Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » балабаев бүгінгiнің батыры

балабаев бүгінгiнің батыры

Шахизада Дәуренұлы 1966 жылдың 10 наурызында өмірге келген. Қазіргі таңда Шиелі ауданының Бидайкөл ауылында тұрады. Көршілес Ақмая ауылындағы «Нұрасыл» шаруа қожалығында комбайншы болып жұмыс жасайды.
Жоғарыда әңгіме еткен оқиға 21 шілде күні орын алған. Біз бұл хабарды естігеннен кейін жаралы адам өз-өзіне келсін деген ниетпен 4-5 күн күттік.Журналистік зерттеу жүргізіп, мәселенің анық-қанығын білу мақсатында алдымен Шахизада Балабаевтың өзіне барып жолықтым. Аудандық аурухананың хирургия бөлімшесіне кірместен бұрын іштей «Қалай болады екен? Онсыз да бір аяғынан айырылып қайғырып жатқан жан газет тілшісімен сұхбаттаса қоя ма екен? Зауқы да соқпайтын шығар...» – деп көп ойландым. Содан не керек «Шешінген судан тайын­бас» деп тура Шахизада Балабаев жатқан 6-шы палатаға кіріп бардым. Амандық сұрап, өзімнің газет тілшісі екенімді жеткіздім. Аңдасам жағдай мен ойлағандай тым қиын емес екен. Бір аяғының жоқтығына қаймықпай, қайта керісінше өмірге деген құштарлығы арта түскендей көрінді маған. Оның алпамса денесі мен амандасқанда саусақтарымды езіп жібере жаздаған темірдей қолдарын көргенде қайратты жан екенін байқадым. Тіпті, мені күліп қарсы алды. Мұншама ерік-жігерді қайдан алып жатыр екен десеңші. «Кел, отыр бала» – дегеннен көз алдыма баяғының батырлары елес­теп кетті. Қайран бабаларым-ай, жаугершілік заманда дұшпанның найзасы қабырғаны түйреп, семсері қолды кесіп жатса да, жұрттың алдында көз жасын көрсетпей асқан төзімділік танытпаушы ма еді. Кейіпкеріме қараймын да тарихтың қатпарларына көз жіберемін. Осылай ойланып кетсем керек «Келген шаруаңды айт, бала» – деген Шәкеңнің сөзінен селт етіп, ойымды жинақтадым.
– Аға, сол күнгі оқиғаны баяндап беріңізші, – дедім.
– Қай оқиғаны айтып отырсың, мынау аяқты кесетін күнгі ме? де­ді сас­пастан. Қолыма қалам мен қағазды алдымдағыны егжей-тег­жейлі тәптіштеп сұрай бастадым. Шахизада Дәуренұлының баяндауына қарағанда оқиға былай болған.
Шілденің 21-ші жұлдызы. Күн – бейсенбі. Әдеттегідей жұмысқа келген. Күнделікті шаруасынан жаңылмаған Шахизада комбайнды оталдырып, жұмыс жасауға қаншалықты дайын екенін тексеріпті. Төбеге көтеріліп бункердің ішіндегі қалып қойған дәндерді ағашпен түрткілеп тазалаған. Шамасы жақтауларына жабысып, қатып қалса керек. Содан енді болды-ау дегенде комбайн бункерінің шнегіне аяғы ілініп қалады. Жалма-жан жанталасып бағады. Алдынан кездескенді оруға арналған техника қойсын ба? Сақылдаған темір патырлатып аяғын шайнай бастайды. Өмір мен өлім қатар сынға түскенде, екеуі екі жақтап жағадан алғанда адам баласы не істерін білмей қалады. Қайта қаршадайынан қара жұмыс істеген Шахизада қарулы екен. Аяғын орағытып темір тартып жатса да, қос қолдап суырып алады. Сөйтеді де комбайнның бункер тұрған тұсынан ытқып жерге түседі. Анадайдан көмекке жүгіріп келе жатқан Ғани Барлыбаев пен Серік Смайлов деген жұмысшылар оның бұл әрекетін көргенде таңғалады. Дереу көлікке отырғызып, ауылға алып барады. Шахизада ешкімнің көмегінсіз күтіп тұрған жедел жәрдем көлігіне мінеді. Жұрттың барлығы: «Ойпырмай, мынау нағыз ер екен» – дейді таңданыстарын жасыра алмай.
Жедел жәрдем көлігі
аудан орталығындағы ауруханаға жеткізеді. Жағдайы мәлім болған соң бірден хирургия бөлімшесінің Азамат Мақұлбеков есімді дәрі­гері қабылдап алады. Бөлімше меңгерушісі Бақытбек Жамантаев екеуі әп-сәтте ота жасайтын бөлмені дайындатқан. Хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Б.Жамантаевтың айтуынша, ота шамамен 2 сағатқа созылыпты. Комбайнның шнегі тізеге дейінгі буынды жұлып, жарамсыз етіп тастаған екен. Өкінішті. Аяқты да осы жерден кесуге тура келді. Қазіргі жағдайы қалыпты. Жарақаты толық жазылған соң протез киюге болады екен. Ол үшін 4-5 ай уақыт қажет.
Болған оқиға бойынша Шахизада Балабаев жұмыс жасайтын «Нұрасыл» шаруа қожалығының төрағасы Тасқын Жұмбековке де жолықтық. Қожалық төрағасының айтуынша Шахизада берілген тапсырманы уақытында орындайтын адамгершілігі мол, үлгілі жұмысшы екен.Отбасына қаржылай жәрдем берілгенін жеткізген Т.Жұмбеков алдағы уақытта да көмек көрсетілетінін, дәл мынандай жағдайда аянып қалмайтындықтарын тілге тиек етті.
Басынан осындай жайды өткізген Шахизада Дәуренұлы «Мен қайтадан жұмысқа шығамын. Әлі бұрынғысынша комбайн айдап, жұмысқа жарайтындығымды дәлелдеймін» – дегенде, есіме Социалистік Еңбек Ері Жадыра Таспамбетова түсті. Иә, қазақтың қайсар қызы, батыр қызы, рухты қызы атанған Жадыра апамыз да не бары 17 жасында түскі ас кезінде үзіліссіз жұмыс жасай беремін деп, байқаусызда комбайн бункерінің шнегіне аяғын іліп алып, дәл Шахизаданыкіндей оқиғаға тап болмап па еді. Мектепті енді бітіріп ерте еңбекке араласқан өрімдей қыз бір аяғынан айырылса да, қайсарлық танытып, мойымай тағдырмен тайталасқа түседі. Ауруханадан шыққан соң протез салынған аяғымен қайтадан бұрынғысынша трактор айдауға бел буады. Оның бұл әрекеті сол кездегі Кеңестер одағындағы күллі 15 республиканың жастарын дүр сілкіндірген еді. Шахизада да қайтпас қайсар сияқты. Ол бүгінгінің батыры деп атауға әбден лайықты. Оның Жадыра апайдың ерлігін қайталауға күші де, ерік-жігері де жетеді.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Суретті түсірген
Бақытжан БӘЙІМБЕТ.
23 қараша 2017 ж. 1 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031