Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаратаудың Крузосы

Қаратаудың Крузосы


Шиеліден жарты сағат бұрын ғана шыққан Елтай Айып тізгіндеген ұжымның ақ нояны енді міне, Қаратаудың бөктеріндегі Қосүйеңкі ауылын айнала өтіп, таудың салқын, саф ауасын жара биікке қарай өрлеп келеді. Көлік терезесінің саңылауынан ішке енген көк майса жусан иісі танауымызды тесіп жіберетін түрі бар. Айнала бейне бір кілем төселгендей жап-жасыл күйге енген. Сай-саланың барлығы суға толған. Өзен арналары арқырап ағып, қарқыны тау тастарын домалатып әкетіп жатыр. Биылғы қыста өңірде қардың қалың жаумағаны баршаға белгілі. Есесіне көктемнің алғашқы күнінен бастап аспан ала бұлттанып, жауын-шашын көлемі көп болып тұр. Тау суының көптігі мұндағы тіршілікті ерте бастаған. Малшылар саны да арта түскендей. Оған дәлел, жылдағыға қарағанда биыл малшылар жайлауға кіре беріс Қоспа өзенінің бойынан бастап жайғасқан. Осылайша, етекті жағалай жайылған жылқы, төлдеп жатқан қой, тау төбесіне шығып алып, айналасына маңғаздана қарап, шөгіп жатқан түйелер Қаратау сілемдерінің ажарына ажар қоса түскендей. Иә, бағытымыз белгілі, мақсатымыз таудағы ел аузында жүрген аңыз әңгімелер мен қызықты оқиғалар орын алған орындарды көзбен көріп, аралау.

Қарт Қаратау мейманына әр келген сайын ерекше әсер, керемет демалыс, тың тарих тарту ететін қасиетті мекен. Мұндағы әрбір таста біздің өткен тарихымыздың сыры бар. Өйткені қазақ пен Қаратау қашанда егіз ұғым. Арысын айтпағанның өзінде, кешегі Керей мен Жәнібектің хандық құрып, Сығанақтан шыққан алғашқы ұлы көш те осы біздің шығысымыздағы таудың үстімен өткендігі жөнінде ғалымдарымыз айтып жүр. Ал, өткен ғасырдағы қазақтың басына төнген нәубет, қуғын-сүргін уақыттарында шекеміздегі Қаратау талайларға пана болғаны белгілі. Дәл осы бүгінгі «Өскен өңір» газетінің редакциясы тұрған жер бұрынырақта «Кудряков» бақшасының орны болған деседі. Сол Кудряковыңыз біз білетін Хамиттен қашқан Құдыренің нақ өзі. Енді ойлаңыз сол Құдыре басына түскен тар заман уақытта Шиелідегі бау-бақша, дүние-мүлкін тастап, манадан бері сөз етіп отырған Қаратауға барып тығылған. Сол жерде нөкерлерін жасақтап, қызылдармен айқасып, даланың еркін батыры деген атпен тарихта қалды.
Айта берсек, Қаратауда біз білетін де, білмейтін де түрлі қызықты оқиғалар көп-ақ. Солардың бірі өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Өзбекстан жерінен ауып келіп, өмірінің соңына дейін Қаратауды мекен еткен Мұрат әкә жайлы қызықты әңгімелер ел аузында көптеп айтылады. Иә, ол заманда қойшылардың қол астында жалшылар көп болды ғой. Олардың басым көпшілігі жанын сақтап қалу үшін күнкөрістің қамымен жүрді. Бірақ біз көрген Мұрат әкә ондайлардан емес еді. Оның тағдыры кәдуілгі ағылшын жазушысы Даниэль Дефоның «Робинзонның өмірі және таңғажайып хикаялары» атты романындағы кейіпкерге қатты ұқсас болды. Мәселен, шығармада Робинзон Крузо Мас-а-Тьерра аралында 28 жыл өмір сүрсе, сол секілді Мұрат әкә да Қаратаудағы Майшының табанында 28 жылға жуық жалғыз өмір кешті. Робинзон барлық әңгімесін, ішіндегі сырын жан досы итіне айтса, Мұрат әкәның серігі кәдімгі салпаңқұлақ есегі еді. Крузо қалың тоғайдан өзіне үй тұрғызса, кейіпкеріміз Сарышырпыдағы жармалардың бірін арнай қазып, үңгіп, есегі екеуі тұратын кепе соқты. Сонда өмір сүрді. Ол сөйтіп, жазда жайлауға келген қойшыларға қол көмек беріп, қыстық азығын жинап алатын. Содан тамыз айының аяғы жақындаған тұста малшылардың барлығы таудан түсіп, қыстауға қарай көшкен уақытта жалғыз өзі ен даланы мекендеп, Қаратауға иелік етіп тауда қалатын. Бұл көрініс айтқанға оңай болғанымен іс жүзінде адам баласына қаншалықты ауыр екенін жапан далада жалғыз қалған адам жақсы біледі. Оны өзіміз бала күніміздегі жазғы демалыс кезіндегі қойшы ауылда өткен күндерімізбен салыстырып жақсы түсінеміз.
Сөзімізді осы жерден үзіп, ендігі әңгімені жастық шағында қой бағып, мал шарушылығымен айналысып Мұрат әкәмен де біраз сапарлас, жолдас болған еңбекшілік Ғалымжан Жүсіптің аузына салғанды жөн көрдік.
– Мұрат әкә Өзбекстан мен Ауғанстанды бөліп тұрған Сухандария деген өзеннің бойындағы қышлақта дүниеге келіп, бозбала шағын сонда өткізген екен. Көпшілік оны өзбек деп шатастырып жатады. Өзінің айтуынша негізі – қожа. Бұл жайында бір кездескен кезімізде өз аузынан естігенім бар. Одан бөлек түрі де өзбектерге ұқсамайтын  ұзын бойлы, ат жақты, қыр мұрынды, бидай өңді болатын. Ал, оның біздің жерге қалай келгенін айтатын болсақ, жас күнінде Мұрат әкә өзбек қызбен сөз байласып, үйленуге ниет білдірген екен. Бірақ екі жақтың арасына қыздың жеңгесі от салып, екі жастың отау құруына кедергі келтіріп, үй-ішін де бұларға қарсы қояды. Келіспеушіліктің соңы жанжалға ұласып, ашу үстінде Мұрат әкә қыздың жеңгесін өлтіріп қояды. Содан не керек, бұл істі болып, 25 жылға сотталады. Өзіне белгіленген өкімді толық өтеп, түрмеден босап шыққан уақытта Ташкенге барып 1-2 жыл тұрған көрінеді. Бірақ Өзбекстанда көп тұрақтай алмайды. Себебі, баяғы ескі жараның беті қайта ашылып, мерт болған келіншектің туыстары кек алмақ болып іздеп келіп, мазасын ала берген. Сөйтіп, өзіне жайлы тұрақты мекен іздеп, тағдыр айдап Шиеліге келіп, соңы тауға барып тұрақтаған. Жалпы, жұрт сол кезде оны қанішер, қауіпті адам деп сыртынан неше түрлі сөздер де айтатын. Меніңше, Мұрат әкә ешқандай қауіпті, қарақшы болған жоқ. Оны осында өткізген 30 жылға жуық өмірінде дәлелдеп те берді. Тек тағдыры қатал сынаған адам дегеніміз жөн шығар, – деп сөзін түйді Ғалекең.
Бізге қызығы Мұрат әкәнің қыс бойы жапан далада жалғыз өзі қалай күн көріп, немен қоректенетіні болды. Сөйтсек, кейіпкеріміз қыста кепеге тығылып жатып алмайды екен. Көз көргендердің айтуынша күз келе ол аң аулап, борсық пен қоянды іздеп жүріп ататын дейді. Әсілі, қатты суықта салқындап, сырқаттанып жатып қалмас үшін борсық майын ішіп, терісін пайдаланса керек. Одан бөлек, бергі жағындағы алмабақтың күздік алмасын түгел теріп алып, арасында қоржынын алмаға толтырып, қыстаудағы қойшыларға келіп, саудалап кетеді екен. Сондай сәттерде босаған қоржынына малшылар азық-түлік, керек-жарағын салып беріп жіберіп отырған. Ал, ерте көктемде арғы бетке аң аулауға шыққан аңшылар да Мұрат әкәнің кепесіне соқпай кетпейтін. Бірде Еңбекшідегі Рақымбай ағамыз әдеттегіше аңға шығып, кеш бата Мұрат әкәнің қонысына соғады. Содан тым-тырыс кепеге жақындап, есігін ашқаны сол екен, тура шекесінде қос ауыз мылтық тақалып тұра қалады. Зәре құты қашып, тұрған жерінде қадалған бойы «Мұрат әкә, бұл мен ғой, Рақымбай» деген дауысты естігеннен кейін қару төмен түскен екен. Бұл өмірінің соңына дейін әлдекімдерден сақтанғандығын дәлелдесе керек. Мұрат әкә бар кезде талай бала бірінші кезекте жайлауды емес, тау иесі Мұрат әкәні көруге асығатын. Ағамыз да құр қол жүрмейтін еді. Алдынан жүгіріп шыққан кез келген жас баланы есегінің артына отырғызып, қалтасындағы тәттісін беретін. Сол сәттер балалық шақтың тәтті естеліктері болып  біздің есімізде сақталып қалды.
Міне, бүгін ондаған жылдарды артқа тастап өзімізше есейіп Майшының табанына табанымыз тиіп тұр. Бірақ қара есек мініп, еңсесін тік ұстаған, көк бурыл сақалы көкірегін жапқан тау тұрғыны бізді күтіп алмады. 
Иә, халқымызда «адамның басы Алланың добы» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Маңдайға не жазылса соны көрмей, өмірден өтпейтініміз де ақиқат. Дейтұрғанмен, басына түскен алапат ауыртпалықты еңсесін түсірместен көтеріп, жат жерде жүрсе де жүні жығылмай, жапан даланың қары мен мұзына, ыстығы мен суығына қасқайып қарсы тұру, шынында, асқан төзімділік пен өжеттілікті талап ететін дүние емес  пе?

Елдос ЖҮСІП.
27 сәуір 2019 ж. 1 753 0