Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел қадірлеген –Қален

Ел қадірлеген –Қален

Расында, өмір деген қызық ғой, шіркін! Кешегі күнге бүгінгі күннің талабымен қарасаң, бірталай өзгерістердің болып жатқанын аңғарасың. Жаңа технологиялардың дамуы нәтижесінде кешелері таудай болып күрделеніп көрінген кейбір істер бұл күнгінің өлшемімен қарасаң, жай ғана нәрсе секілді. Жағымды жаңалықтар көп, алайда, жоғалтқан құндылықтарымыз да аз емес-ау! Қайсыбірін санамалай берейін, ең өкінерлігі – көш-керуенмен бірге көнекөз, тірі шежіре қариялардың да қатары сирей түскені. Бұл енді өмір заңдылығы десек те, абыздық өнеге көрсетер ақсақалдардың орны бөлек еді-ау.
Дүниенің ащы-тұшысын татып көрген, қилы замандарды бастан өткерген, үлкен-кішіге қамқор, адасқанға жол, ашыққанға ас бере алатын ақсақалдар осы Шиелінің өзінде осыдан жиырма жыл бұрын баршылық еді. Менмін деген небір дөкейлерің аузына қарайтын, пікірімен санасатын Әзімхан Исмайлов, Нұрмахан Қасымов, Жолдыбай Ақмолдаев, Жолдасбек Ердешбаев, Жиенбек Молдабеков, Еңбек Ерлері апаларымыз – Ұлбала Алтайбаева, Зәкира Ержанова, Шырынкүл Қазанбаева және де елге аянбай қызмет еткен, ел сыйлысы Перуза Жүсіпова, Мәрия Жұматова апаларымыз тағы басқа үлкендер елдің ұйытқысы болғаны анық. Солардың алдыңғы шебінде идеология саласының сардары, қарымды журналист Қален Әбдешов ағамыз нық тұрды.
...1999 жылдың мамыр айының соңы болуы керек, жазушы-драматург Қалтай Мұқамеджановтың 75 жылдығы Сыр бойында бір апта бойы атап өтілді. Атақты жазушы бастаған алқалы топты облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі Жаңақорған ауданының шекарасына күтіп алып, зор құрмет көрсетті. Ертесіне құрамында Шерхан Мұртаза, Камал Смайлов, Шотаман Уәлихан тағы басқа қонақтар Шиелі ауданына келіп табан тіреді. Шиеліліктер мәртебелі меймандарды Сығанақтан күтіп алып, арнайы тігілген ақшаңқан киіз үйлерде күтті. Сол күні мәдениет сарайында жұртшылықпен кездесу өткізіліп, аузымен құс тістеген жүйріктеріміз әсерлі әңгімесімен жұртшылықты ұйытты. Кешке аудан әкімі Жарылқасын меймандарға арнайы қонақасы берді. Біздің де облыстық басылымның тілшісі ретінде сол кісілердің шашбауын көтеріп жүретіндердің қатарында болғанымыз бар. Сонда аңғардық, жоғарыда аттары аталған алыптарымыз Қален ағаға ерекше құрметпен қарап, лебізіне құлақ түріп отырды. Ол кісілермен бұрыннан да аралас-құраластығы болуы керек, етене әңгімелесіп, елдің, жердің қасиетін айтыңқырап отырған ақсақалдың бірі Қалекең болғанын көрдік.
– Білімді де білікті азамат еді. Өзінен кейінгілерге үнемі қамқорлық танытып, үлгі көрсетіп жүретін-ді. Партия, совет жұмысында ол кісіден үйренгеніміз мол. Ауданның экономикалық- әлеуметтік дамуына зор үлес қоса білді. Аянбай ел үшін қызмет жасады. Дастархан үстіндегі сыпайылығының өзі керемет еді ғой, – деп ризашылықпен еске алады Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Қойшыбайұлы.
«Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атанған газеттің қара қазанында қайнап, шыңдалған Қален аға Әбдешов қариялық кезеңінде де қоғамдық жұмыстан шет қалмады. Мұны ол біреудің өтініші не қолқалауымен емес, жүрек қалауымен, өзінің ар-ожданымен атқара білді. Және де абыроймен алып шықты. Қален аға қашанда жан-жағын қомдап жүретін қайырымдылығынан танған емес, үлкенге ізетшіл, кішіге ілтипатшыл, жалпы адамға мейіріммен қарайтын асыл жан болатын-ды. Бұл биік парасаттың белгісі.
«Шежірелі Шиелі» кітабын жинақтап жүрген 1999-2000 жылдары осы жинақ үшін ағамыз уақытпен санаспай, қарбалас жұмыс жасады. Кітап толыққанды жарық көрсін деп ел азаматтарына қозғау салып, өмірден өткен ескі көздердің құжаттарын іздестіріп, суреттерін алдыртып, тынымсыз еңбек еткеніне осындағы көпшілік куә. Өзі «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде тілге жанашырлық ете жүріп, аталмыш жинақты сапалы да тартымды етіп шығаруға барынша күш салғаны рас. «Бұл кітапта аға ұрпақтың 70 жылдағы атқарған абыройлы, абзал істерінің есебі мен егемен еліміздің баянды болашағына өз еңбектерімен үлес қосқан замандастарымыздың өмірбаяны қосылуы керек. Әрине, жер тарихы мен ел тарихы басты мәселе», – деп үнемі жиындарда көпшілікке ой тастап жүрді.
Жас кезінен адами қасиеттерді бойына сіңірген Қален аға Әбдешов Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін бітірген. 1956 жылы жолдама бойынша Жалағаш аудандық газетіне жұмысқа орналасады. Қатардағы тілшіден жауапты хатшы, газет редакторының орынбасары лауазымдарына көтеріледі. Ал, 1961-1962 жылдары Қармақшы аудандық газетінде редакторлық қызмет етеді. Арада екі жыл жоғары партия мектебінде білімін көтерген ағамыз 1963 жылы байырғы өзі үйренген ауданға қайта келіп, Жалағаш аудандық «Жаңадария» газетіне редакторлық етуін 12 жыл бойы жалғастырды. Сонан соң, облыстық «Ленин жолы» газетінде аз ғана қызмет баспалдағымен көтерілген журналист 1975 жылы Шиелі аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшылық лауазымына тағайындалды. Бұл кезеңдер Шиелі ауданының Сыр өңірінде ғана емес, республикада озық жүрген «Маржаны Сырдың - Шиелі» атанып тұрған өрлеу үстіндегі кезеңдері еді. Бір ауданнан 41 Еңбек Ері шығуымен қатар, қаншама өнегелі жандарымыз көпке үлгі болды. Білім, денсаулық жағдайлары жақсарып, мәдениет, өнер барысында шиеліліктердің атағы аспандап тұрды. «Жас дәурен» мен «Майдангерлар ансамблі» республикалық телевидениеде өнерімен танылды. Ал, әнші Әлмырза Ноғайбаев «Ақсақ киік» әнімен жұртшылықты тамсандырды. Аудан өнерпаздары Португалияға сапарлап қайтты. Өз міндетіне адал қарайтын қаламгер-хатшы бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Бәрінен де жалпы жамағаттың ыстық ықыласын айтсаңызшы!
Қалекең ағамыз орнымен айтылған әзілге де жүйрік болатын-ды. Бірде мәдениет үйінде өтер шара алдында бірінші хатшы фоэні аралай жүріп, көрнекі үгітке қатысты бірер ұсынысын айтады. Және де өз сөзіне риза кейіпте: «Қалай Қалеке, мен идеология хатшысы бола алам ба? – деп сынай сөйлейді. Сонда Қалекең де іліп алып:
– Жарағанда қандай, тіптен лайықсыз! Осы сіз екеуміз қызмет ауыстырсақ қайтеді,–депті қуақылана. Айналадығылар ду күлісіпті.
Адамның тағы бір жақсы қасиеті бұрынғы ескі достарын сыйлап, іздеп отыруы ғой деп ойлаймын. Облыстық «Сыр бойы» газетінде ұзақ жылдар редактордың орынбасары қызметін атқарған ақын Сейіл Боранбаев ағамыз редакция маңында жолыққан сайын, «Бала, Қаленнің денсаулығы қалай? Менен сәлем айта бар» деп ықыласын білдіріп жүретін-ді. Тағы бір әріптес ағамыз Шәкизат Дәрмағанбетовпен де ерекше сыйлас еді.
Қаламгер ағамыз өзінің өмірлік жары Күлшарипамен бақытты өмір сүрді. Ол кісі де университетте жоғары білім алып, орта мектептерде өзінің сүйікті мамандығы – биологиядан шәкірттеріне ұзақ жылдар бойы дәріс берді. 1980 жылы зейнеткерлікке шықты. Қалекең екеуі Нұржан, Маржан, Айжан, Гүлнар, Дайыр есімді ұл-қыздарын өсіріп, жақсы жерлермен құда-жекжат болып, өнегелі өмір сүрді. Бұл күндері немерелерінің өздері егемен еліміздің әр саласында табыс­ты еңбек етіп жүр.
Иә, Сыр өңірінде орны бөлек киелі мекен - Шиелінің озық ойлы азаматтары ауданды мақтаулы дәрежеге көтерді. Ал, өз кезегінде туған жердің топырағы оларды да өсіргені рас. Және де үнемі еске алып, құрметпен рухына бас иеді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,
ақпарат саласының үздігі.
16 наурыз 2019 ж. 922 0