Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір досым бар

Бір досым бар

«Бір досым бар – қарсы шығып тілдейді,
Бір досым бар – менсіз өмір сүрмейді,
Бір досым бар – қиындықта қол ұшын
Бермейді ғой, екі қолын сермейді» деп талай ақын жырға қосқан достың орны бөлек қой шіркін, қашанда.

Дүниедегі ең ұлы сезімдердің бірі – достық. Әр адам дүниеге келгеннен кейін, ес білгеннен-ақ жан дүниесіндегі сырын, мұң-шерін тарқатып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін дос іздейді. Қандай да бір қиындыққа тап болсаң, оны сол жанмен бөлісіп, досыңның ақылын тыңдап, шешім таба аласыз. «Достық» турасында сөз қозғай қалсақ, философ А.Шопенгауэрдің «Өмірлік данышпандықтың афоризмдері» деген еңбегінде «Нағыз шынайы достық адамдардың бір-бірімен терең, таза және адал қарым-қатынасын қажет етеді. Бұл дегеніміз – досыңыздың қайғысы мен қуанышына ортақтаса білу деген сөз. Осының бәрі адамның табиғи өзімшілдік, өркөкіректік қасиеттерін жояды» деген. Иә, расында күнделікті өмірде көңіліңе шапағат сәулесін шашып, сенің төрт құбылаңды тең ететін айналаңдағы достарыңның басы бұзылмағаны қандай жақсы. Парсы жазушысы Кабустың әйгілі «Кабуснама» кітабында былай делінген екен: «Ей, перзентім! Мынаны білгейсің: адам тірісінде доссыз болмайды. Адамның доссыз болғанынан ағайынсыз болғаны жақсы. Бір данышпаннан: «Дос пен ағайынның қайсысы жақсы?» – деп сұрапты. Данышпан «Дос жақсы» депті. Сол үшін достарыңның ісі жайында ойла, оларға сәлем-сауқат жіберіп тұр және қамқор бол. Себебі, әркім өз досын жадында тұтпаса, достары да оны есінде сақтамайды, ақырында ол доссыз қалатын болады» деп жазады. Ал ақиық ақын Мұқағали мен Шәмілдің достығы қандай еді? «Шәміл-ау, қалың достан қалған сен ең» деген М.Мақатаевқа «Өкпелесе бір досым,
Мен қамығып жүремін.
Татуласар күн болсын,
Деп жүреді жүрегім» деп қайыра жырлаған Ш.Мұхамеджановты бүгінгі ұрпақ жата-жастана оқиды.
Менің де бір досым бар. Жанарымнан жас шыққанда жаны қалмай жүгірді. Бар жұмысын ысырып салып, ақтарыла сыр шертті. Дұрысында қолдау білдірсе, бұрыс істің жөнін айтты. Қазақта «Алтын берген – дос емес, ақыл берген – дос» деген тәмсіл бар. Қу тіршіліктің қамымен өзге түгіл өзіңе уақыт таппайтын мезетте адал дос қана қасыңнан қара көрсетеді. Адам өмірінің мән-мағынасы мен маңыздылығы, сән салтанаты мен салауаттылығы тек өзінің жеке қасиеттерімен ғана өлшенбейді. Әрине, әрбір жақсы атанып жүрген пенденің өзіне тән бір даралығы болуы әбден мүмкін. Алайда, белгілі бір тұлғаны алып қарасаңыз жанында айнымас достың болғанын байқайсыз. Бұл тұста адамның ең бірінші ұстазы өмірдің өзі екендігі даусыз. Ал өмір дегеніңіздің ауқымы тым кең, тіпті тым шексіз. Сол сияқты өміртану үрдісінің де әркімге әртүрлі болғанымен, күрмеуі көп күрделі және қиыры мен шиыры, тереңі мен биігі жетерлік тылсым құбылыс екендігін де мойындаймыз. Бірақ сол тылсымның тұнығын кім сіміріп ішеді, кім былғайды? Мұның бәрі әр адамның алған тәрбиесі мен сіңірген біліміне, көргені мен білгенінің көрнекті, керекті немесе нашар жағын жүрек түбіне түйіп, дос таңдай білуінде деуге болады.
Достық – бұл өмірдегі ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Шертпе күйдің шебері Тәттімбет «Достық екіге бөлінеді. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық» деген екен. Дос дегенді жеңіл-желпі қарау, оңай орайға салу қисынсыз. Ол өте жақын әрі тығыз байланыстың байламы. Бәлкім, арадан қыл өтпейтін, ештеңе бөгет бола алмайтын, ғұмыр келбетінде қасыңнан табылып, жеке басынан сені артық көретін адамға тән рухани жақындастық шығар. Әлде, өлімге де бас тігетін, өмірде де жаныңа нәр себетін жанашыр ма екен? Сірә, досы үшін ешнәрседен де аянбайтын адамдар болар. Бұл Тәттімбет жырау айтқан адал достың бейнесі іспетті. Ал амал достың амалы қандай? Бақ-дәулет, мансап, билік достың санын арттырғанымен, жүгіңді жеңілдетпейтінінен болар, амал достың барын амалсыз ұғындырып жатады. Сондықтан өзіңіздің қандай екеніңізді білгің із келсе, досыңызға қараңыз.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ


07 желтоқсан 2019 ж. 1 557 0