Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақыт ҰЛЖАЕВ, Шиелі ауданының бас имамы: сараңдықтан тыйып, жомарттыққа тәрбиелейді

Бақыт ҰЛЖАЕВ, Шиелі ауданының бас имамы: сараңдықтан тыйып, жомарттыққа тәрбиелейді


Зекет сараңдықтан, дүние-мүлікті рухани кірден тазартатын, сонымен қатар, жүректегі мейірім сезімін оятатын ғибадат болып есептеледі. Сондай-ақ, халық арасында бірлік, бауырмалдық сезімдерін арттырады. Яғни, зекет алушы мен беруші арасында сыйластық сезімі пайда болады. Осы амал арқылы түрлі зиянкестіктерден дүние мүлікті Алла сақтайды делінеді діни әдебиеттерде. Бұл туралы хадисте: «Дүние-мүліктеріңді зекет берумен қорғаңдар» делінген. Ал, бізде осы үрдіс қалыптасқан ба? Зекетке қанша мал берілуде? Ауданның бас имамы Бақыт Ұлжаевпен сұхбатымызға назар салып көріңіз.


– Зекет туралы айта өтсеңіз?
– Зекет – исламның бес шартының бірі. Хижреттің екінші жылы оразадан бұрын парыз болған. Қасиетті кітапта намазбен бірге отыз жеті жерде кездеседі. Белгіленген мөлшері бойынша, ауқатты деп саналатын мұсылмандардың әр жылы дүние-мүлкі мен ақшасының қырықтың бірін кедей мұсылмандарға беруі. Зекет – түрлі апаттан, бәле-жаладан, түрлі дерттерден және кедей-кембағалдардың байлыққа деген іштарлығы мен қызғанышынан сақтайды. Пайғамбарымыз «Мал-мүліктеріңізді зекет берумен қорғаңдар, науқастарыңды садақа берумен емдеңдер, бәле-жалаға дұға жасаумен дайын болыңдар», – деген.
–Жалпы, кімдер береді? Оны қандай топтағы адамдарға берген жөн? Зекетті берерде нені ескеру керек?
– Әуелі зекет беретін жан мұсылман бол­уы тиіс. Сонымен қатар, ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған және құл емес азат, дүние-мүлкі нисаб мөлшеріне жеткен болуы керек. Сондай-ақ, қолындағы мал-мүлік, заттай немесе бағалай өсу күйінде болу қажет. Зекет сегіз түрлі адамға беріледі. Атап айтсақ, пақырлар мен міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамға, өзге дін өкілдерін исламға шақыруға және иманы әлсіздердің сенімін күшейтуге, құлдарға, қарызға батқандар, Аллаһ жолында қызмет етіп жүргендерге, қаржылары бітіп, жолда қалғандарға беріледі. Зекеттен алған ақшаны пайдасыз дүниелерге жұмсап, ысырап ететін адамға емес, шын мәніндегі қажеттіліктері үшін жұмсайтын кедейлерге берген жөн. Әке-шеше, ата-әжелерге, ұлына, немерелеріне, қызына, қызының балаларына және шөберелеріне, сондай-ақ, бай адамдарға, мұсылман еместерге және ерлі-зайыптылар бір-біріне бермейді.
– Зекет бермеген жағдайда не болады?
– Бұл адамдар арасындағы бауыр­машылықты арттыратын, жүректерді мейірімділікке бөлейтін ізгі амал. Сондай-ақ, бұның парыз екендігіне дәлелдер келтіре аламыз. Ол жайында көптеген хадисті мысалға келтірсек болады. Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алланың елшісі (с.а.с.) Муғаз ибн Жәбәлді Йеменге жіберіп жатып оған былай деді: «Әуел оларды Алладан басқа құдай жоқ екендігі және менің Алланың елшісі екендігі туралы куәлікке шақыр. Егер олар оған мойынсұнса, Алланың оларға әрбір күн мен түні бес уақыт намаз парыз еткендігін жеткіз. Егер олар оған мойынсұнса, Алланың олардың мал-мүліктерінен, байларынан алынып, кедейлеріне қайтарылатын зекетті парыз еткендігін жеткіз», – деген. Тағы бір хадисте Алланың елшісі «Намаз оқуға, зекет беруге бұйырылдық. Сондықтан, кім зекетін өтемесе, оның намазы қабыл болмайды», – деген. Осыдан-ақ, зекет бергеннің маңыздылығы мен жауапкершілігінің зор екенін ұға аламыз.
– Ауданда зекет жинауға тағайындалған жан бар ма және қалай бере алады?
– Ауданда орталық мешіттің қызметкері Айбек Әбілдаев есімді азамат тағайындалған. Қайырымдылық жасап, зекет өткізуге ниеттенгендер осы азаматқа өткізсе болады. Сонымен қатар, банктен арнайы шот ашылған.
– Біз де басқасын айтпағанның өзінде 80 мыңға жуық уақ мал бар. Одан жылына 2000-ға жуық зекет берілуі керек. Ал, осыншама зекет берілетін болса, 2-3 жылда ауданда аз қамтылған отбасы деген болмас еді. Бірақ, аудан көлемінде зекет беріп жатқандар бар ма?
– Жақсылық жасауға жаны құштар жандар баршылық. Жаз бойы мешітте сабақ алатын шәкірттердің азығын қамтамасыз ететін, мешіттің жөндеу жұмыстарына атсалысатын, қол көмек десе мешітке құстай ұшып жететіндерге Алла разы болсын. Бірақ, ауданға бас имам болып келгеніме бір жылдың жүзі болды. Зекет беретін уақытты рамазан айына белгіленген екен. Сол кезде белгілі болады. Иә, ауқаттылардың отар қойы мен үйір жылқыларынан берген зекеттен қазынасы ортайып қалмайды. Бірақ, бұл берілген зекеттен көп отбасылар жақсылығын көріп, алғысын айтар еді.
– Зекет туралы тұрғындар қаншалықты хабардар? Осы мақсатта қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?
– Ауданда ҚМДБ-ның рұқсатын алған отыздан астам имам халыққа қызмет көрсетуде. Әзірге біздің насихатшыларымыз осылар. Жұма күндері намаз алдындағы уағыздарында халыққа түсіндіріп отырады.
– Сұхбатыңызға рақмет!


Сұхбаттасқан
Ерұлан ДАТКЕНОВ.

12 ақпан 2019 ж. 1 039 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930