Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІНІҢ ДАҢҚЫН ЕҢБЕК ЕРЛЕРІМЕН ШЫҒАРҒАН

ШИЕЛІНІҢ ДАҢҚЫН ЕҢБЕК ЕРЛЕРІМЕН ШЫҒАРҒАН


Ғизат Ыбырайұлы Жүгірәлин жайында аудан жұртшылығы біле ме екен?

Бала кезімізде «Соғыс жылдарында Шиелі ауданын Ғизат Жүгірәлин деген азамат басқарды. Мінезі жұмсақ, жүзі жылы, мейірімді болатын. Соғыстан қажыған, теперіш көрген халыққа жайлы еді. Жалған жаланың, асыра сілтеушіліктің құрбаны болды жақсы азамат. Шиелінің түрмесіне қамапты. «Ойпырмай, түрме де құлазып кетіпті-ау. Мұндай екенін кім көрген, шаруашылық шаруасымен шапқылап жүріп көңіл бөлмеппіз ғой» деп айтыпты деген сөздерді ауыл қарияларынан еститінбіз...
Сол әңгіме үнемі жадымда жүрді. Кейін журналист болдым. «Өскен өңірде» жүргенде де Жүгірәлин жайында іздестіріп жүрдім. Нақты дерек таппадым...
1984 жылы қызмет бабымен Алматыға қоныс аудардым. Жүгірәлин өмірінің соңғы жылдарын Жетісу аймағында өткізіпті. Бірде қаланың орталық моншасында ортадан жоғары бойы бар, жасы алпыстың ішіндегі қоңырқай өңді ер кісімен танысудың реті келді. Алматының коммуналдық жалғыз моншасы болғандықтан кезек ұзын. Жасын құрметтеп, алдыма өткіздім.
– Ой, рақмет, мына ұзын-сонардан кешке дейін тұруым мүмкін еді, кешке қайту да қиын. Үлкенді сыйлағаныңа қарағанда ауыл көрген сияқтысың ғой,– деді.
– Иә, дөп бастыңыз, түбім Қызылорда облысы, Шиеліденмін, – дедім.
– Шиеліден! – Даусы ерекше шықты.
– Қай жерінен, «Төңкерісті» білесің бе? Ілияс Алтайбаевты танисың ба, сол уақытта колхоз бастығы еді, қазір жоқ шығар...Сұрақты жаудырды-ай келіп...
– Білгенде қандай, мен көрші «Еңбекші» ауылынанмын. Алтайбаевтың аталас ағайынымын. Әрине, атамыз қазір өмірден өткен...
Тоқ етерін айтқанда, 1943-1947 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ғизат Жүгірәлиннің өзінен кейінгі (бірге туған) інісі болып шықты. Есімі М-дан басталады, мен Мәке деп кеттім толық атын ұмыттым, есімде жоқ. Анасы екеуі сол жылдары «Төңкеріс» колхозында тұрыпты. Қайта-қайта сұраған Алтайбаев колхоздың төрағасы екен. Көп көмегін көріпті. Мектепті сонда оқыпты. Сол уақытта 17-18 жаста екен (1939 жылғы). 1947 жылы ағасы қызметінен босағасын анасын алып, еліне – Зайсан ауданының «Қаратал» совхозына көшіпті. Зейнетке шыққасын Алматыға қоныс аударған екен.Ол кісі бар болса, қазір 82-де...
Есімді білгелі іздеп жүрген азаматтың інісімен танысқаныма мен де, қамқоршы болған Алтайбаевтың дерегін білгенге ол да, қысқасы екеуміз де қуандық. Ғизат Жүгірәлин де бақилық болған екен. Журналист екенімді, жазатын ойымды білгесін ағасы Ғизат Жүгірәлиннің өз қолымен толтырылған «Жеке парақшасы мен өмірбаянын» келесі кездескенде әкеліп берді. Журналистің жұмысы біткен бе, әне, міне деп жүргенімде әлгі құжаттардан көз жазып қалдым. Бірақ, қағаздардың арасында жатқандай, табылатын сияқты көрінген. Арада 20 жыл өткенде жеке архивімнен табылды. Бірден жазуға отырдым...
Ғизат Ыбырайұлы Жүгірәлин еңбек жолын Зайсан ауданының (Шығыс Қазақстан облысы) Мамрак ауылында бастауыш мектептің меңгерушілігінен бастады. 1936 жылға дейін оқу бөлімінің инспекторы, мектеп инспекторы қызметін атқарды. 1936-1940 жылдары Алматының Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып, тарих мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1940-1943 жылдары Қызылорда облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1943-1947 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. 1947 жылдың соңында оқу-ағарту саласына қайта ауысып, Қызылорда облыстық оқу бөлімінің инспекторы болып істеді.
1952-1956 жылдары Алматы облыстық оқу-ағарту қызметкерлері кәсіп одағы кеңесінің президиум мүшесі, 1956-1967 жылдары Алматы облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты директорының орынбасары әрі осы мекемеде партия ұйымының хатшысы болды. Бұл қоғамдық маңызды қызметке қатарынан үш мәрте сайланды. 1967 жылы Іле ауданындағы №52 орта мектептің (Алматы облысы, «Горный гигант» совхозы) директорына тағайындалды...
Өз қолымен жазған өмірбаян жолдары – «Мен, Жүгірәлин Ғизат Ыбырайұлы, 1912 жылы 1 мамырда кедей шаруаның отбасында дүниеге келдім. Еңбек қызметім жайында кадрлар есебі жөніндегі жеке парақшамда тізіп жаздым. Қызмет бабындағы лауазымдарым жоғары органдардың бұйрығымен, шешімімен жүзеге асырылып отырды.
Әйелім Сейфуллина М.Я.Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру инс­титуты кітапханасында кітапханашы болып қызмет етеді. Үлкен қызым Жүгірәлина Шолпан ҚазПИ-ді бітірген, Көкшетау қаласында мұғалім, тұрмыс құрған. Жұбайы Көкшетау пединститутында оқытушы. Үш ұлым: үлкені Ерлан – Алматы мақта иіру комбинатында мастердің көмекшісі. Әскери борышын өтеп келген. КПСС мүшелігіне кандидат. Екіншісі Нұрлан – Алматы теміржолы депосында электромеханик. Ташкент теміржол транспорты инженерлері институтының 3-курсында сырттай оқиды, ЛКСМ мүшесі. Үшінші ұлым Руслан – мектеп оқушысы. Қызым Рая да оқушы.
Інім Жүгірәлин М. 1929 жылы туған, Зайсан ауданының «Қаратал» совхозында жұмысшы. Үйленген, үш баласы бар. Анам Закия Жүгірәлина, қазір 72 жаста, ініммен бірге тұрады.
Қарындастарым: Жүгірәлина Бижамал – 1934 жылы туған, тұрмыста, Зайсан ауданының «Қарабұлақ» совхозында шопан. Екінші қарындасым Бикамал – Алматының суретшілер техникумын бітіріп, Алматы мақта иіру комбинатында өз мамандығы бойынша істеп жүр. Үшінші қарындасым Нұркамал – кітапханашылар техникумын бітіріп, Тарбағатай аудандық партия комитетінің кітапханасында кітапханашы. Туысқандарымның ішінде сотталғаны, репрессияға ұшырағаны жоқ және болған емес.
Өзім Қазақстан КП Шиелі аудандық комитетінің бірінші хатшысы бола тұрып, заңсыздық етек алған кезеңде совхоз-артельдің жарғысы бұзылды деген желеу­мен КПСС қатарынан шығарылдым»...
Марапаттары:
Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және Ленин орденімен наградталған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1967 жылғы 29 шілдедегі Указымен «Қазақ КСР мектептеріне еңбегі сіңген мұғалім» құрметті атағы берілді.
Ғизат Ыбырайұлы Жүгірәлиннің Шиелі ауданын басқарған кезде атқарған және атқарылған жұмыстары: Ғизат Жүгірәлин ауданды төрт жыл (1943-1947 ж.ж.) басқарды. Ұлы Отан соғысының қайнап тұрған шағында ауданды басқарған бұл хатшы Шиелінің даңқын еңбек ерлерімен шығарды. Осы жылдары Отан соғысына ауданнан 3200 азамат аттанды, ауылда еңбекке жарамды ер кісілер қалмады деуге болады.
Аудан халқының патриоттық қозғалысы соғыс жылдары ерекше белең алды. «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасына «Авангард» колхозының колхозшылары 500 мың сом, Ким Ман Сам бірі өзі 105 мың сом, Жақаев 106 мың сом, «Гигант» колхозының төрағасы Хан Леонтий 150 мың сом өткізді. Ауданның өзге шаруашылықтары мен жекелеген адамдары да бұл ортақ істен қалыс қалмады. Үш күннің ішінде аудан бойынша банкке жеке адамдардан 2 миллион сом түсті.
Барлық күш майдан үшін жасалды. 1942 жылы жылы «Авангард» совхозының звено жетекшісі Ким Ман Сам 20 гектар күріштің әр гектарынан 160 центнерден өнім алса, «Үлгілі» колхозының қарт диқаны Маман Қалдыбаев әр гектардан 80 центнерден, Ұлдар Дәуішева («Қызыл Тудан») – 78 центнерден, Үрпек Жансариев («Үлгіліден») – 80 центнерден өнім алды. Ыбырай Жақаев ақсақалдың көрсеткіші бәрінен жоғары болды. Оның күріштігінің әр гектарынан түскен өнім 96 центнерден келді. Ал, 1943 жылы әр гектардан 130, 1947 жылы 5 гектар күріштің әр гектарынан 172-ден өнім келтіріп, дүниежүзілік рекорд жасады.
Соғысқа азық-түлік, аяқ киім, киімдер мен түрлі заттар жіберу – аудандық партия комитетінің күнделікті атқаратын маңызды ісіне айналды. Бірінші хатшы Ғизат Ыбырайұлы мұны іскерлікпен атқарды. 1943 жылы аудан комсомолдары мен жастары жаудан азат етілген Орлов облысына 219 центтенр астық, 12 мың сом ақша, 91 кг май, 1390 пар шұлық, 171 қолғап, 10 көйлек, 27 пима, 18 пар ботинка, 55 свитер жіберді.
1945 жылы аудан оқушы жастары Мәлік Ғабдуллин атындағы соғыс (боевая) машинасын жасауға 100 мың сом жинап беріп, Сталиннен алғыс хат алды.
Қызылорда облысынан майданға 60 тонна күріш, 40 тонна балық жөнелтілді. Бұл Польшада азық-түліктен таршылық тартып жатқан кеңес дивизиясына берілді. 1944 жылы Шиеліге азық-түлік алуға қан майданнан арнайы келген үш жауынгердің бірі – кейін елімізге белгілі қаламгер болған Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Əзілхан Нұршайықов өз естелігінде қызылордалықтардың, оның ішінде Шиелі диқандарының жоғарыдағы игі істерін толғана жазды.
Ғизат Жүгірәлин басшылық еткен уақыт қиын болғаны мен, аудан өмірінде теңдесі жоқ бірқатар жаңалық болды. Ким Ман Сам да, Ыбырай Жақаев та осы соғыс жылдары Сталин сыйлығының (кейінгі КСРО Мемлекеттік сыйлығы) лауреаты атанды. Соғыс аяқталған соң олардың ерен еңбектері бағаланып, Ким Ман Самға (1947 жылы), Ыбырай Жақаев пен Маман Қалдыбаевқа 1949 жылы (бір жылда) Социалистік Еңбеке Ері атағы берілді.
Сонымен қатар, соғыс жылдары «Авангард» колхозынан 16, «Гигант» колхозынан 12 Социалистік Еңбек Ері шықты. Соғыстың алғашқы үш жылында соғыстан бұрынғы үш жылмен салыстырғанда аудан еңбеккерлері Отан қоймасына 45 мың центнер астықты артығымен құйды. Осы жылдары аты шыққан диқандар Ыбырай­ Жақаевтың, Ким Ман Самның, Маман Қалдыбаевтың, Шырынкүл Қазанбаеваның, Ұлдар Дәуішеваның, Үрпек Жансариевтің, т.б. еңбек майталмандарының ерен істері мен есімдері кейін бүкіл елге тарап, егіншіліктің туына айналып кетті.
Соғыс кезіндегі үш жылда (1942-43-44 жылдар) мемлекеттік және қорғаныс қорына мал өнімдері, мал терісі оның алдындағы үш жылдағыдан анағұрлым артық тапсырылды. Әр 100 аналықтан қозы, бұзау, құлын, бота алу жоспары артығымен жүзеге асырылды...
«Ал, қанеки, санап көр, санағышым,
Сарқылмастан тұрғанда сана-күшің.
Не жақсылық көрсетті адам саған?
Не жақсылық жасадың адам үшін?!– деп Мұқағали ақын жырлағандай, кезінде жазықсыз жазаланған Ғизат Ыбырайұлы Жүгірәлин Шиелі ауданын басқарған 1943 – 1947 отты жылдары шаруашылықты нығайту, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылған ерен істердің бір парасы осындай...

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Шиелі ауданың
«Құрметті азаматы»

12 сәуір 2021 ж. 853 0