында сендер қатарлы бір шойынқара күніне бір күбі айран ішіп, 10 арық шиін орады, шаршауды білмейтін апат-ау, апат!» деп бейтаныс баланы үлгі қыла сөйлеп, үгіт жүргізеді әкем жарықтық.
Расында, әке-шешеміз ғұмырында бала жұмсап барқадар болмады. Анамыз асқан балажан, бәйек болып сәскеге дейін күнді айналып, біз жатқан масақананы көлегейлеп жапқыш тұтып жүретін. Таңғы тәтті ұйқымыз бұзылған емес. Өмір бақиғы қара жұмыстан табандары – көн, қолдары-көсеу болып, сіңірлері шыға зәрезәп болған қайран әке-шеше, нандарың қаламның ұшынан бұйырсын дегенді ниет еткен сыңайлы. «Зияны жоқ, әр жұмыстың әу-жайын көргендері дұрыс қой» дейтін әкеме, ырық бермейтін шешем марқұм: «Қаусап отырған жоқсың, күш-қайратың бар, өскесін бір жөні болар, ойын баласы емін-еркін ойнасын» деп уәжімен тиып тастайтын. Анасы қорғаштаған бала әкенің райынан ықсын ба, тіпті айнала ойнайтын бала таппай, сопиып тіркемелі көліктей сенделіп екеуміз-ақ қалған кездеріміз болады. Осындай іш пысқан тал түсте Әбілқасымның Дәужан атамыздың қорасына от қойғаны бар. Қабырғасы қураған шеңгел мен қи араласқан саңылтыр шөптесін болатын шом қора көкшуландатып біраз бықсып барып, бұрқ еткен қою қара түтін шапшып жоғары көтерілді. Артынша екі өкпені қолдарына алып жүгіріп, алдымен жеткенде, бізді іздегенде шөп орғыштар болатын. Үлкендер жағы қауқылдасып «Бұ не боп қалды? Үй аман болса жарар еді... » десіп жиналам дегенше, каналды бетке алған бәріміз де ішкі түйсік қауіппенен ізімізді суытып үлгердік. Сандалып бос жүрісі көптеу боп көзге түсетін Әбілқасымның бұл қылмысы із-түзсіз кетпеді бірақ, бәрібір күдікке ілініпті. «Ұсталмаған – ұры емес, дүдәмал дәлелі қайсы, кекшіл де нойыс» (әкемнің сөзі). Атамыз аңысын аңдып жүреді екен, қызымды жылатты дегенді сылтау етіп топ баланың ортасында арық жағасында ойнап отырған Әбілқасымды ұстап алып, екі құлақтан басып, суға тұншықтырып үлкен азар берді артынша. Жүгіріп жеткен шешемнің алдына барып «қайнағалап» сәлем салып, сауға сұрағанына да міз бақпады. «Нәлеті, нәлетілеп» тіпті, өшіге түсіп еді бейшара, бейбақ шал. Ертеңіне өз есегі өзін теуіп төрт бірдей күрек тісінен айрылды деген сыпсың сөз үй-үйді аралап кетті. «Үйі күйіппе екен сонша, имансыздың!?» деп назаланған көкем азанға дейін шошынған баласын күзетіп, дем салып отырыпты. Арада біраз жылдар өткенде үйден оқшаулау тұратын мал қорасының ішінде белгісіз жағдайда кенеттен жан тәсілім етіп, біраз уақыт жатып қалған бейбақтың сыртынан көпшіліктің «ниеті қалыс адам еді, иманы да үйірілмей айдалада мүрдем қапқанын көрмеймісің?..» дегенге саятын сыпсың сөздері желдей есіпті. Нала мен сөздің де киесі болғаны ма, кім білген оны? Қалай болғанда да, бейдауа бос жүріс пен қарекет-қамсыз, тірлікке жегілмеген ойын баласының кездейсоқ қатерге біртабан жақын болатынын ұқпайтын кезіміз ғой.
Біз ұйқыдан тұрғанда өзіміз қатарлы балалардың есекпен екінші мәрте шөп орып әкеле жататыны да рас еді. Сосын да шығар, көпшілік ата-ана балдарының бізге ергеніне онша ықыласты емес-тін: «Бибайша бала жұмсамайды, Апылатын болады дейтін шығар...» деген сыңайдағы шешем айтып отыратын қаңқу сөздердің, осылайша өмір бойы ұмытылмас таяқ болып тигені бар. Мен сонда да сабақ басталған сонау қара күзге дейін Әбілқасымнан бір елі ажырамаймын. Оған қарағанда менің беделім оқу басталған соң ғана артады, әзірге трактордың тележкасы сияқты ағасының жанынан бір елі ажырамайтын бейпайда кезбенің бірімін.
Сонымен, көп ұзамай көкем құнажын тайдай ақ есекті ерттеп, таңертең көлденең тартты. Ұйқылы ояу мінгескен екеуміз көкеме еріп қауындыққа, дала қосына шықтық. Митыңдаған есек жүрісі өнбейді-ау өнбейді. Ауыл сыртындағы «Шошқа базының» арғы жағындағы бақшалыққа жеткенше күн де көтеріле бастап еді. Келе аударылып есектен түскен бойда көженің суы мен жейтін нанымызды күркеге кіргізіп, есектер арқандалысымен көкем мені бір арықтың, әрегірек Әбілқасымды екінші арықтың басына апарып, қалың өскен шиінді тықырлап қалай ору керек екенін көрсетті де, шөлдедім деп арықтан өлі су ішпеуімізді қайта-қайта ескертіп, өзі кетпенін арқалап әрірек кетті. Тымпыңдап шама келгенше қимылдап жатырмын. Байқаймын, Әбілқасым сол әлгінде отырған жерінен онша ұзай қоймайды. Шұқшиып, иықтарының қопаң-қопаң еткенін көріп «е-е, орып жатыр екен ғой» деп ойлаймында, қалып қоймас үшін қимылды одан сайын үдетемін. Біраздан соң күн қыза бастағанда көкем келіп күрке жанына қаланған тас ошаққа шәй қойып, «шөлдеп қаларсыңдар» деп бізді шақырады. Мен жүгіріп келем, ал ол қозғала қоймайды, еңкейіп бірнәрсе істеп жатыр әйтеуір. Біраздан соң «шақыр ананы, тым күйбеңдеп кетті ғой, не істеп жатыр өзі? Мандытқаны шамалы сияқты, орақ түскен жерден ұзамапты ғой...» деген көкемнің күдігі расқа шығады. Жүгіріп жанына бардым да, жылан шаққандай баж ете қалдым: «Ойбай көке, мынау түк те ормапты!» Арықтың 5-6 қадам жерін орып тазалап, айнадай етіп тазарған арықтың ылғалды табанын ернеуіне дейін сумен шылап, жалтыратып, жыңғыл таяқшаларымен ойып, неше түрлі сурет салып тастаған. Арықтың басына жыңғылдан қазық қағып, жас шиіннің ұзын сабағын жіп етіп бір кірпіні артқы аяғынан байлап қойыпты. Басына күрке сияқты шатыр орнатқан онысы түртінектеп босана алмай әлек. Менің арызыма әкем аса мән берген жоқ, тек: «Қайтесің балам, жазықсыз мақұлыққа қиянат етпей босатып жібер, обал болады» деді де, бізге бауырсақ пен көженің суын ұсынды. Жиде қадалармен белдеуленіп қамыстан тоқылған кең күрке ішінде шәй-суымызды ішіп, әлденіп алғаннан кейін, екінтіге дейін ұйықтау керек екенін айтып, өзі атыз арығын аралап кетті. Біз әуелі жиегін қалың қамыс басқан үлкендеу каналға суға түсіп салқындап алдық та, келіп ұйқыға жаттық. Ойымнан байлаулы кірпі кетпейді. «Оны қалай ұстадың? Неге байлап қойдың? Кірпі –қозы емес қой, сирағын қалай шығардың?» дегенді ежіктеп жатып ұйықтап кетіппін. «Сен де кірпі ұстап алып байлап қойсаң, жаныңа жылан жоламайды» дегені еміс-еміс есімде. Ұйқыдан тұрсам көкем есектерді ерттеп, Әбілқасым «кеш болды, қайтайық» деп күркені жинастырып жүр екен. Ал «енді отырыңдар балаларым, бата берейін» деген көкемнің ишарасымен алақандарымызды жайып отыра қаламыз. Содан көкем: «Әуелі Құдай оңдасын, екінші әруақ қолдасын...» деп басталатын ұзын-сонар жадымызда ес білгеннен бері әрбір қарпі жатталып қалған батасын береді мақамдап, қырағаттап. Бұл жолғы батасына «Я, пәруардігер ием, менің Әбілқасымжаныма ақыл-парасат, ықылас-ынсап бере көр» дейтін жаңа жолдар қосады. Әкелі балалы үшеуміз де «Әумин» деп бет сипаймыз. Бұл күнгі жұмысымыз да аяқталды-ау әйтеуір, «ойды опырып, қырды қырғандай» көңілмен ауылға асығамыз. Өкінішке орай, әкемнің ұйып отырып бар ықыласымен берген батасынан кейін де, кірпі арқандауды қойғаннан басқа көп нәрсе өзгере қоймайтын сияқты. Ертесіне де, одан кейінгі күндері де, сол баяғыша Әбілқасымның орақ орғанынан сурет салуы көбірек болатын. Өнер атты киенің иесін иектеп айналып қона алмай жүрген кезі болды ма, сол жылы қыс бойы сурет салумен шұғылданған Әбілқасым алдағы бар өмірінің арнасына түскендей байыз тауып, өзінше бір рақат әлемнің есігін ашқандай, көбіне өзімен-өзі болатын мінез тапты. Шығармашылыққа басқан алғашқы қадамы осы қыстан басталған болар, бәлкім. Қалған өмір жолындағы бал ішкен – бағы да, у ішкен - зары да осы сурет өнерімен тікелей байланысты болғаны анық.
Қазақ әдебиеті классик жазушылары қатарына енген үлкен ағамыз Оразбектің атақ-даңқы көлегейлеп, көлеңкесінде қалып көп көріне қоймаса да, Қазақстандағы «Мен» деген суретшілерді үнсіз мойындатқан дарын иесі – Әбілқасым Сәрсенбайдың да дүниеден мезгілсіздеу өткеніне 100 күн толыпты. Балалық бал дәуренің өткен Аққұмшығың жетімсіреп қалғандай, елегзіп көңіл құлазитын бір меңіреу тыныштық орнағандай ауылда. Тауықтың шақырғаны мен есектің ақырғаны да естілмейді. Көшеден жүгірген ит пен ойын баласын да көрмейсің, өзің асыр салатын каналдың да жағасы бос. Ауыл сыртын азан-қазан етіп шаңдатып қайтатын қарасы қалың төрт түліктің де, малдарын түгендеген иелерінің жаң-жұң дауысы да естілмейді. Жаудай жабылып түтіп жейтіндей ызыңдайтын қалың масаға қарсы әр үй сайын қойылып, ымырт жабылғанша қол созым жерде шұбатыла көлбеп, қалықтап тұрар түтіндіктің де иісін алмағалы қашан? Өзіңнің асық атып, футбол тебетін тақырдың үсті асфальтті жол, айнала жапатармағай үйлер түсіпті, аузын шымшып байлаған қанар қап сияқты бәрі де қымталған, қаңылтыр қора, құлыптаулы темір есік. Аққұмшығыңда баяғы бала кездегідей ештеңе жоқ, бәрі де бөтен сияқты, бәрі де өзгеше. Өз жөнімен жөңкіген өгей өмір! Бақұл бол, жан аға!
Исабек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ