Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ертіс өзеніне батып бара жатқан балықшы құтқарылды 

Ертіс өзеніне батып бара жатқан балықшы құтқарылды 


Семейде Ертіс өзеніне батып бара жатқан балықшы құтқарылды. Ұлттық Ұланға қарасты №5511 әскери бөлімінің лейтенанты, рота командирінің орынбасары Айбек Исаев көмекке шақырған адамның дауысын естіп дереу көмекке ұмтылған. Жасы 80-нен асқан қарт балықшы мұздың қалыңдығын ескермей, оқыс жағдайға тап болыпты. Өз өмірін қатерге тіге жүріп әскери қызметші оны жағаға алып шыққан. Төтенше жағдайлар департаменті өткен аптада да осындай жағдайдың тіркелгенін хабарлап, әуесқой балықшыларға мұз қалыңдығы жұқарып бара жатқан кезде сақ болуды ескертеді.  Айбек Исаев, №5511 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары: - Өзімнің кеудемдегі бір қабат киімді шешіп, мұздың бетімен жүгіріп кеттім сол кісіге қарай. Жүгіріп жақындап қалғанда бір метр шамасы тақағанда өзім де суға түсіп кеттім, белден суға. Қолымда таяқша болған, соның арқасында мұздың бетіне өзім шығып, есімді жиып, көмегімді бердім. Сөйтіп арғы беткі жағаға шығардым. Әр адам көрсе, сондайға барад деп ойлаймын. Ол жерде адамның өмірі болды ғой, бастысы. Ешқандай ойсыз, адамды құтқару ойымда болды. Елімізде екі қалада ғана құмар ойындарға рұқсат етілген. Алайда осы заңды айналып өтіп, оңай олжа тапқысы келетіндер аз емес. Батыс Қазақстан облысында өткен жылы заңсыз ұйымдастырылған 9 ойын залы жабылып, 5 тұлға қылмыстық жауапқа тартылыпты. Ал жуырда ғаламтор арқылы құмар ойындардың көрігін қыздырып келген 6 интернет ресурстың тірлігіне тыйым салынды. Аталған сайттарда онлайн жүйеде түрлі автомат және карта, рулетка ойындары ұйымдастырылған.  Бауыржан Ахметжан, облыс прокурорының аға көмекшісі: - 12 наурызда Орал қаласы прокуратурасының талап арызы сотпен қанағаттандырылып сайты заңсыз деп танылды. Және 26 наурызда ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бұл сайттың жұмысы тоқтатылды. Аталған тағы осы қалған сайттардың жұмысы тоқтатылып отыр. Алматы облысында ауылдағы дүкенді тонаған қарақшы қолға түсті. Кәдімгі ойыншық-тапаншамен қаруланған 28 жастағы жігіт Үшарал қаласындағы сауда үйіне кіріп кассадағы ақшаны түгел сыпырып әкеткен. Полицейлер көп ұзамай, 3 сағаттан кейін бұзақыны ұстады. Ойыншық қарумен елді қорқытып, 30 мың теңге иемденген әлгі жігіт енді абақтыға қамалды. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, Алакөл аудандық полиция бөлімі қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Семейдегі сауда үйлерінің бірінде айдың күннің аманында дүрбелең туды. Кешкілік тұрғындардың осындағы кіреберісте бұрышта жатқан қара дорбаны көріп, шұғыл «102» желісіне қоңырау шалған. Қалалық полиция басқармасы жедел топ құрып, аумақты қоршауға алады. Халық қауіпсіз жерге шығарылып, дорбаны мамандар жан-жақты тексеріп шықты. Алайда алаңдауға негіз жоқ екені белгілі болды. Елубек Оспанов, қалалық полиция басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі: - Пакеттің ішінде жарылғыш заттардың бар-жоғын анықтау мақсатында тексеру жұмыстары жүргізілді. Осы тексеру нәтижесінде ешқандай күдікті зат табылмағандықтан осы іс-шараға жұмылдырылған жеке құрам өзінің жұмыс орнына қайтарылды.

www.24.kz
02 сәуір 2019 ж. 967 0