Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БЕРМЕГЕНІ КӨП ЕДІ БЕРЕРІНЕН

БЕРМЕГЕНІ КӨП ЕДІ БЕРЕРІНЕН


Ақын, журналист, «Өскен өңір» газетінің ардагері Қуаныш Уәлішерұлы туралы бір үзік сыр
1980 жылдың жазғы салым кезі еді. Күн жексенбі. Үй тіршілігімен бақша ішінде жүргенмін. «Ассалаумағалейкум!» деген дауыстан оқыс бұрылсам, ортадан жоғары бойы бар тығыршықтай жас жігіт күлімсірей қарап, қос қолын ұсынып тұр екен.
– Уағалейкумассалам, – деп ұсынған қолынан қыстым.
– Қай баласың, қайдан жүрсің, нендей шаруаң бар?
– Болашақ журналист болам ба деп жүрген талапкермін. Университеттің журналистика факультетінде сырттай оқимын. Мектепте жүргенде «Өскен өңірдің» белсенді ауыл тілшісі болдым. Анама, бауырларыма көмектеспек ниетпен ауылға келдім. Сізді сыртыңыздан білемін, жазғаныңызды оқып тұрамын. Жауапты хатшы болып істейтініңізден де хабарым бар. Жаухатшы деген газет штабының жетекшісі ғой, алдымен бұйымтайымды өзіңізге айтайын дедім.
– Оның жүйелі сөзі қолынан жазу келетіндігін аңғартқандай.
– Бұйымтайыңды түсінгендей болдым, інім, Ертең редакцияға соқ, жазғаның болса, ала кел. Редакторға кіреміз, сөйлесеміз, – дедім...
Бұл белгілі журналист, ақын, прозашы Қуаныш Уәлішерұлымен болған алғашқы таныстық сәті еді. Жұмысқа корректор болып қабылданып, редактордың орынбасарлығына дейін көтерілді.
Мен қызмет бабымен Алматыға қоныс аудардым. Қуаныш редакция­да қалды. Бөлім меңгерушісі еді. Аупарткомның партиялық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Сейілбек ­Аманжолов­ мырзаға өтініш айтып, партия мүшелігіне кандидат қылдық. Сосын газет редакциясының жауапты хатшылығына бекіді. Қызметіне мығым болды. Кейінірек елгезектігі мен қабілеттілігі нәтижесінде аудандық комсомол комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Бұрын-соңды аудан журналистері арасынан осындай жоғары дәрежеге көтерілген азматты мен білмеймін.
Қуаныш Уәлішерұлы жап-жақсы ақын еді. Газеттен қолы босаса, өлең жазатын. Кейде әңгімеге де қол ұратын.
«Білмеймін қанша жылда өткенін,
Белгілі мәңгі жырлап өтпегім.
Каналдарыңа қабырғамды көпір қып
Төсеймін, қалса қирап өткелің,
Кемеңгер менің Шиелім!
Ізім сіңіпті көшелеріңе,
Еркелік желі еседі елімде.
Тобықтан қаққан тасыңды сырып
Төсегің болып төселермін де
Сене бер, менің Шиелім!..»
Немесе:
Құдығы, көлі, құмы, сулары,
Табиғат-Тәңір уысындағы.
Адамы, құсы, үлкені, кіші,
Талқаны ортақ туысым бәрі
Арыммен күйген Шиелім.
Ұлылық сынды ұқсас өлеңмен,
Табиғаты ортақ тұтас денеммен,
Көңілімдегі түйткіл шерімді алып
Өмірімдегі шын сөзімді алып
Бақыты болған бақ-дәстүріңнің
Қайта қонарына сенемін мен,
Барыммен сүйген Киелім!..»
Бұл Қуаныш ақынның Шиелі туралы әркездері толғаныстан туған жырлары.
Ақын Қанапия Дәрібаев бастап, Мұрат Күлімбетов, осы жолдардың авторы, Серік Байхонов, Ақайдар Ысымұлы бәріміз сол кездегі астана – Алматыға бірімізден кейін біріміз қопарыла көштік. Зәкім ағамыз жалғызсырап қала берді. Өзіндік орны, қолтаңбасы бар газетте Сәфи Құрманаев, Тұрғанбек Кәрімқұлов, Серік Пірназаров, Қуаныш Уәлішерұлы, Алтай Айып сияқты шағын шығармашылық ұжым жұмыс істеді. Жергілікті қаламгерлер Таубай Ортаев, Асанғали Сағындықовты қатарына тартты.
«Болғам жоқ алаң даламда
Әулие қарттар жүргесін...» деп Сағи ақын жырлағандай, біз де Алматыда шаруамызды атқарып алаңсыз жүре бердік.
Қуаныштың бүкіл саналы ғұмыры журналистикаға арналды. Оның ішінде жоғарыда өзі жырлағандай, «Өскен өңірде» өтті. Өлеңге қайырылуға мұршасы болған жоқ. Оқта-текте жазған өлеңдерінің өзі өткірлігімен көзге ұрып тұратын.
Шиеліде Дүйсембі Смайылов деген абыройлы да іскер азамат, қайраткер-журналист болды. Аудан журналистикасының ауыртпалығын көтерген азамат. «Өскен өңірді» өзі ұйымдастырып, атауын да өзі қойып, тұңғыш редакторлық міндетті атқарды. Газет жұмысын жолға қойғасын аудандық партия комитетінің хатшылығына сайланды. Одан да жоғарылап Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газеті редакторының орынбасарлығына жетті (ол уақытта редактор деп аталатын,«бас» деген сөз кейін қосылды).
Аяқ астынан Дүйсембі ағамыз апатқа ұшырап, жұмбақ өліммен көз жұмды. Әлде бір қаскөйлер жүріп бара жатқан пойыздан елсіз жерге ағаштардың арасына лақтырып жіберген деседі... Аудан халқы күңіреніп кетті. Сөзін арнамаған, жырын бағыштамаған ақын аз еді. Арнау жырлардың ішінде Қуаныштың жоқтау жырының шоқтығы биік болды. Оқып көрейік.
«Түйресеңдер түйреңдер жиде, шеңгел,
Сүйер едім құшақтап сүй десеңдер.
Ауырды деп айтпас ем осы қазір,
Оңды-солды он рет сүйресеңдер!.
Желкілдетші желменен желегіңді,
Мұндай болар демеп ем мен өлімді.
Басымды сәл көтерші, көре ме екем,
Көңілім қимас Шиелім, Жөлегімді.
Жаза алмап ем жан тербеп өлеңіммен,
Қалдырайын атымды мен өліммен.
Ақындығын әкімдік жұтып қойған
Азамат ед деріңе сенемін мен...»
Жападан жалғыз апатқа ұшырап, жантәсім жасап жақан ақынның жәй-күйі, қиын сәті барынша сенімді әрі аянышты суреттеледі. Қуаныш Дүйсембі ақынның монологын былайша:
«Қорықпаймын, ағайын, мен өлімнен,
Топырағыңа тігілген терегің ем.
Бойда кетті күллі арман, ақын қиял,
Бермегенім көп еді берерімнен!..» – деп түйіндейді. Запыранға, мұңға толы осы бір күйінішті жырын Қуаныштың өзіне қаратып айтуға да әбден болады: Бермегені көп еді берерінен...

Сәрсенбек Бекмұратұлы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Михаил
Шолохов» алтын медалінің иегері


29 наурыз 2021 ж. 626 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930