Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шындыққа сенеміз бе, әлде жалғанға ма?

Шындыққа сенеміз бе, әлде жалғанға ма?


Өткен жылдың желтоқсан айында халқымыздың қалаулы ұлы, түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқай туралы кино көрдім. Азаттық үшін күрескен, шетелде эмиграция­­да жүрсе де туған жерінің, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен жерлесіміз, ардақты азаматымыздың іс-қимылына, ақыл-парасатына, білімі мен ұстанымына, қайсарлығы мен өжеттілігіне тәнті болып, ризашылығымды, мақтанышымды жасыра алмай отырдым. Мен қызмет барысында М.Шоқай туралы толық мәліметім болғандықтан, ол кісі жайлы теріс пікір айтушыларды бұрыннан ұнатпайтын едім. Сонымды сезгендей, киноның соңында оған қатысты кадрлардың ішінде «Агент НКВД Байдраман Садықов, ныне полковник КГБ» деп көрсетіп тұр. Мен оған таңғалдым. Неге таңқалмасқа? Қайбір жылдары «Аралды құтқару қорына «Жүз мың теңге аудардым» деп жалған сөйлеп, өзін КГБ-ның майорымын деп таныс­тырып, аяғы шуға айналған көрініс, осы Байдраман Садықов жөнінде баспасөз беттерінде, біздің облыстық газеттерде және «Егемен Қазақстанда» басылған мақалалар, айтылған мәселелер ойыма сарт етіп, көз алдыма келе қалды. Сонда мына киножасаушылардың анықталған жағдайлардан хабарлары болмаған ба? Мен киносценариясын жазушылардың шындықты көрсете алмағанына наразы болдым. Сонда елімізде болып жатқан, болып өткен жаңалықтардан, оқиғалардан олардың хабарсыз болғаны ма? Б.Садықов жөнінде белгілісі: оның Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылдық округінде туғаны, Мұстафа Шоқайдың руласы. Ол кейінгі жылдары шындыққа жанаспайтын, қисыңға келмейтін, тіпті жуыспайтын оқиғалардың ортасында болдым, кеңестер одағының мемлекеттік қауіпсіздігі тапсырмаларымен шетелдерде Мұстафамен жолықтым, күрделі тапсырмалар орындадым, сол үшін Кеңес Одағының «Құрметті барлаушысымын» деп лақап әңгіме таратып жүрді. Мен Б.Садықовтың Шиеліге КГБ-ның шекара әскерінің полковнигі шеніндегі формасымен келіп-кетіп жүргенін де көрдім. Мен Байдраманның КГБ-ға ешқандай қатысы жоқтығын сол салада істегендіктен жақсы білемін. Оның үстіне жерлес болғандықтан, бұл қызметтегі жерлестерімді Одақ бойынша да сырттай біліп отыратынмын.
Сондықтан, мен қызмет бабында Қызылорда облыстық ұлттық қауіпсіздігі департаментіне хабарлап, мәселенің анық-қанығын анықтап, тиісті шара көруді сұрадым. Кейін менің хабарым бойынша анықталғаны – Байдраман Садықов соғыс кезінде (Ұлы Отан соғысы) Катақорған жаяу әскерлер училищесін бітіріп, майданға әскерлерді жеткізіп тұру жұмысын атқарған. Тікелей Ұлы Отан соғысына қатыспаған. Айтарлықтай наградалары жоқ, барлық әскери шені, атағы «лейтенант». Ол мемлекеттік қауіпсіздігінің барлаушысы болмаған, оның омырауындағы колодкадағы ондаған жоғары дәрежелі награттарының бәрі өтірік. 1974 жылдан бері Алматы қаласының психоневрологиялық диспансерінде «психо-больной тихого помещательство» деген диагнозбен есепте тұрады екен. Соның әсері болу керек, әртүрлі ойдан шығарған, өзінің жалған, өтірік қызмет атқардым деп айтатыны. Бұл жерде менің айтпағым Байдраманды табалау емес, қазақтың қадірлісі, бір туар ұлы Мұстафа Шоқайдың тарихи киносына оған қатысы жоқ адамды дәріптеп қойғаны, осылайша тарихқа жала жауып, шындықты көрсетемін деп, ай-күн аманда өтірік айтуға бола ма? Киноны шығарған кино-режиссерлардың сауатсыздығын, ізденудегі селқостығын, ұлы адам жайлы киноға жалған адамның пікірімен санасып, халыққа ұсынуы кешірілмес кінә деп есептеймін. Оны біле тұра, киноны көре тұра үндемей қалуға арым да, ҰҚК-нің қызметкері ретінде берген антым да жібермеді. Кезінде Б.Садықов өзін патриот көрсетіп, «Аралды құтқару қорына жүз мың қаражат аудардым», – деп, облыстық партия комитетін алдап жеңіл автокөлік алған, оны сатып, пайдасын көрген. Баспасөз де оның сөзіне сеніп, «Әл Аралы», подарок» деген патриоттық мақалалар жаздырған. Компьютер арқылы әртүрлі жалған құжаттар жасатып, (оның ішінде атақты барлаушы, сберкнижка т.б.) алған. Бұның барлығын Алматы ұлттық қауіпсіздік комитеті басқармасы тартып алғанда, психо-больной болғандықтан жауапқа тарта алмаған. Б.Садықов жөнінде, оның жалған жолмен істеп жүрген қылмыстарынан елді сақтандыру мақсатында «Садықовтан сақтаныңдар» деген көлемді мақаланы «Егемен Қазақстан» республикалық ата газетімізде дер кезінде жарияланған еді. Сөйтіп, баспасөз, ҰҚК-і әшкерелеген Б.Садықов, М.Шоқай киносының негізгі кейіпкерінің біріне, қазақтың патриот, хас батырларының қатарынан табылып тұр. Осыдан кейін телеарналардың жұмысына көңілім толмай қалды. Тарихты бұрмалау, тарихи тұлғалардың өмір дерегіне жалғандық жасау – әдепсіздік. халықты бұлай алдауға болмайды. Елбасымыз Н.Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әр адам тарихты білу керек екендігін, онсыз алға жылжу мүмкін болмайтындығын ескертті. Менің жазып отырғаным соған бір мысал. Биыл «Жас­тар жылы» болып жарияланды. Біз сонда келешек ұрпағымызға жалған сөйлеп, өтірік айтып, шындықты айтпай кетуіміз керек пе? Жоқ. Шындықтың аты – шындық.

Серғара Ізтілеуұлы,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»,
ҰҚК-нің «Құрметті ардагері», полковник.
09 ақпан 2019 ж. 862 0