Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МҰЗҒА СЕНГЕН МЕРТ БОЛАДЫ

МҰЗҒА СЕНГЕН МЕРТ БОЛАДЫ


Күн суытып, аяз басталысымен су айдындарында, өзен-көлдерге мұз қатады. Жылдың осы мезгілінде мұз үстінде сырғанақ тебетін балалар, қармақ салатын балықшылар, бір жағадан екінші жағаға әрлі-берлі төтелеп жүретін жүргіншілердің мұз ойылып кетіп суға кететін жағдайлар жиі болады. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің мәліметтері бойынша республикамызда жыл сайын суық орта есеппен бес жүзге тарта адам суға батса, олардың 20-30-ы қыс кезінде мұз астына кетеді екен.

Әуесқой балықшылардың мұзды ойып қармақ салатын маусымы басталды. Таби­ғатты қорғау туралы заңға сәйкес, әрбір адам 5 келі балық аулауына болады, тек балық аулауға көктемгі уылдырық шаша­тын кезде ғана тыйым салынады. Қыста балық аулау үшін ірі өзен-көлдерге шы­ғатын адамдар мұз жұқа қатқан кейбір жерлердің адам өміріне қауіпті болатынын ескере бермейді. Соның салдарынан адам шығындары болады. Осыдан тура бір ай бұрын Батыс Қазақстан облысында мұз ойылып кетіп екі адам суға кетті. БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Нұр­гүл Мұқанованың мәлімдеуінше, 9 жел­тоқсан күні кешкісін Зеленов ауданы Көшім ауылдық округіне қарасты Өркен ел­дімекенінен 8 шақырым жердегі Көшім өзенінің арнасынан екі ер адамның мәйіті табылған. Екеуі бір күн бұрын үйлерінен балық аулаймыз деп кеткен. Содан мұз ойылып, суға кетіп көз жұмған. Осыған байланысты құтқару қызметі балық­шыларды және жергілікті тұрғындарға мұз үстінде жүрудің қауіпті екенін ескертеді.
Қыс мезгілінде су қоймаларында қат­қан мұз астындағы балық аулау, мұз үсті­мен өту кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау – өз өміріңіздің қауіпсіздігі. Өзен-көл­дердің бетіне жұқа мұз қатысымен жаға­ның екі жағын мекендейтін тұрғындар бір-біріне судың бетімен төтелей қатынаса бастайды. Бірақ көбінесе оның қан­шалықты сенімді екендігіне көз жеткізе бермейміз. Мұздың қатқан су екенін естен шығармағанымыз жөн. Мұзда балық аулаушылар немесе өткелдер арқылы жүретіндер алдымен мұздың қалыңдығын тексеріп алуы керек. Оны тәжірибелі балықшылар көзбен қарап та анықтай алады. Мысалы, мұз көкшіл түсті болса оның қалыңдығы адамды көтереді, ал егер ақшыл және беті қабыршықтанған бостау болса олай қарай аттап баспаңыз. Мұзбен жүрген кезде оның қаншалықты беріктігін өкшемен соққылап тексеруге болмайды, сүйменмен немесе таяқпен ұрып тексеру керек. Адамның салмағын қалыңдығы 8 сантиметрден жұқа мұз көтермейді. Атты адам мұздың үстімен өтуі үшін – 15 см, жеңіл көліктер үшін – 30 см, тракторлар үшін 60 см қалыңдықта мұз қатуы керек. Әсіресе, аязды күндері мен жылымықтар кезектесіп отыратын оңтүстік аймақтарда су бетіне қатқан мұздың қалыңдығы жиі өзгереді. Қатты аяздардан кейін қысқамерзімді жылымық пен жаңбыр жауғанда мұздың үстімен жүру қауіпті. Мұздың үстімен жүргенде қырбақ қар басқан жерлерді, су тарамдарын, бұлақ көздері шығып жатқан маңайды, иірімдер­дегі ойықтарды айналып өтіңіздер! Қар астында көрінбейтін терең мұз жарық­тарынан сақтану керек.
Қыс кезінде ойын балалары үшін мұз үстінде сырғанақ тебу – нағыз мейрам. Су қоймаларының бетіне қатқан мұзда сырғанауға тереңдігі 90-120 см аспайтын акваторияларда ғана рұқсат беріледі. Мұндай мұз айдындарында сырғанақ тебуге қас қарайысымен қатаң тыйым салынады. Бұл ережелерді сақтамаған жағдайда қайғылы оқиғаға әкеліп соқ­тыруы мүмкін. Өткен көктемде, нау­рыз айының басында Семей қаласының құтқарушылары мұз ойылып, суға кеткен 10 жасар баланың денесін екі күннен кейін тапты. 5 наурыз күні кешкісін Шығыс кентінде екі бала өзендегі мұздың үстінде ойнап жүргенде кенеттен мұз жарылып, балалардың бірі суға кеткен. «Күннің жылынуына, мұз қалың­дығының жұқаруына байланысты өзен бетіндегі мұз үстінде көп жүрмеуді, техни­калық қауіп­сіздік шараларын сақтау­ды сұраймыз. Қай жерде мұз қалың, қай жерде жұқа екенін әркім біле бермейді. Кез келген сәтте аяқтың астындағы мұздың жары­лып кетуі мүмкін. Соған байланысты ата-аналарға айтарымыз, сырғанақ тебу кезінде балаларды қараусыз қалдырмаңыз­дар. Ең бастысы, жұқа мұз – балалар ойнайтын жер емес. Ата-аналар балалардың жұқа мұзда коньки, шана, шаңғы тебуіне жол бермеңіздер. Бұл адам өміріне қауіпті!» дейді Семей қаласының ТЖБ азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері Дмитрий Асқаров.
Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет­тің Жедел-құтқару жасағы бетіне мұз қатқан су қоймаларынан өткен кезде сақ болуға шақырады, мұз үстінде жүр­генде сақтық шараларының сақталуы үшін негізгі ережелерді еске салады. Мұз құрсанған су қоймаларындағы өткелдер арнайы бел­гі­ленген жерлерде ғана болады, сондықтан мұздағы ескертулер мен тыйым салынған белгілерге назар аударыңыздар. Ондай ескертулер мен тыйым салу белгі­лерін орнату, өткелдерден өтуге рұқсат беру мен ұйымдастыру жұмыстары жергілікті атқару органдарына жүктелген.
Егер мұз жарылып, суға түсіп кетсе, адам не істеуі керек. Мұз астына кетіп қал­май судың бетінде қалқып тұру үшін қолда­рыңызд­ы жан-жағыңызға барынша жайып ұстаңыз. Алдымен судың бетіне көлбеулеп жатуға тырысыңыз, содан кейін мұз үстіне бір аяғыңызды шығарып алыңыз, содан кейін екіншісін шығаруға күш салыңыз. Мұздың үстінде шыққаннан кейін өзіңіз келген жағыңызға қарай домалаңыз. Егер аяқтың астындағы мұз шытынап сына бастаса тек келген жағы­ңызға, артқа қарай қозғалыңыз. Суда төтен­ше жағдайды бол­дырмау үшін жоғарыда айтылған қауіпсіздік шаралар мен ережелерін қатаң сақтаңыздар.
Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағы «Қысқы балық аулау кезінде мұздағы қауіпсіздік» тақырыбы бойынша рейдтік іс-шара өткізіп тұрады. Өткен айда Саркан ауданы М.Төлебаев ауылында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мен жергілікті поли­ция қызметінің қызметкерлері бірлесіп өткізген рейд кезіңде Лепсі өзені бойында балық аулап отырған әуесқой балық­шылармен кездесіп, олармен мұздағы қауіпсіздік ережелер туралы, мұз астына құлап зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету әдістері жайлы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. М.Төлебаев ауылының үй жайларын аралап, жергілікті тұрғындарға мұздағы қауіпсіздік ережелері жазылған брошюра­лар мен кітапшалар таратылды.
 
Қайыржан ТӨРЕЖАН
11 қаңтар 2018 ж. 1 837 0