ЕЛДІКТІҢ ЕҢСЕЛІ ҚАДАМЫ
Сәрсенбіде Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтті. Съездің күн тәртібінде «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қарастырылды. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, партия Саяси кеңесінің және Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылды.
«Нұр Отан» партиясының 20 жылдығына арналған съезге өңірлік конференцияларда сайланған делегаттар, Парламент депутаттары, мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтер мен компаниялардың басшылары, азаматтық қоғамның, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар құрылымдарының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, бастауыш партия ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, партия ардагерлері қатысты.
Негізгі отырыс басталар алдында Елбасы «Нұр Отан» партиясының қазіргі жұмысына, партияны жаңғыртуға және оның тарихына арналған арнайы көрмені аралады. Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан халқына арналған Жолдау мен «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысына мониторинг жүргізудің жаңа жүйесі, сондай-ақ, партия жобаларын жүзеге асырудың нәтижелері туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар, жаңа «Цифрлық партия» жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Қазақстанның өткен 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, еліміздегі барлық оң өзгерістерге ықпал еткен «Нұр Отан» партиясының рөлін ерекше атады.
– Біздің басты басымдығымыз – азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру және Қазақстанды әлеуметтік бағыттағы мемлекет ретінде дамыту. Біз қиын кезеңдердің өзінде әлеуметтік міндеттемелерімізді орындадық. Елімізде әрдайым әлеуметтік салаға мол қаржы бөлініп келді, бұл көрсеткіш алдағы уақытта бірте-бірте арта беретін болады, – деді Елбасы. Еліміздегі азаматтардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру үшін Ұлттық қордан қаражат бөлінетіндігі туралы айтты. Одан бөлек әлеуметтік саясатты одан әрі жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталып, оны іске асыруға партияның белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедек балалары бар отбасылар мен аз қамтылған отбасыларға пәтер сатып алуды қолжетімді етуді тапсырды. «Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру жеңілдіктері тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд. теңге бөлінсін», – деді Елбасы.
– «Нұр Отан» партиясы еліміздегі инженерлік-әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Құтты мекен» партиялық жобасын іске қосуы керек. Осылайша, ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мүмкіндігі туады. Ең алдымен, үкімет әкімдермен және мәслихаттармен бірігіп, келешегі бар ауылдарды іріктеп, әлеуметтік нысандар мен интернаттар тұрғызу жұмыстарын жүргізуі керек», – деп, шалғайдағы ауылдарды дамытудың тетегі ретінде: – Халық саны көп, орталықтағы ауылдарды әрі қарай дамытып, жағдайы орташа ауылдарға көмектесу керек. Сосын, кішігірім ауылдар бар. 10-20 үйі бар ауылдарға аурухана, мектеп салудың қажеті жоқ. Сондықтан, аудан орталықтарының инфрақұрылымын жақсарту кезінде бірден интернаттар тұрғызу керек. Себебі, балалар сапалы білім, сапалы медицинасы бар жерде өсуі тиіс. Ауылдармен осындай тәсіл арқылы жұмыс істеуі қажет», – деді Елбасы.
Жиында жалақыны жоғарылату жайы мен көпбалалы отбасыларды қолдау мәселесі де күн тәртібінен қалыс қалмады.
– Біз мұғалімдердің жалақысын өсірдік, өздерінің кәсібилігін дәлелдегендерге 50 пайыз, жалпы 30 пайыз өсірдік. 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы жалақысы ең аз адамдардың еңбекақысын 30 пайызға өсіруді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы көлемін арттыруды міндеттеді. «Миллионерлерге мемлекеттен тағы көмек берудің қажеті не? Кірісі аз отбасылар арасында 111 мың отбасы ғана атаулы көмек алады екен. Көпбалалардың жәрдемақысын әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізуді және мүгедек бала асырап отырған ата-аналар мен отбасыларға, асырушыларға берілетін жәрдемақыны 30 пайызға арттыруды тапсырамын», – деді Н.Назарбаев. Оның айтуынша, бүгінде елімізде 4 баладан көп баласы бар 340 мың отбасы бар. Оларды қолдау үшін 500 миллиард теңге бөлінген. «Мұндай қолдауды алда да жалғастыру керек. Толық емес көпбалалы отбасыларды қолдау керек. Жұмыспен қамту керек. Қашықтан жасайтын жұмыспен болса да» деді Елбасы.
Съезд барысында бұдан өзге бірқатар мәселелер қаралып, партияның «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданды.
«Өскен өңір» ақпарат.