«ҚАРА СӨЗДІҢ АҚЫНЫ ...»
«Өскен өңірдің» ардагері, Сәфи Құрманаевқа берген қолтаңбасында Қадыр Мырза Әлі
осылай деп жазыпты.
Ұзақ уақыт бірге қызмет атқардық. Бір бөлмеде отырған кезіміз де болды. Байқағаным, тапсырмасын тастай етіп орындайтын. Білімді, қаламы қарымды болатын.Кез келген сұраққа жауап табатын. Әңгіме тек жазуда ғана емес қой. Алғашқы кезде газеттің ішкі «әлеміне» үйренгенше көп нәрсе беймәлім болып тұратын. Жазатын мақалаға мәлімет керек. Оны қайдан алуға болады, әңгімені неден бастау керек деген сияқты жас қызметкерге дүдәмәл нәрселер көп. Сондай кезде көбінесе Сәфи ағамызға барамыз. Барамыз деп отырғаным сол жетпісінші жылдардың басында редакцияда Серікбай Әлжанов, Ақайдар Ысымов және мен қатар жұмыс жасадық. Білетінімізден білмейтініміз көп, әрине. Сәкең жазуын тастай салып, жалықпай жауап беретін. «Орыс тіліндегі газеттерді көп оқыңдар, солардан мақаланы қалай жазуды, оқырманға әрі түсінікті, әрі тартымды жеткізуді үйреніңдер» дейтін.
Ұмытпасам, еңбекші хаттары бөлімін басқарып жүрген кезінде болу керек, бір орыс кемпірі редакцияға шағым айтып келді. Мазмұны мынадай: кәрілігіне байланысты зейнеткер екен, зейнетақысы 27 сом (рубль), ер баласы мүгедек, жәрдемақысы 13 сом. Бір үйде екеуі ғана тұрды. Ас-ауқатына жеткенімен киімдеріне жетпейтін көрінеді. Сәкең қарияның арызын тыңдап отырып, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне телефон шалды. Арнайы мекемеден «Біз ол зейнеткерді білеміз, жағдайларымен де таныспыз. Өз тарапымыздан мүмкіндігінше жәрдем жасап жүрміз. Ал тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақыны өзгерту біздің міндетімізге жатпайды әрі құқымыз да жоқ» деген жауап болды. Сәфи көзін әбден жеткізгісі келіп, Мәскеуге – «Известия» газетінің редакциясына әжейдің атынан хат жолдады. Арада айға жуық уақыт өткенде жауап келді. Онда шағымның КСРО Жоғарғы кеңесінің мәжілісінде сөз болғанын, қабылданған шешім одақтық әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінен келетіні айтылыпты. Көп ұзамай, ол шешім де келді. Әжейдің мүгедек баласының жәрдемақысын 27 теңгеге көбейтіпті...Тере берсе журналист Құрманаевтың аудан тұрғындарының мұң-мұқтажы мен өтініш-талабын қанағаттандыруға қатысты мұндай игі істері жетерлік.
2000 жылы Алматының «Дәуір» ЖАҚ «Кітап» өндірістік бірлестігінде басылған «Шежірелі Шиелі» кітабында журналист Сәфи Құрманаевтың қысқаша ғұмырнамасы былай деп беріліпті:
«Марко Поло, Рашид-ад-дин, Шыңғыс хан, Бартольд, Олжас Сүлейменов, Ілияс Есенберлин...Шағын кітапхана тарихи кітаптарға қандай бай болса, ол ел таныған азаматтардың қолтаңбасына да сондай бай.
«Қара сөздің ақыны, қаракөздің жақыны болғайсың» деп жазыпты ақын Қадыр Мырзалиев.
Қолтаңба демекші, Сәкеңнің бір суретіне қолтаңба жазып маған бергені бар. «Қазақтың болашақ классик ақыны Сәрсенбекке» деп жазыпты. Сеніміне, тілегіне рахмет. Классик бола қойғанымыз жоқ, әйтсе де жыр-майданның бір шетінде дабыл қағып жүргеніміз рас. Соған талпынсын, ізденсін, еңбектенсін деген шығар. Табыссыз да емеспін. Тоғыз кітабым жарық көрді. Республикалық, аймақтық жыр додаларында бас бәйге болмағанымен, жүлде еншілеген кездерім де аз емес.
Сәфи ағаның маған берген бір кеңесіне тоқталайын. Ол кезде 9 сыныптың оқушысы едім. «Авангард» орта мектебінде (бүгінгі №49 Ақмая мектебі) оқып жүргенмін. Сабаққа келе жатқан бетім еді, мектеп жанындағы аялдамада тұрған Сәфи ағаны көріп, жүгіріп барып сәлем бердім. Редакцияның тапсырмасымен жүр екен. Амандықтан соң «Өлең жазып жүрсің бе?», – деді. Баллада жазып жатқанымды, оқиғасын айтып бердім. Үнсіз тыңдап тұрды да, біткен кезде ойын білдірді. «Тақырыбың, талабың дұрыс, бірақ шиеленіс, оқырманды иландыратын дәйек жетпей жатқан сияқты. Егер бала әкесінің балдағын сындырып алып, сол үшін зиратының басына келіп кешірім сұрап жылап отырса, әлде қайда тартымды әрі аянышты болар еді. Сенің кейіпкерің сағынып жылап отырған сияқты. Әлі де ойлан, оқиғаны ширата түс», – деді. Ағаның айтуымен оқиғаны әлімше қоюландырып, қайта жазып шықтым.
Баллада газетте жарияланды. Жоғарыда айтқан сөздерімнің куәсі ретінде және «Өскен өңірдің» бүгінгі ХХІ ғасырдағы оқырманы оқып таныссын деген ниетпен сол бозбала кезде жазған балладаны қоса жолдап отырмын.
БАЛДАҚ СЫРЫ
(Баллада)
Көрмекшi болып атамның жатқан моласын,
Жүр едiм кезiп көне бiр зират арасын.
Осынау маңнан естiлдi кенет бiр дауыс,
Дауылдай қатты пернесiн құлақ жаратын.
Сескенiп қалдым, адам ба әлде басқа ма?
Аяғымды ендi басамын жайлап, жасқана.
Келемiн еппен, ақыры таптым, о ғажап,
Алдымда жатыр қабiрдi құшып жас бала.
Сұрадым одан:
– Жылаған зарлап сен бе едiң?
Жападан жалғыз зиратқа қалай келгенiң?
Күрсiнiп алып, айта бастады балақай
Басына түскен өмiрдiң торлы өрмегiн.
Балдақпен ойнап отыр ем жалғыз үйде мен,
(Ойлап па ем, сiрә, түсем деп мұндай күйге мен).
Сындырып алдым, бiлместiк жасап балдақты,
Әрине, бiрақ егесiн оның бiлмеп ем.
Көрдi де анам бөлiнiп қалған балдақты,
Күйзелiп қатты, былай деп маған зар қақты:
Сындырдың неге, ағаттық қылған ақ ботам,
Әкеңнен қалған ескерткiш едi ардақты.
Қасiретi мол, қайғылы ол бiр кезең-дi,
Аждаһа соғыс от бүркiп елге безердi.
Торлады көктi қаптаған қара бұлттар,
Жабырқап жүзi, ерiнi жұрттың кезердi.
Десек те бiздер қиналды адам, тарықты,
Алапат соғыс жасыта алмады халықты,
Түн қатып жүрiп тындырып қанша тiрлiктi,
Елдiк пен ерлiк, өрлiктi нағыз танытты.
Майданда ерлер, ауылда әйел, қыз-желең...
Еркетай едiк шөптiң де басын үзбеген.
Үйреттi соғыс, жұмылдық түгел еңбекке,
Қырманда жұмыс қарқындап жатты бiзбенен.
Зiлзала жылдар жегiдей жеді жанымды,
Жүдеттi соғыс балауса балғын шағымды.
Үш бала үйде... қырманда жүрдiм дән тасып,
Туған ел үшiн майданға берiп жарымды.
... Жақсарды тұрмыс, келгесiн әкең майданнан,
Босады қолым жалғызiлiк болып байланған.
Пошташы болды, қарiп боп үйде жатқан жоқ,
Қамыққан жұртты хабардар еттi хал-жайдан.
... Қақаған аяз, тұманды қыстың күні еді,
Ауданға әкең кеткен-дi атпен бiр өзi.
Түн ауа үйге оралды әзер жаяулап,
Етедi дiр-дiр, бозарып кеткен реңi.
Келдi де жатты салғызып төсек жан әкең,
Көтерiп басын, келдi тек тiлге таңертең.
Татпады тамақ, жұтқаны жалғыз қара су,
Сұлыдай солып төсекте жатты ақ еркем.
Жай таппай жаны, тықыршып жатты аунап сан,
Меңдедi ауру ажалдың отын лаулатқан.
Жығылып аттан, боранда қапты панасыз,
Денесi ыстық, сонан ба әлде зардаптан?
Қиналды әбден ауруы жанын сыздатып,
Бiресе өртеп, бiресе тәнiн мұздатып.
Бар күшiн жиып, әзер деп басын көтерiп,
Шақырып сенi, сөйледi кенет тiл қатып.
Кеудемнен әлi өшпеген кезде жалыным,
Бойымнан әлi кетпеген кезде арыным,
Есiме алып сұрапыл шайқас шақтарды,
Айтайын бiрiн, құлағыңды сал, жан ұлым.
Сәуiрдiң айы. Берлиннiң iшi. Оқ борап,
Ауаны тiлiп, жүргiзбей алдан жатты орап.
Құлаған үйдiң тасалап тасын жатырмыз,
Аяқтың асты сыңсыған өлiк, бос қорап.
Түтеп тұр оқтар бiр адым алға басқызбай,
Шаң-тозаң, жалын бүркейдi көздi ашқызбай.
– Жол ашу керек, кiм батыл! – дедi командир,
– Полковник жолдас! Мен барам! – дедiм жассынбай.
Автомат қолда, гранат белде, еңбектеп,
Келемiн жылжып, нысанам сол бiр жендет боп.
Жақындап қалдым, кенеттен кеттi оқ төпеп,
Ышқынып, гулеп, төбемнен менiң жентектеп.
Қармандым, сол сәт қолыма түстi гранат,
Лақтырдым оны пулеметшiге туралап.
Гүрс еттi барып, пулемет үнi сап тынды,
Солдаттар бiздiң жүгiрдi алға уралап.
Жалынға жалын қосылып жатты алаулап,
Рейхстахқа қадамдар қалған санаулы-ақ
Жүгiрiп келем... қасымнан мина жарылды,
Жығылдым аунап, төңкерiлгендей бар аймақ...
Бiраздан кейiн жинадым әзер есiмдi,
Естiдiм сонда дәрiгер айтқан шешiмдi.
«Жас жiгiт, – дедi мұңая қарап бетiме, –
Қалмады шара..., аяғың сенiң кесiлдi...»
Өкiнбе кейiн кеттi деп әкем текке өлiп,
Аттанғам жауға көкiрегiме кек толып.
Аяғымды мен жай қалдырмадым жат жерге,
Жадыңда жүрсiн, жан ұлым, осы естелiк!
Қатыгез ажал қоймады оны, ап тынды,
Қайғыдан бiзге кiрпiкке моншақ таққызды.
Өтiптi солай жан әкем менiң өмiрден,
Артына тастап қанменен келген шат күндi.
Қарбалас кезде қолтықтан демеп солдатты,
Серiгi болып, өткерген талай зардапты,
Балалық жасап, сындырып алдым мен бүгiн
Әкемнiң көзi, майдандас досы – балдақты.
Соңынан бiлiп өкiнiп қанша аһ ұрдым,
Ойыншық емес, серiгi екен батырдың.
Қатемдi бiлiп, қабiрiне кеп әкемнiң,
Аруағынан кешiрiм сұрап жатырмын.
«Адамның жанын адамдар ғана ұғыспақ», –
Дедi де, бала отырған бiр сәт тыныстап,
Әкесi жатқан қабiрдi құшып тәу етiп,
Топырағын жатты бауырымен басып, уыстап.
***
Жұбата алмадым егiлiп жатқан баланы,
Баланы емес, арманы iзгi дананы...
Лағынет атқыр сұм соғыс салған зардаптан
Қаншама жанның жүрегi әлi жаралы?!
1966 жыл.
Сәфи Құрманаев 1940 жылдың 2 қазанында «Ортақшыл» ауылында дүниеге келген.Осындағы жеті жылдық мектепте, Шиелідегі Октябрьдің 14 жылдығы атындағы №45 қазақ орта мектебінде білім алған. Еңбек жолын 1964 жылы Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің редакциясында әдеби қызметкер болудан бастаған. Еңбектен қол үзбей жүріп С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетін тәмамдайды. Аудандық газетте еңбекші хаттары, ауылшаруашылығы бөлімдерінің меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.
«Шежірелі Шиелі» кітабынан келтірілген деректе Сәфи Құрманаевтың жеке шағын кітапханасында Марко Поло, Рашид-ад-дин, Шыңғыс хан, Бартольд, Олжас Сүлейменов, Ілияс Есенберлин, басқа да классиктер кітаптарының сап түзеп тұрғанын жаздық. Әркімнің қолы жете бермейтін, қолы жетсе ойы жете бермейтін сол шығармалар мұнда неге тұр? Сәфи ағамыз жастау кезінде халқымыздың шығу, мемлекетіміздің құрылу тарихы жөнінде қалам тербеген қаламгер. Өкінішке орай ары қарай тереңдетуге жанұялық жағдайына байланысты мүмкіндігі болмаған. Шыңғыс хан, Мұстафа Шоқай туралы әркездері жазған деректі әңгімелері елді елең еткізіп, оның келешегінен мол үміт күткізген еді...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қазақ журналистикасының қайраткері,
Қазақстанның «Құрметті» журналисі.