Ай – адаммен мұңдас

Шерағаның қай шығармасын оқысаңыз да адам баласының қиналғанын, ашу мен ызадан тығырыққа тірелген тұсын және ұлтқа тән болмыс пен мінезді шебер суреттегенін байқаймыз. Бұл турасында поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова былай дейді: «Жазушы шығармаларында философиялық тұжырымдар жасамайды немесе ұнамсыз қылықтарды шымшылап әзіл-оспақтың астына алмайды, кейіпкерлерін көркемсурет галереясындағы көріністей көз алдыңнан тізбектейді».
Расымен, жазушы шығармасына арқау ететін оқиғалар шындыққа жанасып, оқырманын өз әлеміне жетелей кетеді. «Ай мен Айшада» жолдасынан айырылып, тағдырдан теперіш көрген, бірақ өз отын сөндірмей, үш баласын жетілдіру үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен анасы Айшаға арналған балалық күннің естеліктері айтылады. Мұны «Бала кезде көргенім, естігенім бүгінгідей әлі есімде. Ендеше, текке күшене бермей, соны неге жазбаймын?», – деп қолына қалам алғанынан байқай аламыз. Ал, кітаптың «Ай мен Айша» деп аталуындағы себепті автор бір сұқбатында былай деп түсіндіреді. «Кітаптың атында неге ай тұр десеңіз... Ол, енді, біржағынан тағдырдың ұқсастығы сияқты, біздің анамызбен, әсіресе, соғыс кезіндегі жесірлік, қиыншылық көрген аналардың тағдырына ұқсас.
Генрих Гейне деген ақында ай туралы әдемі бір сонеті бар. Мағынасы былай: Күнге ғашық ай, сұлу, күн де оған ғашық сияқты көрінеді. Шүпірлеген көп бала тараған. Ол – жұлдыздар. Күндердің күнінде арасынан әлдебір қара мысық өтті ме, әлдеқандай сызат бітті ме, екеуі содан екі жақта. Бірі – шығыс жақта, бірі батыста. Күн шықса ай батады. Ай шықса күн батып кетеді. Өмірбақи бір-біріне жолыға алмайды, осынау мұңлы сарыны бар. Ал, адам баласының тағдырын алсақ, ері жаңағы репрессияға ұшырап, не болмаса майданға кетіп келмей қалғандардың көбісі солай. Балалар қалды. Ері жоқ бір-біріне жете алмаған дүние. Жалпы, дүниенің философиясы сол. Ай деген арман болса, күн деген қиял болса, соны қуасың да жүресің. Қашан жетесің, белгісіз, соған байланысты алынған ат». Шығармада жан қиналысына тап болған Айшаны тек ай ғана түсінеді. Жала жапқыш заманына, тауқымет тарттырған тағдырына деген өкпесін тек айға айтады. Алақанын созып, жүзін қаратып айға шаққан мұңын шиіттей үш баласы естіп өседі. Осыдан кейін айды адамның мұңдасы, адамның сырласы деп түсінсе керек автор.

Міне, осындай ер мінезімен Айша балаларын да қайсар, өжет, намысшыл қылып тәрбиеледі. Барсхан соның арқасында әкесінің атын Мұртазадан Нұртазаға ауыстырмай аман алып қалды. Табандылығы мен білімділігінің арқасында сұсты директордың жүзін жылытып, оқуға қабылданды. Еңгезердей болған шолақ белсенділердің қай-қайсысына болсын әкесін жамандағаны үшін жұдырық ала жүгіріп, әкесінің жыртысын жыртуға даяр тұрды. Мұның бәрі тәрбиенің туын жықпаған, адалдық атынан айнымаған Айшаның есіл еңбегі еді. Бірақ, сол Айшаны өз еліне сыйдырмай Тасбет пен Жуанқұл бездіріп жіберді. Қошқылтым түнде жетімектерін жетектеп жалғызбасты ана келін болып аттаған босағасынан боздап шықты. Ата-баба аруағынан қорықты. Сескенді. Алайда, араға біраз уақыт салып өзі де, баласы да шаңырақтарына оралды. Мыңбұлаққа сәлем салатын күн қайтадан туды Айша үшін. Ал, Барсхан қолы әзер жеткен оқуын әрмен қарай жалғастырды.
Өзгелер үшін тәтті естеліктерге толы балалықтың бал дәмі автор яғни Шерхан Мұртаза үшін қалай болғанын осы шығармадан-ақ біле аламыз. Жалғыз анасының алақанын жанға дауа, тәнге шипа етіп ержеткен ол бүгінгі ұрпаққа «Ай мен Айша» арқылы өшпес өнеге қалдырып кетті десек артық емес.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.