Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жедел ақша жарылқаушы ма?..

Жедел ақша жарылқаушы ма?..

Қазір кент ішінде аяқты аттап бассаң, маңдайшаларына «Жалақыға дейін жылдам ақша» деп жалаулатып жазып қойып, қаржы беретін орталықтар көбейді. Көбіне тығырыққа тірелген адамдар аталмыш орталықтардың көмегіне жүгінеді. Қазіргі күнде осындай жедел берілетін ақшаны алып, кейін әлгі берешектен құтылу үшін және бір қарыз алып, қарыздың құрсауында жүрген адамдардың көбейіп бара жатқаны алаңдатпай қоймайды.
Мақаланы жазбас бұрын «Жылдам ақша» беретін бірнеше мекемені араладық. Білгеніміз, егер біреу 10 мың теңге алса, күніне 200 теңгеден қосылады екен. Мәселен, 40 000 мың теңгеге күніне 800 теңгеден, 30 күнге 24 мың теңге қосылады. Сонда 40 000 мың теңгені бір ай ішінде 64 мың теңге қылып қайтаруға мәжбүр. Әрі қарай сомасына байланысты күніне төлейтін мөлшерлемесі де өсе береді. Бір айдан соң алған қарызды төлейтін ақша болмай қалса, үстіндегі өсім ақшасын төлеп қоясыз. Келесі айда тағы да үстемесімен қоса жауып тастауға ақша болмаса, тек үстіндегі ақшасын төлеп амалдауға болады. Ал, егер алда-жалда төлей алмай қалсаңыз, негізгі үстемеге тағы біраз мөлшерде үстеме қосылады. Мүлдем төлей алмай қалсаңыз, істі сотқа береді.
Бір қызығы, үстемесінің көптігіне қарамастан қай орталыққа барсақта, ақша алушылардың қатары көптігін байқадық. Орта жастағы келіншек менеджер қызға өзін «тұрақты клиент» ретінде таныстырып, қомақты ақшаны санап алып жатты. Бұған менеджерден «Олар біздің компаниядан ақша алып, оны уақытында төлеп сеніміне кірген клиенттер. Оларға арнайы жеңілдік қарастырылған» деген жауап алдық.
Орталықтарды аралап жүріп, ақша алуға келген адамдардың бірі Сәуле апа да өзінің аталмыш жердің тұрақты тұтынушысы екенін айтып қалды. Дәрі алу үшін 10 мың теңге сұрай келген ол қарызға ала қоятын адамы жоқ болғандықтан, қиналып қалған кезде осы орталықтан ақша алып, зейнетақыға жеткенше амалдайды екен.
Өкініштісі «Еш кепілсіз, анықтамасыз тез әрі оңай ақша алып, шұғыл мәселеңізді шеше аласыз» деген жалаң жарнаманың жетегіне еріп, соңында қаншама тұрғын сан соғып қалады. Себебі, несие нарығындағы қарқынды дамып келе жатқан жедел ақша беретін орталықтардың тұтынушылары, негізінен, жалақыдан жалақыға әзер жетіп жүрген тұрғындар. Әдемі сөзбен ұрандатып, жарнамасын жалаулатып, шаруасын шалқытып отырған мұндай орталықтар талай адамның қалтасын қағуда. Нәтижесінде, жедел әрі оңай жолмен ақша алып, мәселесін шешуге тырысқан талай адам қарыз құрығынан шыға алмайды. Осыдан келіп депрессия, ашуға булығу, тығырықтан шығатын жол таппай, ақысын біреуден алу, үкіметке көңілі толмай, өкпесі қара қазандай болып ренжу пайда болады. Әрине, қымбатшылық билеген нарық заманында мардымсыз жалақымен күнелту оңай емес. Дегенмен, «көрпеңе қарай көсіл» деген бар емес пе? Қолында бар қаражатын жоспарлап, үнемдеп, ұсатып жұмсаса батпаққа белшеден бататын жылдам несиеге жоламай-ақ өмір сүруге болады.
Ислам діні де мұндай үстеме ақшаны құптамайтынынан, оған түбегейлі тыйым салынғанынан көпшілік хабардар болар. Бұл туралы Бақара сүресінің 276-шы аятында «Аллаһу та’ала пайыз (өсім) алған және бергендердің мал-мүліктерін жояды. Ізін де, белгісін де қалдырмайды. Зекет бергендердің мал-мүліктерін, әлбетте, арттырады» делінген. Яғни, үстеме ақшамен қарызды алғандар да, бергендер де құпталмайды. Аятта мұндай іс кедейлікке бастайтыны ашық айтылған.
Түптеп келгенде, несие тарихының нашарлығына, адамның тұрақты жұмысы бар-жоғына қарамай, еш кепілсіз, анықтамасыз оңды-солды жедел ақша беретін орталықтардың қызметіне мүмкіндігінше жүгінбеген жөн. Одан бөлек құзырлы мекемелер тарапынан «Жалақыңыз бітіп қалса, бізге келіңіз!» деп ұрандатқан осындай орталықтарға бір тосқауыл қоюға бола ма екен? Әйтпесе, онсыз да жалақыдан жалақыға әзер жетіп жүрген тұрғындар көз алдымызда қарыздың құрдымына біржола батып бара жатыр.

Гүлхан ЯХИЯ.
16 наурыз 2019 ж. 1 628 0