Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақбергеннің бағы жанған жылдар

Бақбергеннің бағы жанған жылдар

Кеңес кезеңінде Телікөл, Ленин, Алғабас ауылдары Ленин атындағы колхоз аталатын. Үш ауылдың халқы бір кісідей ауызбіршілікте болып еңбек етті. Тәуелсіздіктен кейін Ленин учаскісі Бестам аталып, Телікөл қазақтың көрнекті ақыны Ә.Тәжібаевтың есімін алды. Ал, Ленин колхозының орталығы Алғабас ауылы Алғабас күйінде қалды. Алыс­тан қарасаңыз Бестам мен Алғабас ауылдары қарт Қаратаудың етегінде тұрғандай көрінеді. Солай болғасын ба, осы ауылдың адамдарын “тау халқы” деп те жатады. Бір жағынан ауыл тұрғындарының өжет мінездері мен мықты қасиеттеріне байланысты айтылса керек.Біздің кейіпкеріміз Әбілда Бақберген Нұрмаханұлы Алғабас ауылының тумасы. 1954 жылы 15 ақпанда дүние есігін ашқан. Туған жерінің, жерлестерінің бар қадір-қасиетін, жақсылықтарын бойына сіңіріп өсті. Қарапайым колхозшының отбасында тәрбие алып, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, Бақберген зеректігімен, талантымен таныла бас­тады. Бала Бақберген басқалардан ерекшеленіп, мектептің «отличник» оқушысы, белсенді пионері болды. Мектептің қоғамдық өміріне бел шешіп кірісіп, аудандық «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі атанады. Республикалық «Қазақстан пионері», облыстық «Ленин жолы» қазіргі «Сыр бойы» газеттеріне мектеп, ауыл, аудан жаңалықтарын шалқар шабытпен жеткізіп отырады. Сол кездегі Б.Әбілдаевтың жазған мақалалары, очерктері Шиелі ауданының малшылары, егіншілері мен механизаторларын жігерлендіріп, еңбекке құлшындыра түскені аян.
Бақберген Нұрмаханұлы 1971 жылы ауылдағы №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектепті тәмәмдаған соң екі жыл колхозшы, трактор-машина жөндеу шеберханасында токарь, ауыл клубында киномеханик жұмыстарын атқарады. 1975 жылы әскери борышын өтеп, елге оралған Бақберген аудандық «Өскен өңір» газетінде радиохабар ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі әрі газеттің көмекші корректорлығына тағайындалады. Одан кейінгі жылдары талантты жігіт корректор, әдеби қызметкер, ауыл шаруашылығы, келе өнеркәсіп және транспорт бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерінде шыңдалды. Қай саланы алмасын, оның жүйрік қаламы оқырмандардың ойынан шығып, Бақбергеннің бағы жанды. Әсіресе, ауылда өскен журналист ауыл шаруашылығының қыр-сырын жетік білетін. Ол күріш, жүгері, қауын-қарбыз, көкөніс, төрт түлік туралы жазса төгілдіріп тастайтын. Зерттеп, зерделеп, сүзгіден өткізіп, жазған мақаласына өзінің де, өзгенің де көзін жеткізетін, сендіретін. Сонысымен де халықты
бау­рап алатын «Өскен өңір» бетінен жұрт Б.Әбілдаевтың шығармаларын іздеп оқитын. Арада бірер жыл білім саласына ауысқан Бақберген мектепте алғашқы әскери даярлық пәні­нің мұғалімі болып, ауылдың қара домалақ балаларын патриоттық рухта тәрбиелеуге атсалысады. Бір жағы­нан журналистік білімін жітілдіру мақсатында ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Бірақ бойдағы талант Бақбергенді ауылда жатқызбайды. Б.Әбілда аудандық баспахананың дирек­торлығына шақы­ры­лады. Көп ұзамай аудандық «Өскен өңір» газетінің жауапты хатшысы қызме­тіне жоғарылатылады.
Жасынан ізденімпаз, өте қабілетті Бақберген 1982 жылы КСРО Журналистер одағына қабылданады. Кеңес өкіметі тараған соң ҚР Журналистер одағының мүшелігіне өтеді. Адамға денсаулық қымбат. Бәрінен де сүйген жарыңның, өмірлік махаббатыңның, ұнатып қосылған жанның жаны қиналмауы шарт.
Дәрігерлер Ұлбосынға «климат өзгерту керек» деген аңықтама беріп, 1996 жылы Әбілдаевтар лажсыз Оңтүстікке қоныс аударады. Тандаған жерлері — жер жәннәты Темірлан болды. «Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды» демекші, журналисті қарымды қаламы құрметке бөлейдінің кері келді. Бақберген Әбілда Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары» қоғамдық-саяси апталығына журналистік қызметке орналасады. Редакция ұжымы қабақ шытпай, Бақберген «Өскен өңірінде» жүргендей болады. Жүзінен нұр тамып тұратын жұмсақ мінезді келісті жігіт, сымбатты журналист кімге болса да ұнамай қалуы мүмкін емес еді. Онан соң жағымпаздығы, жасанды тірлігі жоқ, шындығын айтып қасқайып тұра беретін шиелілік жігіт ұжымға судай сіңіп, тастай батып кете барды. Ұлбосын да айдай ажарланып, күндей жарқырап көршілеріне нұрын шашып, баяғыдан бері сол көшенің тұрғынындай кейіп танытып үлгерді. Бақбергеннің «Өскен өңір» бетіндегі іздері газет шежіресіне таңбадай басылып, Сырдариядай сарқырап, буырқанып-бұрқанып ағып жатыр.
Жас журналист Бақбергеннің қолынан қаламсабы, мойнынан фотоаппараты түспейтін. Сарысу даласын жайлап жатқан шопандарға барса да, Қызылқұм қойнауын қыстайтын малшыларға жетсе де, кейіпкерлерін қағаз бетіне бастырып, суретке түсі­ріп, «Өскен өңірдің» даңқы шыққан фототілшісі Сайдхасан Хутаевты әуре қылмай-ақ, бар істі өзі тындырып қайтатын. Әрине, «жақсының жақсылығын айтып» ниет білдіру – ол да азаматтық. Бақберген мәуелі бәйтеректей «Өскен өңір» газетінің жүрегі – жауапты хат­шылықты абыройлы атқарды. Ол Дүйсенбі Смайлов пен Зәкім Жайлы­баевты ұстаз тұтты. Бақберген әріп­тес­тері Қанапия Дәрібаев, Сәфи Құр­манаев, Серік Байхонов, Нағашыбек Иманғалиев, Мәрия Жұматова, Жолдас Сырғабаев, Тұрғанбек Кәрімқұлов, Мұрат Күлімбетов, Сәрсенбек Бек­мұрат­­ұлы, Сайдхасан Хутаевтарды «Өскен өңірдің» мәуелері санайтын. Бақбергеннің тұсында күнделікті кезекші мақалалармен қатар, өткір жазылған материалдар да көбейе бас­тады. Өмір ағысын, ел мен жер тарихын, егінші мен малшының күйін өз заманына қарай өрнектеу – газет беделінің өсуін, редактордан бас­тап батылдығын, принципшілдігін, іскерлігін, журналистердің біліктілігін, олардың өшпейтін өнегелі іс тындыр­ғандығын білдіреді.
Аудандық газеттердің көтерер жүгі аз емес. Шиелідегі жолын «Ордабасы оттары» газетінде жалғаған Б.Әбілда көп ұзамай басылымның жауапты хатшысы, одан редактордың орынбасарлығына тағайындалады. Жақсы басшының назарына іліккен Бақбергеннің де жұмысы жүріп сала берді. «Ордабасы оттары» Ордабасы ауданы халқының сүйікті, күнде асыға күтіп отыратын басылымына айналды. Бақбергеннің осындай жеңісіне, шыққан биігіне оның «Өскен өңірден» алған тәрбие мектебі, шиелілік оқырмандарының да тілектері дем беріп, қабыл болған секілді. Екі елді тел емген журналист адамгершілік, қарапайымдылық, имандылық, парасаттылық жолдарынан таймады. Қаламының қарымымен Шиелі ауданына да, Ордабасы ауданына да аянбай еңбек етті. Ол қай жанрда, қай салада жазса да мәселенің мәнісін ашып көрсетуге, оқырманның ойынан шығуға бейім. Заман ағымын дөп басуға, ұлттық ұстанымымызды ұлықтауға, газет оқып отырған адамға ой тастауға шебер. «Сөз өнері дертпен тең» деп Абай хакім айтпақшы, осы дертке шалдыққан тума талант сөз өнерін қастерлеген, ақ қағазға кес­телеген жерлесіміз Бақберген жайлы көп айтуға болады.
Біз «Ордабасы оттары» газетін­дегі ерен еңбектері үшін алған ма­ра­пат­­тарыңнан да хабардармыз. Туған елім білсін десең, облыс­тық, аудандық әкімдіктердің, сон­дай-ақ, мәслихаттардың, «Нұр Отан» партиясының Алғыс хаттары, «ҚР Тәуелсіздігіне – 20 жыл» меда­лі және 2011 жылы «Жылдың ең үздік жорналшысы» аталымының иегері атануың Шиелі халқы үшін де мақтаныш, мәртебе деп санаймыз. 60 жасқа толған мерейтойыңда ҚР Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановтың, аудан әкімі Самат Сапарбаев пен мәслихат хатшысы Баймахан Сәдуақасовтардың құттықтаулары мен Алғыс хат, грамоталары да өзіңе деген ілтипат пен құрмет деп білеміз. Ал, «Ордабасы оттары» басылымының қазіргі бас редакторы Зиябек Ғалымжанның «Мен зейнеткерлікке шыққанша бірге жұмыс істейміз» деген сөзі сенің ғана емес, біздің де жанымызды сергітіп тастады. Жазушылық қарымыңды, қадіріңді білген, өз зейнеткерін мәпелеп құрметтеген Ғалымжандай басшыға алғыстан басқа айтарымыз жоқ Бақберген, сен қайда жүрсең де, «Өскен өңірдің» түлегі, оқырмандардың жүрегі, «Ордабасы оттарының» тірегі болып қала бересің.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
16 қараша 2017 ж. 1 662 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930