МҰХАРРАМ АЙЫ – МҰСЫЛМАНША ЖЫЛ БАСЫ
МҰХАРРАМ АЙЫ – МҰСЫЛМАНША ЖЫЛ БАСЫ
Ислам жыл санауы «һижра жыл санауы» деп аталады. Себебі, бұл жыл санау һижрадан – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударуынан басталады.
Одан ерте заманда арабтарда нақтылы жыл санау жүйесі болмады. Олар белгілі бір датаны сол уақытта болған уақиғалармен байланыстырып есте сақтады. Мысалы, эфиоп патшасы Абраханың пілмен жарақтанған әскерімен Мекке шаһарына жасаған шабуылына орай сол жылды Піл уақиғасы жылы деп атады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) нақ сол Піл жылы Меккеде дүниеге келген.
Әділетті халифа Омар ибн Хаттабтың (оған Алла разы болсын) кезінде мұсылман мемлекетінің шартарабына жіберілген ресми хаттардың айы-күні, тарихы туралы қателіктер орын алады. Һижраның он жетінші жылы Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) Басра қаласының әкімі Әбу Мұса әл-Ашғариге (оған Алла разы болсын) хат жазады. Хат шағбан айында жазылған. Әбу Мұса (оған Алла разы болсын) Омарға (оған Алла разы болсын) былайша жауап хат жазады: «Сіздің шағбан айында жазған хатыңызды алдым. Алайда оның үстіміздегі жылғы шағбан айы ма, әлде өткен жылғы шағбан айы ма, біле алмадым». Мұны оқыған Омардың (оған Алла разы болсын) бірегей жыл санауды бекітудің қажеттілігіне көзі жетеді. Сөйтіп, көзі тірі сахабаларды жинап алып, осы мәселені талқыға салады. Бұл һижрамен есептегенде 17-жылдың жумада ахир айының 20-сы күні болатын. Ал миләди жыл санауымен есептегенде 638-жылдың шілде айының 8-і еді. Талқыға жиналған сахабалар жыл санаудың қай мерзімнен бастау керектігі жайында өзара пікір таластырады. Кейбірі Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жылынан бастауды жөн деп тапса, енді бірі һижра оқиғасынан бастау қажеттігін алға тартады. Өйткені, һижраның уақыты сахабалардың бәріне мағлұм мерзім еді. Ал Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жылы, күні жайында олар әр түрлі көзқараста болатын. Жыл санауды һижра оқиғасынан бастауды құптағандардың арасында Омар, Осман, Әлилер (оларға Алла разы болсын) болды. Ақырында халифа Омар (оған Алла разы болсын): «Һижра ақ пен қараның арасын ажыратты. Ендеше сол кезден бастайық. Бірінші айы мұхаррам болсын, өйткені ол адамдардың қажылықтан қайтатын шағы», – деп кесімді шешімін айтады. Барлық сахабалар осы тоқтамды жөн деп табады.
Ислам шариғатындағы ұлық ғибадат қажылықтың аяқталуымен һижра күнтізбесінің бір жылы қатталып, тарих қойнауына кетеді. Қасиетті қажылық айларынан соң мұсылман күнтізбесінде жаңа жыл басталады. Яғни келесі мұхаррам айының кіруімен жаңа парағы ашылады. Осылайша мұсылман баласының жылы ғибадатпен, оған қатысты мейрам айымен қорытындыланады. Әрі нақ осы қажылық айында Алла Тағала мұсылмандар үшін нығметін тәмәмдағандығын жеткізіп былай деген:
قَالَ اللهُ تَعَالىَ: ﴿الْيَوْمَ أَكْمَلْتُ لَكُمْ دِينَكُمْ وَأَتْمَمْتُ عَلَيْكُمْ نِعْمَتِي وَرَضِيتُ لَكُمُ الإسْلامَ دِينًا﴾
«Бүгін Мен сендердің діндеріңді кемеліне жеткіздім, сендерге деген нығметімді тәмәмдап, Исламды сендерге дін етуге разылық таныттым» (Мәида, 3).
Бұл қасиетті аят Құран Кәрімнің соңғы түскен аяттарының бірі. Ендеше осы Құранның нәзілі тәмәмдалған аят түскен аймен мұсылман күнтізбесі де тәмәмдалып, тағы бір жылды қорытындылайтын сәт келеді. Саудагерлер, кәсіп иелері мал-мүліктерінің бір жылғы есеп-қисабын, кіріс-шығынын есептеп, зекет беретін мөлшерін анықтауға кіріседі. Шариғат шартында һижра күнтізбесімен толық бір жыл иелікте болған нисаб мөлшеріндегі мал-мүліктен 2,5 пайыз зекет шығару – парыз.
Қорыта айтқанда, әрбір мұсылманның тіршілігі нақ осы һижра күнтізбесімен тығыз байланысты. Қазақ халқының тарихы да әу баста һижра жыл санауымен есептелген еді. Дәстүрлі діни шаралар, тарихи оқиғалар, көне ескерткіштердегі даталар осы күнтізбемен көрсетілген. Кейіннен миләди жыл санауы басымдық алып, бұл күнтізбе ұмыт болды. Алайда дін қайраткерлері һижра күнтізбесін ешқашан естен шығармаған. Мысалы, қайтыс болған кісінің жасы һижра жыл санауымен есептеледі.
Мұхаррам айы мұсылман жыл санауының алғашқы айы болып есептеледі. «Мұхаррам» сөзі «қасиетті», «тыйым салынған» дегенді білдіреді. Бұл ай Құран Кәрімде айтылған қасиетті төрт айдың бірі. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұхаррамды «Алланың айы» деп атаған.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَفْضَلُ الصِّيَامِ بَعْدَ رَمَضَانَ شَهْرُ اللَّهِ الْمُحَرَّمُ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Рамазан оразасынан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррам айында тұтылған ораза», – деген. Мүслім риуаят еткен.
Мұхаррам айында келетін Ашура күні мұсылман тарихындағы айтулы күндердің бірі. «Ашура» сөзі «оныншы» деген мағынаны білдіреді. Яғни мұхаррам айының оныншы жұлдызы. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш Мәдина қаласына келгенде рамазан айының оразасы парыз болмаған шақта қаладағы яһудилердің мұхаррамның оны күні ораза ұстайтындығын көріп, олардан бұл оразаның себебін сұрайды. Сонда олар: «Бұл біз үшін айтулы күн. Нақ осы күні Алла Тағала Мұса пайғамбар мен қауымын озбыр Перғауыннан құтқарған», – деп жауап береді. Сонда Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Олай болса Мұсаға сендерден гөрі мен жақынмын», – деп, мұсылмандарға осы күні ораза тұтуға бұйырады. Бірақ кейінірек рамазан оразасы парыз етілген соң: «Қалаған адам тұтсын, қаламаған адам аузын ашсын», – деп ерікті ораза санатында қалдырады.
عَنْ أَبِي قَتادةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ سُئِلَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنْ صَوْمِ يَوْمِ عَاشُورَاءَ فَقَالَ: «يُكَفِّرُ السَّنَةَ الْمَاضِيَةَ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Қатада (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте адамдар Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Ашура күнінің оразасы туралы сұрағанда ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өткен жылдың күнә-қателіктерін өшіреді», – деген. Мүслім риуаят еткен.
Ханафи мазһабының ғұламалары Ашура оразасы сүннет деп белгілеген. Сонымен қатар, Ашура күнін жеке тұтпай, оған алдыңғы, не кейінгі күнді қосып тұтуды ұсынған. Олар дәлел ретінде төмендегі Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Ашурада ораза тұтыңдар және яһудилерге керісінше жасап, алдыңғы не кейінгі күнді де тұтыңдар», – деген хадисін алға тартқан.
Жаратқан Иеміз осы айда жасаған барлық ғибадаттарымызды, ізгі істерімізді қабыл алғай. Алда келе жатқан жаңа һижра жылын күллі мұсылман үмбеті үшін құт-берекелі, бейбітшілік әрі татулық, достық, мейірім жылы етсін! Әмин.
Серікбай қажы ОРАЗ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти.
http://muftyat.kz