Дос
Қазақтың осы бір сөзінде үлкен мағына бар. «Дос» деген сөз адамдардың бір-біріне деген махаббатын, ішкі жан тебіренісін, қимастығын сездіретін сияқты. Досым деген – өзіңнің бауырларыңмен тең дәрежеде тұратын, сағынышпен еске алатын адамың болады екен. Мен бүгін сондай досымды еске алып отырмын. Ол – Ыдырыс Бәйтілесұлы Жүсіпов. Ия, менің досым Ыдырыс тірі болғанда, 10 қаңтар күні 70 жасқа толар еді. екеуміз 50 жылға жуық дос болдық. Сол елу жылда арамызда бір салқындық, не бір түсініспеушілік болмапты. Өмір болғасын қызмет бабында, өмір ағымында түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. бірақ, біз сол кездескен жағдайлардың барлығынан да – өзара түсіністікпен, сабырмен, кешіріммен өттік деп ойлаймын.
Әрине, Ыдырыс досым әулие емес, Алланың пендесі. Басшы болу, ел басқару оңай емес. Мың адамның мың түрлі мінезі бар. Сол көпшіліктің көңілінен шығу, жағдайларын жасау, оларды іске ұйымдастыра білу – Ыдырыс досымның қолынан келді. Әрине, пендешілігі болған шығар, бірақ, адамгершілігі, ақкөңіл, мейірімді мінезі одан 2 саты жоғары тұрды. Ол жетім-жесірге, жоқ-жұқанаға көмектесуге әркез дайын жүретін. Сөзім жалаң болмас үшін мысал келтірейін. Ауыл іргесіндегі ата-бабаларымыз жатқан «Мортық» бейітіне қолдау көрсетіп, бейіт басына там тұрғызып, күмбез орнатты. Мұны ауыл азаматтары да бекер дей алмайтын шығар.
Совхоз жұмысшыларына, малшыларына да көмек қолын созып отырды. Патшахан, Қонысбай марқұмдар риза болғанына өзім куәмін. Әрине, айта берсек созыла беретін тақырып бұл. Бүгінгі естелігіміздің арқауы – достық туралы еді ғой. Ыдырыс достыққа да берік болды. Ол – дүние жинамай өтті. Отырған үйі мен бір-екі темірі болмаса, Ыдекеңде артық мал болмады. Ағайынға көмектесті, ағайынға берді. Мен мұны біріміздің сырымызды, біріміз білгесін айтып отырмын.
1995-96 жылдары мен өте қиын жағдайда жүрдім. 13 жасар ұлым бүйрек ауруымен ауырып, Қызылорда, Алматы дәрігерлеріне көрсетсек те ем қонбай қайтыс болды. Қараша айы еді, елде жарық жоқ, нан бір күн бар, бір күн жоқ кез. Соның басы-қасында Ыдекең жүрді. Анаға қиын екен (әрине, маған да оңай емес). Балалар жас, анасы бүк түсіп жатады да қояды. Қырқын бергесін Ыдекең: – Сен көтеріл, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Үлкен балаңа келін алайық, – деді. «Ел не дейді?» – дедім. – Ел түсіністікпен қарайды. Жаңа жылды тоймен қарсы ал, – деді. Бұйрық болып, 1 қаңтар күні келін түсірдік. Келін ауылдың қызы, Ыдекеңнің қарындасы болып шықса болар ма!? Шамамызша той қылып, беташар жасадық. Ақын жігіт беташардың шартымен әруақтарға бір-бір сәлем деп менің әке-шешемді атағанда, Ыдырыс досым: – Ағайын, тұра тұрыңдар. Бір сөзім бар. Мен осы үйдің бір баласындай болып өсіп едім. Атам мен апама мен сенейін. Мені кінәламаңдар. Рас, қыз менің қаным, менің туысқаным. Бірақ, әруақ алдындағы бір парызымды өтейін. Рұқсат етіңіздер, – деді. Жұрт ризашылығын білдіріп, рұқсатын берді. Бұл достыққа беріктіктің белгісі, Ыдырыстың жүрегінің кеңдігі, адамгершілігі деп түсіндім. Міне, осындай үлкен жүректі адам тірі болғанда 70-ке толып, еліне, елдің жастарына айбын болар еді. Алланың ісіне не шара. Ендігі жерде соңынан дұға бағыштап, жақсы істерін еске алғаннан артық амалымыз да жоқ.
Сақтаған АЛТАЙБАЕВ.