Алма бақ пен Ақбұлақ: Жиырма жылда жер жаңа
Көкжиектен қызара батқан күн шапағы шашырап, төңіректі қою қараңғылық ендей бастаған. Ақбұлақтағы лагерьден шыққан екеу, өзен бойын жағалай жүріп келді де, алма иісі бұрқырап, төңірекке тамаша көрініс беріп тұрған бақ ішіне кіріп кетті. Майшы жақтан ертеңгі тойға дайындалып жатқан, адамдардың дауысы ауық-ауық естіліп тұр. Әсілі бітпеген шаруалары көп болса керек. Иә, ертең Тәңірдің таңы атса, Майшыда малшылардың слеті басталмақ.
Ел екі күннен бері осы тойға қызу дайындалып жатыр. Ал, Болат пен Айсұлу жемісін көтере алмай жерге иілген алма талының астындағы соңғы кездесулері екенін іштей сезіп тұрғандай. Күндегідей емес, екеуі әзілдесіп, көп сөйлемеді. Бейнебір қалың ойға батып, бақ ішіндегі тыныштыққа сүңгіп кеткендей. Сондай сәтте екеуара тыныштықты ағаш басындағы бұлбұл ғана бұзып, қос ғашық болмашыны айтып әңгімелескендей болады. Бірақ, оларынан түк шықпады. Тіптен, уақыт өткен сайын араларының суый бастағаны да байқалады. Ендігі жерде бірге бола алмайтындарына көзі анық жеткен болса керек ерке қыз Айсұлу әрнәрсені бір айтып, таусылмайтын сұрақтарымен Болатқа еркелеп тиісе бастады:
– Болат?
– Ау.
– Қалай ойлайсың, 20 жылдан кейін біздің өміріміз қандай болар екен?
– Оны уақытысында көрерміз...
– Ал, мына алма бағы ше, ағаштар ше?
– Білмеймін Ботам, оған бас ауыртқым келіп тұрған жоқ қазір...
Осыдан кейін тағы да үнсіз қалған қос ғашық, көп кідірмей лагерь жақтағы алау от жаққан жастарға қарай беттей берді. Осы сәтте бұтақтары тарбиған мәуелі ағаштан үзіліп түскен алма, ағып жатқан өзенге шолп ете қалып еді. Тау суының қарқыны қатты екен, кесектей алманы алдына салып, дөңгелете кетті...
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбайева апамыз отырғызып, баптаған Майшыдағы алмабақ талай адамға азық, жұмыссызға жұмыс болғаны рас. Тіпті, алма теруге жіберілген студент жастар да осы бақтан бақыттарын тауып, бұл күні өнегелі отбасы болып отыр. Мұнда, мезгілінде екі рет алма теріліп, Еңбекшідегі арнайы қоймаға сақталатын. Ақбұлақтағы лагерде он төрт ауылдық округтің балалары жазғы демалысын өткізіп, жаз бойы таудың салқын саф ауасымен тыныстап, малшылардың үйінде болып, уақыттарын қызықты өткізетін. Ал, Майшының табанында өткізілетін малшылар слетінің орны ерек еді. Ашық алаңқайға тігілген ақшаңқан үйлер қаз қатар тізіліп, ен даланың ажарын аша түсетін. Күні бұрын ұйымдастырылатын көкпар, қыз қуу, теңге ілу, күрес секілді ұлттық ойындар ойнатылып аудан халқы мәре-сәре болып жататын. Осынау, думан-тойы үзілмеген қасиетті мекенге Болатты білмеймін, өзіміз араға 20 жыл салып түнеу күні барып қайттық.
Баруын бардық-ау. Бірақ, біз елестеткен бала күнгі көрініске мүлдем ұқсамайтын қор болған табиғатты көрдік. Сонда адамдар мұнша мейірімсіз болады екен-ау деген ойға да келдік. Баяғы қатар салынған 14 үй, оның айналасындағы балаларға арналған ойын алаңдары, көлеңкесі үйдей ағаштар, тау астынан сарқырап аққан бұлақ соның бірі қалмаған. Қазақ «бұлақ көрсең көзін аш» деуші еді ғой. Бүгінгілер бұлақ көзін неге бітеп жатыр? Бұлақтың бетін ашып, арнасын таза ұстау адамгершілік қасиет емес пе еді?! Осыдан кейін, көзі қызарып, лагердің барлық затын талан-тараж еткендерді сөз етудің өзі қажетсіз секілді. Ақбұлақтан шығып, Алмабаққа табан тірегенімізде «жылап барып едім, еңіреп алдымнан шықты» деген қазекемнің тағы бір сөзі еріксіз ойға оралды. Тағы да сол қираған үй, тамырымен қопарылған алма ағаштары, суы тартылып таусылуға айналған көне құдық бір сөзбен айтқанда ойраны шыққан ескі бақты көзіміз көрді.
Білетіндерден сұрағанымызда жайлауда да жәй жатқан жер жоқ екен. Тауды таудай, бұлақты-бұлақтай бөліп, жеке қожалықтар алған. Дейтұрғанмен, жер қанша жерден жекеге өткенімен оның бақылаушысы мемлекет екені анық. Міне, осы ретте мемлекет тарапынан мыңдаған гектар жерді меншігіне алып, қараусыз қалдырып, тоз-тозын шығарып жатқандарды жөнге салса, дұрыс болар ма еді. Бәлкім, заңмен жауапқа тарту керек шығар.
P.S. Пендемiзғой, әр нәрсені бір ойлаймыз. Егерде деймін да, осыдан жиырма жыл бұрын Болатжан осы бақтың болашағын ойлап, аман сақтап қалуға «басын ауыртқанда» мүмкін Ұлбала апамыз баптаған бақ дәл мұндай күйге түспес пе еді, кім білсін? Есіл дүние-ай, десеңші...
Елдос Жүсіп.