Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕМІР ҰСТАСЫНАН БАС РЕДАКТОРҒА ДЕЙІН

ТЕМІР ҰСТАСЫНАН БАС РЕДАКТОРҒА ДЕЙІН

Арманың асқақ болса, мақсатқа жеткізбей қоймайды...





Мен «Өскен өңір» газетінде қызмет атқарып жүргенімде Алтай өрімдей бозбала болатын. Мектеп қабырғасында жүрген кезінен мақала, өлең жазып, редакцияға әкеліп тұрды. Ол білім алған №45 қазақ орта мектебі аудандық газет редакциясына жақын еді. Үзіліске шыққан кезінде келе салатын.
Дегенмен, Алтай қолына аттестат тиісімен ҚазГУ-ге емес, Қарағанды облысындағы Майқұдық қалалық №11 кәсіптік-техникалық училищесіне бірақ тартады. Себебі, тек өзіне аян.
Училищені бітірген соң «Қазақстан магниткасы» аталған Теміртау қаласындағы «Қазмеханомонтаж» тресіне қарасты металлургия зауытында темір ұстасы, монтаждаушы, дәнекерлеуші болып еңбек жолын бастайды. 1975-1977 жылдары аралығында әскери борышын өтеп елге оралған соң, Шиелі теміржол станциясында поезд құрастырушысының көмекшісінен бастап, 1 классты станция кезекшісі, коммерциялық бақылау пунктінің бригадирі, т.б. жауапты қызметтер атқарады. Теміржол тораптық комсомол, партия, кәсіподақ, ұйымдарына жетекшілік етеді.
Еңбек екпіндісі, жарыс жеңімпазы атанып, «Өз мамандығының үздігі» төсбелгісімен марапатталады. Бір ғажабы теміржолдың қай саласында жұмыс істеп жүрсе де, қаламын қолынан тастамайды. Салалық «Гудок», «Болат жол», «Теміржол» газеттеріне үзбей мақалалар жазып, болат жолдың бойындағы көкейкесті мәселелерді орынды көтеріп жүреді. Осылайша жазу машықтығын жетілдіріп, құмарлығын басып отырады.
Оны арманы алдамады. Бәрібір орағытып әкеліп журналистік бағытқа жетелеп, итермелей берді. Ақыры алғаш қаламын ұштаған аудандық «Өскен өңір» газетімен қарым-қатынасты жиілетуге тура келді. Бір сәті келгенде аудандық радиохабарын таратушы болып жұмысқа қабылданады. Келе-келе газеттің коммерциялық, транспорт және коммуникация, ауыл шаруашылығы, руханият бөлімдерін басқарды. Сатылап отырып газеттің жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, редактор, редактор-директор, бас директор, бас редактор қызметтеріне дейін көтерілді. Соңғы лауазымды ұзақ жыл атқарды.
Алтай басшылыққа келген жылдардың қиындығы аз емес еді. Егемендігіміз еркін қанатын жаза алмай, қай салада болса да кібіртіктеу болды. Газеттің ұзақ жылдар шыңдалған, бірі жүрегіне, бірі көзіне айналған журналистер қызмет бабымен жан-жаққа кеткен болатын. Жауапты хатшы Мұрат Күлімбет республикалық «Коммунист» журналына, редактордың орынбасары Қанапия Дәрібаев «Ара» журналына, осы жолдардың авторы Алматы облыстық «Жетісу» газетіне, Ақайдар Ысымұлы мен Серік Байхонов «Қазақстан» теледидарына қызметке ауысты.
Аупарткомның белді қызметкері болған – партиялық-ұйымдастыру бөлімін басқарған, көзіқарақты азамат Р.Мауяев бірде Шиеліде жолығып қалғанда «Сендер кеткелі «Өскен өңір» газетіне қиындау болып тұр...» деген еді. Міне, осы қиындықтан жас та болса, жүрегінде жалыны, қаламында қарымы мол Алтай алып шықты. Халықтың әлеуметтік жағдайының мәз еместігіне қарамастан газеттің таралымы төмендемеді, керісінше артты. Осы орайда аудан әкімдігінің көмегін, аудан жұртшылығының ыстық ықыласын айта кеткен орынды.
Алтай Айып жан-жақты, қазақы тұрғыдан келгенде жеті қырлы, бір сырлы азамат еді. Оның бойында қазақ азаматына тән жақсы қасиет көп болатын. Ол – ақын, көбінесе мәтін жазатын, публицист, журналист, әнші, домбырашы... тізе берсек, толып жатыр.
Жас кезінде редакцияға келіп жүргенде бағыт-бағдар беріп, қолжазбаларын қарап бергенім болмаса, онымен қызметтес болғаным жоқ. Бірақ сәлеміміз, бір-бірімізге деген ілтипатымыз дұрыс болды. Анда-санда ауданға қатысты материалдарымды жібере қалсам, кешікпей жарық көріп жататын. Мұны да құрметтің белгісі деп білемін.
Республикалық, облыстық баспасөз беттерінде мақалалары арасы үзілместен тұрақты жарық көріп келді. Екі кітабы шығып, шығармалары ондаған авторлық топтамаларға енді.
Алтай Айыптың шығармашылығына қоса саясаткерлік қыры да аудан жастарына үлгі. Ол облыстық және аудандық мәслихаттарға депутат болып сайланды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдік мәселелерді көтерген «Азат» қозғалысының аудандағы төрағасы, облыстық «Азат» қозғалысы төрағасының орынбасары болды. Басқа да халыққа қажетті маңызды мәселелердің басы-қасынан үнемі табылып отырды.
Алтай Айып өмірінің соңғы сағатына дейін қолынан қаламын тастамады. Бұл да ерлік. Өзі сүйген, жаны қалаған мамандыққа деген адалдық. Осындай аяулы, халқына қалаулы жан өмірден өткенде ауданда көзіне жас алмаған адам болмапты.
Әріптес інісі, танымал ақын Дүйсенбек Аяшұлының қайғылы қаза кезінде жазылған төмендегі азалы жыры бұл сөзіміздің дәлелі сияқты:
«...Көрісіп кісі кісіге,
Кемсеңдегені-ай иегі.
Көзжасын жұтып ішіне,
Жылап тұр бүгін Шиелі» деп аяқталады өлең.
Іскерлігімен, өнегелі тірлігімен, өміршең өлеңімен, қайраткерлігімен шиеліліктерді тәнті еткен Алтайдың тұлғасы жыл өткен сайын зорайып, Алтай тауындай асқақтай беретініне сеніміміз мол. Лайым солай болсын!



Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстанның «Құрметті» журналисі,
Қазақ Журналистикасының қайраткері

10 тамыз 2019 ж. 1 118 0