Адам ұрпағымен мың жасайды
«Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы көптен бері қоғам назарында тұрған, көптің талқылауына түскен түйткілді мәселенің түйінін тарқатқанын көгілдір экраннан көріп, марқайып қалдық. Әсіресе, көпбалалы ана ретінде көңіліме қонғаны халықты толғандырған мәселелерді тап басып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін тағы да тарихи шешім қабылдап, көпбалалы отбасындағы әр балаға 21 000 теңге жәрдемақы ай сайын төленетіні бізді қуантып отыр. Сонымен қатар, Елбасының халықты жұмыспен қамту, тұрмысы төмен отбасыларды қолдау, тұрғын үй салу мен жергілікті жолдарды жөндеу, медициналық көмек көрсету, ауылдарды, шағын қалаларды дамыту сияқты мәселелерге қыруар қаржы бөлуді, осы бағытта жұмыс істелуін тапсырғаны, қарапайым халықтың болашаққа деген сенімін арттыра түсті дер едім.
Бұл көпбалалы аналардың көптен бергі көкейтесті мәселелері билік басындағыларға жетті деген сөз. Жиын елімізде көпбалалы аналардың мұң-мұқтажына биліктегілер бей-жай қарамайтындығын көрсетті. Елбасы партияның жаңа бағдарламасына бөлінетін қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қатаң бақылауда ұстайтынын айтты. Осындай қуанышты сәт түбегейлі мәселені шешпегенімен, балалары көп отбасылардың жағдайы шамалы болса да жақсара түспек. Кәдемізге жарап, балалар шаттыққа бөленіп, аналардың көңілі тоқ, ұйқысы тыныш болады деп ойлаймын. Әрбір бала бақытты болса, ана да бақытты бола бермек. Осы орайда өзім алты баланың анасы ретінде «Күміс алқаға» қолжетімділік артса деген ұсынысымды жеткізгім келеді.
Қаракөз Ашурова,
көпбалалы ана.