Қол күбіні тоқ күбі алмастырып барады
Қазіргі кезде ауылдарда қолдан жасалған күбіні кездестіру таңсыққа айналып барады. Оның орнын пласмассадан жасалған күбі мен арнайы тоқпен пісетін сеператор басты. Бұл техникаға көшкелі күбі архаизмге айналып, әсіресе қалалы жерлерде мұражайға қоныс тепкен.
Қазіргі уақытта қазақы болмыс пен салт-дәстүрімізді үлкендер бізге ұрпақ сабақтастығымен бойымызға сіңдіріп келеді. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан сүт өнімдерін алуға негізделген құрал – күбіні, сан ғасырлар бойы сақтап, бүгінде мәдени мұраға айналып отыр. Дегенмен ата-бабамыз жасаған әр заттың өзіндік қасиеттері жетерлік.
Қазіргі уақытта қазақы болмыс пен салт-дәстүрімізді үлкендер бізге ұрпақ сабақтастығымен бойымызға сіңдіріп келеді. Ата-бабадан мирас болып келе жатқан сүт өнімдерін алуға негізделген құрал – күбіні, сан ғасырлар бойы сақтап, бүгінде мәдени мұраға айналып отыр. Дегенмен ата-бабамыз жасаған әр заттың өзіндік қасиеттері жетерлік.
– Қазіргі таңда күбі пісу ұмытылып барады. Тіпті, жасөспірімдер онымен қалай пісу керектігін білмейді. Айранды ағаш күбімен пісіп, майын алғанға жетпейді. Әрі денсаулыққа да пайдалы. Оның пісу әдісі де ерекше. Дәмі де айрықша болады, – дейді Мира апа. Иә, апамыз сөз арасында енесінің әуелі күбіні суға салып қоятындығын, одан кейін суға салынған ағаш ісініп, жарылған тұстары бітелетінін көріп үйренгендігін, бұл әдісті біреу-білсе біреу білмейтіндігін тілге тиек етті.
Күбі, әдетте қатты ағаштан – жидеден жасалады. Піспегі де солай. Жұмсақ ағаштан жасалса, іші бірте-бірте үгітіле бастайды. Аталмыш ыдысқа күтім керек. Ол сан ғасыр өтсе де қазақ халқының сүт өнімдерін алуға негізделген құралы болып сақталып келеді. Күбі күн сайын жуылып, кептіріліп, сүр еттің майымен, қойдың құйрығымен майланып, тобылғы, жүзген, құлмұрын ағаштары, қоғажай шөбі түбінің түтінімен ысталып отырады. Күбіде пісілген қымыздың да дәмі өзгеше. Қымыз бен айранның бойындағы бар дәрумен тек ағаш күбіде ғана сақталады. Ауылда тұрса да құрт жасауды, күбі пісуді білмейтін қыз-келіншектер бар екені жасырын емес.
– Бүгінде жұмысты жеңілдетудің небір тәсілдері шығып жатыр. Мына құрылғы қол күшін тіпті де керек етпейді. Арнайы моторды шелектің қақпағына таңып қояды. Ол электр қуатымен жұмыс істейді. Қатықты шелекке құйып, ток көзіне қосып қойсаңыз болды, 15-20 минуттан соң майы түсіп тұрады. Әрі ол уақытта басқа тірліктерімді бітіріп аламын. Күбімен пісіп, қолымды ауыртып тұрғаннан осы жақсы ғой, – дейді Гүлнұр есімді келіншек.
Иә, бүгінгі таңда барлық дүние автоматты түрге көшіп келеді. Ыдыс не киім жуу, күбі пісу, нан пісіру бәрінде тоққа қоссаңыз жетіп жатыр. Дегенмен ескірсе де ерекшелігін жоймайтын, табиғи дәмді тағамдар қолдан жасалған құралдардан шығатыны тағы бар. Сол секілді ағаш күбі сынды қасиетті ыдыстан пісіп шыққан айранның денсаулыққа пайдалы екенін жастар біле бермейді. Себебі, оның орнын газды сусынмен алмастырған. Мәселен, айран – шөлімізді қандырады әрі тойымды тамақ, қазақтың ең танымал ұлттық тағамының бірі. Ата-бабамыз кешкі астан соң, міндетті түрде 1 кесе айранды тұтынған. Бұл асты қорытуға көмегін тигізеді екен.
Бүгінде ер тұрман, астау, күбі жасайтын шеберлер ел ішінде саусақпен санарлықтай ғана. Әрі олардың қолынан шыққан дүниені базардан табу да мүмкін емес. Мың түрлі ұсақ-түйек сатылатын базардың өзінде ара-тұра табыла қалған жағдайдың өзінде хас шебердің қолынан шыққан дүние емес, арзанқол сапасыз болып шығады.
«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы», дейді Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласында. Рас, қазір нарықтың заңдылықтарын, қыр-сырын меңгеретін кезең. Әрі бұл орайда жастарды отансүйгіштікке баулу, төл тарихымызды танытуға да назар аударсақ. Қазір сананы оятып, салт-дәстүрімізді бойға сіңіріп, рухани кеңістігімізді ұлттық құндылықтармен толықтырар уақыт.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ