Ұйқыны ұмытқан Ұқан
Сол бір елуінші жылдары Ұқанның (шын есімі Ұлықпан) әкесі Айып ақсақал қолынан кетпені түспеген диқан еді. Ілуде үйіне бара қалсаң қолынан бізі, жібі мен жуалдызы түспей, етіктің кеткен жерлерін жамап немесе былғарыдан мәсі тігіп, шұқшиып отыратын шеберлігі де бар-ды. Бір кереметі, сол кезеңде ағаштан түйін түйіп, қазақтың ақбоз үйінің кереге-уығын, шаңырағы мен есік-маңдайшаларына дейін қолдан ойып, өріп, әсем безендіріп, күллі ауылдастарының тапсырысын орындау үшін күндіз тоғайдан тобылғы мен тораңғыл тасып әкеліп, қас қарайғаннан түнге дейін оны тынбай кесіп, жонып отыратын маңқа Жұмабек ұста, тігіннің хас шебері атанған Боқайдың Боранбайы, бірі етік, екіншісі тон тігуден қолдары босамайтын ағайынды Нұртай мен Бектөре, Бекмұрат пен Әжмұрат сынды аталарымыз өмірге кейінірек келгенде, кім білсін, бүгінгі күні кәсіптерін дөңгелентіп отырған нарықтың нағыз нар тұлғаларына айналып отырар ма еді деп ойлап қоямын. Қызығы сол, мұндай шеберлер біздің «Қызыл туда» ғана емес, әр ауылдың өзінен табылатын.
Әрине, сол ата-әжелеріміздің бүгінде көздері кеткенімен, өздері ұрпағына өнеге, тағылымы мұра болып қалды. Соның бір ғана мысалы, кешегі есімін біреу білсе, біреу біле бермейтін қатардағы жүргізушіден қазіргі кезде күллі аудан халқының мақтанына айналған марғасқа кәсіпкер Ұқан Мұсабеков дер едім. Бұл күндері оны ауылдың үлкендер жағы «Е-е, өзіміздің Ұқан, баяғы Айып ақсақалдың баласы ғой» десе, кейінгілер көктен түскендей етіп: «О, Шиелінің шонжары келе жатыр» – деп анадайдан құрақ ұшып, айналасына үйіріле қалады. Ал, Ұқан болса, сол баяғы қалпы, өзінің кім екені қаперіне де кірмейді. Тіпті, ол жөнінде ойлап жатуға Ұқанның уақыты да, құлқы да жоқ. Есіл-дерті кәсібін қалай кеңейтіп, дөңгелете түсудің қамымен қашан көрсең де қарбаласып жүргені.
Әкесі Айып ақсақал да сондай тынымсыз болатын. Көктем басталғаннан кетпенін иығына асып, қауындық алқапқа тартып, шыжыған шілдеде де шақырайған күннің астында ақ бүршек орамалмен маңдайын шарт түйіп алып, таңның атысы, күннің батысы бір тынбайтын. Жаздың соңы мен күздің қыркүйегі басталды дегенше мұнда келушілер көбейеді. Жаз бойы «қалайсыз?» деп ат ізін салмаған бригадир де, жайлаудағы малшылардың жайын ойлаған ферма меңгерушісі де, не керек, колхоздың кіл атқамінерлері Айып пен Сәрсенбай (жазушы Оразбек Сәрсенбаевтың әкесі) ақсақалдарға өздерінің көліктерімен жетіп келіп, пісіп, теңкиіп-теңкиіп жатқан сап-сары күләбілері мен қарбыздарын, томпиған торламалары мен уылжыған басбалдыларын, түрікменнің ала қауындары мен пышақтың ұшы тисе «дарр» ете түсетін, дәмі тіл үйіретін сары жолақ әмірелерді машиналарына сықай тиеп алып, жөндеріне тартып отырады. Күріш орағына көмекке келген студенттер де қауынға қарық болып жатады. Оны өлшеп, санап жатқан жан жоқ, есеп-қисаппен қауын бригадир Ахатбек көкеміздің де шаруасы жоқ. Қауыннан Ахатбек күләбі, Айып күләбі сорттары шығып, елге танылатыны да сол кезең.
Иә, сол кездің өзінде жастары жетпісті орталап қалған екі ақсақалдың да зейнетақы алатын-алмайтынын білмедім, бірақ еңбекақылары мардымсыз болғаны анық. Сонда да гектарлап егіп, тонналап өнім өндірген олар: «Біз пәлен тонна қауын өндірдік қой» – деп ешкімге шағынып жатпайтын, барға қанағат тұтатын. Ал, қауыннан қолы босаған сәттен бастап Айып ақсақал енді сонау көктемге дейін өзі баптап үйреткен ителгі, қаршығаларымен саятқа шығып, қоян, қырғауылға қоржынын толтырып әкеліп, үйге олжасыз оралмайтын. Ара-арасында етікшілік кәсібімен де бұйырған нәпақасын тауып, бір сәт қарап отырмайтын. Оның тура осы қасиеті ұлы Ұқанның бойына дарып, қанына сіңіп қалғандай. Ол да қысы-жазы бір тынбайды. Ұқанның мектеп бітірген аты болмаса, шопырлықтан өзге оқуы да жоқ-ты. Бірақ қос-қос дипломы барлардан абырой-беделі артық болмаса, бір де кем түспейтінін бәрі де жақсы біледі.
Еңбек жолын өзінің жеті жасында қайтыс болған анасы Орынбасардың туған інісі, кезінде аймаққа белгілі тұлғалардың бірі болған ағамыз Қожахмет Ботабаев басқарған аудандық колхозаралық құрылыс мекемесінде жүргізуші болудан бастаған Ұқан отыз жыл бойы, содан бері мұнда қаншама басшы ауысса да, жекешелендіру желеуімен ұжымы тарағанша табан аудармастан жұмыс істеді. Екінші анасы Пәкиза шешей де бар жылы-жұмсағын қарындасы Райхан екеуінің аузына тосып, отбасының берекесін келтіріп отырған соң Ұқан да үйге көп алаңдай қоймай, жұмыстан өзгені ойламайтын. Сол еңбегін ескерсе керек, нарықтың енуіне орай мекемесі тарап, дүниесі бөліске түскенде ұжым мүшелері Ұқанның өзі мініп жүрген машинасын атына жекешелендіріп алуына шешім шығарады. Әрине, орайлы сәті туған бұл мүмкіндікті Ұқан да қалт жібермей, енді көлікті қалай пайдаға жаратудың шараларын қарастырып, осы мақсаттағы алғашқы қадам Өзбекстаннан көкөніс әкеліп сатудан бастады. Сөйтіп, ақшаның да шеті қылтиып, бұл іске енді келіншегі Орынкүл де қосылып, екеуі бірдей білек сыбанып, құмбыл кірісіп кетеді.
Соның арқасында ауладағы ұзынынан созылып салынған жазғы қоныстың шеткі бір бөлмесін көше бетінен арнайы есігін орнатып, азық-түлік өнімдерін сататын дүкен етіп ашып қояды. Бұл сол маңайдағы тұрғындар үшін керемет жаңалық болып, енді олардың бәрі осында ағылуға көшіп, саудалары қызып сала берген. Сөйтіп, не керек, күнде әрі өткен, бері өткенге көз сүзіп, базарда табанынан тозып, сарылып тұратын Орынкүлдің құдайы беріп, дүкенінен артыла алмайтын жағдайға жеткен тұста жүк машинасын сатып, жолаушылар таситын газель, микроавтобус көліктерін мінген Ұқан мен оның ортаншы ұлы Мұрат екеуі тендерлерден жеңген Шиелі – Қызылорда, Шиелі – Түркістан маршруттары бойынша бозала таңнан шығып, түнге дейін тыным көрмейтін. Кейін үлкен ұлы Мақсат та ішкі істер бөліміндегі қызметінен отбасылық бизнеске біржола ауысып алады. Бұл кезде кенже ұлы Саматы да қатарға қосылып үлгеріп, қалааралақ жолаушылар көлігінің тізгінін ұстап жүрген-ді. Мұсабековтер ауласы, сөйтіп, көп өтпей-ақ 12, 18 орындық жаңа микроавтобустармен толыға түседі.
Не керек, сөйтіп жүрген күндердің бірінде көшенің қарсы бетінде тұратын көршісі, кезінде Өзбекстанда басшы қызметтер атқарып, кейінгі жылдары елге қоныс аударып, нақ осы жерден құрылысы ерекше екі қабатты үй салып, көшіп келген Құлымбет ақсақалдың кенже ұлы Данияр жолығып: «Ұқан аға, сіз бен біз көрші емес, туыстан бетер туғандай болып кеттік қой. Былтыр әкем қайтқанда да өзіңіз аяғыңыздан тік тұрып, қызметіңізді жасадыңыз. Әкеммен тірісінде ағалы-інілідей қоян-қолтық араласып, үлкендігін сыйлап, оның қай айтқанын да екі еткен емессіз. Өзіңіз де біздің таяу арада жаңадан салып жатқан үйге көшетінімізді білетін боларсыз. Әкем көзі тірісінде: «Мына үйді Ұқаннан өзге ешкімге қиғым келмейді...» – деп отырушы еді. Шынын айтсам, аманатқа қиянат жасағым жоқ. Шамалы жиып-тергеніңіз бар шығар. Қымбат та айтпайын, қинамайын да, бөліп-жарып төлей жатарсыз. Балаларыңыз бар ғой, осыны өзіңіз алыңыз. Алыңыз да, балабақшаға айналдырыңыз. Менің онсыз да өз кәсіптерім бар, құдайға шүкір, өзіме жетеді...» – демесі бар ма?
Даниярдың жаңа қонысқа көшкелі жүргенінен хабары болғанымен, тап бүгін мұндай ұсыныс жасар деп күтпеген Ұқан қапелінде айтарға сөз таппай, сасып қалғандай. Тіпті, не істеу керектігіне дейін өзі айтып тұр. Көктен тілегені жерден табылғандай. Ұқан бәрін безбендеп жатпай, бірден келісті. Орынкүл де, тұңғышы Мақсат пен келіні Айжан да, ұлдары Мұрат пен Самат та, қызы Ғалия мен дәрігер күйеу баласы Нұржан да үш ұйықтаса түсіне де кірмеген бұл тосын ұсынысты қуана-қуана құптаған. Содан Ұқан Орынкүлін ертіп Шиелінің ішіндегі, одан Қызылорда асып, Шымкентке дейін барып, балабақшаларды аралап, олардың тәжірибелерімен танысып, көп жайттарды көңілдеріне түйіп қайтып, қажетті жабдықтар мен көрнекі құралдарды сатып ала бастайды.
Сөйтіп, не керек, көрші Даниярдың үйі қолға тиген бойда бәрін сақадай сайлап, ауданда өткен тендерді бүлдіршіндерді күнде таңертең маңайдағы көше-көшеден балабақшаға өздерінің микроавтобустарымен жинап әкеліп, кешкісін үйлеріне жеткізетін артықшылығымен жеңіп алған. Бұған, әрине, сол төңіректегі тұрғындар да айрықша қуанып, келетін балалар саны күн санап артып, қазіргі кезде мұнда тәрбиеленетін бүлдіршіндердің қатары 100-ге жуықтаған. Сонымен, балабақша меңгерушілігін атқару ісі экономист мамандығы бар үлкен келіні Айжанға жүктелсе, ұжымның есеп-қисабын жүргізуді қызы Ғалия өз жауапкершілігіне алады. Қазір Мұсабековтердің жекеменшік «Айсұлу-Ұ» балабақшасында маман тәрбиешілері мен күтушілері, әдіскері мен психологі, медбикесі мен аспазы бар, қысқасы, жиырма төрт адам қызмет етеді.
Отбасылық бизнес иелері енді мұнымен ғана шектеліп қалмай, кәсіп аясын кеңейте түсу үшін фермерлік шаруашылықпен айналысуды да мақсат тұтып, Шиелі кентін қақ жарып өтетін темір жолдың екінші жағында орналасқан өз үйлеріне жақын маңдағы мал базарының қарсы бетінде бос жатқан алқаптан 1,2 га. жерді жекешелендіріп алып, оны бетон қабырғалармен қоршайды. Сөйтіп, көше жақ бетінен 50 орындық «Мадина» дәмханасын, тандыр нан, басқа да түрлі нан өнімдерін пісіретін пешін, банкет пен бильярд залдарын, жанынан мал дәрігерлік дәріхана, тағы бір мүйісінен кірпіш шығаратын цех салып, әрірек шеткі бөлігін фермерлік шаруашылығына арнаған. Жеке-жеке бөліктерге бөліп, заманауи үлгіде салынған жылқы, сиыр, қой қораларында әрбір жануардың өзінің арнайы орны, алдарында суы, жемі мен шөбі тұратын жылжымалы астаулары жасалынған. Қораның іші тап-таза, тап-тұйнақтай, малының асты да құрғақ. Ұзынынан ұзын созылған қоршаудың соңғы бөлігі тауық өсіру үшін арнайы жабдықталыпты.
Бәрінің де өздерінің қызметшілері, мал мен құсқа қарайтын өз адамдары мен күтушілері бар. Осы тұтас шаруашылық кешеніне ортаншы ұлы Мұрат пен келін Бота бас-көз болып, мұнда қызмет жасайтын оншақты маманның жұмысына басшылық етуде.
Ал, жақында ғана үйленген кіші ұлы Саматтың жары Балжан – ұстаз, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Енді немерелерінің алды да есейіп, өніп-өсіп, қолқабыс көрсетуге жарап қалғанына да тәуба етеді атасы. Олардың да күні ертең-ақ өз жолын жалғастырып, кәсіптің қаһармандарына айналып, Мұсабековтер әулетінің абыройын асқақтата түсеріне Ұқан сеніммен қарағысы келеді. Несі бар, ол күн де алыс болмас. Біз де сенейік.
Міне, Ұқан достың бүгінгі сан салалы шалқыған шаруашылығының келте қайырғандағы шынайы шежіресі осындай. Өз меншігіндегі балабақшаның тәрбиеленушілері үшін дейсіз бе, әлде дәмханасының, банкет пен бильярд залдарының қонақтары үшін дейсіз бе, кім үшін керек десеңіз де, мейлі, еті мен шұжығы, тауығы мен жұмыртқасы - қорасында тұр, тандыры – пешінде, жемісі мен көкөнісі – үйінің бақшасында, тәттісі мен сусыны дүкенінде тұр. Ол бас-аяғы қырыққа жуық адамға айлығын тауып беріп, жұмыспен қамтып отырғанын да назарыңызға іліп қойыңыз.
Иә, Мұсабековтер отбасылық бизнесінің иесі әрі құрылтайшысы. Кәсіпкер Ұқанның қиялы қияда, болашаққа деген жоспары бұдан да зор, биік мақсаттарды көздейді. Қашан көрсең де ол жол үстінде, ой үстінде жүргені. Лайым, сол жолы таусылмасын, ойы өрге бастай берсін деп тілейік.
Мұрат КҮЛІМБЕТ,
ардагер журналист
ардагер журналист