Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дос болу айып па? немесе олар ұмытылуға тиіс емес

Дос болу айып па? немесе олар ұмытылуға тиіс емес



Кеңес заманында еңсемізді көтере алмадық. Қазақ елінің әпшісін қуырған бодандық азаттыққа жол бермей, халқымызды кезек-кезек тағдыр тәлкісіне салып қойды. Ұлы далада емін-еркін өсіп, халық саны көбейіп, мал саны артып, бей-жай өмір сүріп отырған бабаларымыз түрлі науқандарды бастан кешті. Колхоздастыру, қолдан жасалған ашаршылық, көзі ашық білімді адамдарымызды қолдан жау жасап, қуғын-сүргінге салу, қазақтың ұлт-азаттық көтерілісшілерін қырып-жою, сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдары миллионнан аса боздақтарымызды алғы шепте ұстап, құрбандыққа шалу – бәрі-бәрі ұлтымызға жасалған қастандық, қатыгездік, әділетсіздік еді. Оған қарсы шыққандар «халық жауы» саналып, шетінен оққа ұшып жатты.
Азаттық жолында күрескен Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, тағы басқа кемеңгерлер жайында қазір ашық айтылып, жазылып жатқаны белгілі. Олардың бастан кешкен азаптарын адам басына бермесін. Халқымыздың қадірлі перзенті, күллі түркі тілдес халықтардың ұлт-азаттық жолындағы қозғалысына рух берген ірі қайраткер, түркі әлемінің көсемі, Түркістан автономиясының президенті, отаршыл саясатқа жаны қас оқымысты ғалым, сондай-ақ, дүниежүзіне белгілі журналист-публицист, танымы терең дара тұлға Мұстафа Шоқай жайлы да тек 1993 жылдан бастап қана шындық айтыла бастаған.
Атынан ат үркетін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Әмірхан Бәкірұлы 1998 жылы Мұстафа Шоқай атты деректі хикаятын жариялап, Сыр түлегі, жерлесіміз М.Шоқайдың өмірінің соңына дейін азаттық мұратына адалдығын көрсете білгендігін, оның азаматтық бейнесін ашып берді. Соңғы жылдары жерлесіміз, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір ағамыз М.Шоқай туралы тереңнен толғап мақалалар жазып жүр. Ал, М.Шоқайдың туғанына 120 жыл толу мерекесіне орай шығарылған жазушы Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» тарихи-деректі екі томдық кітабы ұлт-азаттық құрбандарына қойылған ескерткіш іспетті. М.Шоқай бүкіл ғұмырын түркі халықтарының басын қосу мен адамзаттың азаттығы үшін күресіп, арпалысқан адам. Оның басты арманы – қазақ халқының тәуелсіздігі болатын.
Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақ құрылтайынан соң оның талаптары уақытша үкіметтің тарапынан қолдау табады. Құрылтайда қаралған қазақ жері және жұмысшылары туралы мәселе оң шешіліп, жұмысшыларды майдандағы қара жұмыстан үйлеріне қайтару, «қарсылық көрсетті» деген желеумен қамалғандарды түрмеден босату қазақтарға зорлық-зомбылық жасауды, жерін тартып алуды біржолата тоқтату, Түркістан уәлаятына орыс қоныстанушыларының көшіп келуін жедел тоқтату, мемлекет тарапынан оларға берілген жерлердің есебін алу, жергілікті халыққа сол жерлерді қайтару жөнінде тиісті қаулы қабылданады. М.Шоқай бұл құрылтайды кейін: «... Аса салтанатты да сәтті өткен бірінші бүкілқазақ құрылтайы сол тұста татар, өзбек және қазақ бас қосқан, шын жүректен пікір алысқан туысқандық тойы іспетті болды...» деп ризашылықпен жазады. Осындай сәтті өткізілген құрылтай жұмысы аяқталған соң, Мұстафа Шоқай, Мінуар Кари, Әбдусәме Кари, Садықұлы, Алдабергенұлы мен Жүсіпбек Басықараұлы – бәрі Түркістанға қарай жолға шығады. Міне, осындағы тарихи тұлғалардың бірі – Серқұл Алдабергенов туралы да Ә.Бәкірұлының «Мұстафа Шоқай» кітабында сыр шертіледі. С.Алдабергенұлы Мұстафаның досы әрі сенімді серігі, пікірлес, ниеттес, қанаттасы болды. Өздерін еншісі ажырамаған Шиелі, Жаңақорған елінің, қазақ халқының азаматтары санайды. Олар – пойыз үстінде де еліміздің болашағы, тәуелсіздігі, халқының бақытты өмір кешуі жайлы әңгіме шертіп, ойласып, ақылдасып, келешек атқаратын істерін, жоспарларын талқылаған болар. Бірақ, алдарында не күтіп тұрғандығынан хабарсыз еді.
Күрескерлер ештеңеден қорықпады. Қожамберді XVI ғасырда өмір сүрген қазақ батыры. Уақытысында Сығанақ шаһарында Ақназар хан жүрек жұтқан қаһармандығына сүйсініп, оған алтын балдақты алмас қылыш сыйлаған көрінеді. «Көргенді бала тегіне тартпай тұрмас» дегендей, Қожамберді батырдың ұрпақтары ішінде де халқы үшін бас тігіп күрескен, жанын садақа етіп, аяусыз тер төккендер аз болмаған. Олардың барлығы батыр бабасын ардақтап, пір тұтып, оның жолын жалғастыруды мұрат еткен. Солардың ішінен Қалкөз Сіргебайұлы мен Серқұл Алдабергенұлының алар орны ерекше. Сондай-ақ, Сеңкібай би, Байтілес би, Қалкөз билер кезінде Досбол бимен араласып, Қалкөз би Досбол датқаны ұстазы санаған. Ал, Серқұл Алдабергенұлы, Жорабек, Бабабек Есеновтер, Әбу, Әли Палымбетовтермен Жөлек орыс-бұратана мектебінде, Ташкенттегі ер балалар гимназиясында Жорабекпен қатар оқыған. Осылардың ішінен 1935-1938 жылдары Әли Палымбетов пен Серқұл Алдабергенұлы қуғын-сүргінге ұшыраған. Репрессияның өртіне шалдыққан. Серқұл Алдабергенов 1883 жылы Жаңақорған ауданында туған. Ол кезіндегі білімді адамдардың бірі болған. Орысша сауатты Серқұл 1917 жылы Перовскіде Иосиф Гержодтың (сол кездегі совдеттің төрағасы) қарамағында қызмет атқарған. И.Гержодтың орынбасары Жорабек Есенов болған.
Орынбор қаласында өткен жоғарыда айтқан Алашорданың бірінші съезінде Сырдария облысынан Мұстафа Шоқай екеуі делегат болып сайланған. 1928 жылы биыл 90 жылдығы аталып өткелі жатқан, жаңадан ашылған Шиелі аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Кейіннен И.Гержод А.Алдабергенов пен атқару комитетінің басқа да қызметкерлеріне қамауға алу мақсатымен Шиеліге қызыл отрядтар жіберген. Мұны дер кезінде Жорабек арқылы естіп, кейін мәлім болғандай, олар қашуға мәжбүр болады. С.Алдабергенов өзінің отбасымен Қызылқұмда біраз жыл жасырынып жүреді. Қамауға алудың басты себебі Серқұл байырғы досы Мұстафа Шоқаймен 1923-1924 жылдары шет елде жүргенде хат алысып, ойларын жазысып тұрған. Елдің жаңалықтарын жеткізіп отырған. Бұл деректер ОГПУ-ге ауадай қажет, таптырмас олжа болатын. Қашып жүрген С.Алдабергеновты 28 маусым 1934 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында ұстап, қамауға алады. 1912 жылы Серқұл Алдабергенұлы, Төменарық болысының меңгерушілігіне сайланып, болыс болады.
«Тектіден текті туар расында» демекші, ата-бабаларына тартқан Серқұл да зерек, сөзге шешен, ісіне мығым, халқына жанашыр, қызметіне жан-тәнімен берілген азамат ретінде ел арасында беделді де белсенді қызметімен танылады. 1918 жылы Жорабек пен Серқұл Перовск уездік атқару комитетінде бірге қызмет атқарған. Ж.Есенов уездік милицияның бастығы болса, С.Алдабергенұлы жер бөлімінің бастығы қызметін атқарған. Серқұл 1934 жылы Мұстафа Шоқаймен араласқан зиялы қазақтардың бірі ретінде «халық жауы» атанып, тергеу барысында оған отызыншы жылы Қазақстанда орын алған контрреволюциялық ұйымның басшысы болдың деп айып тағады. Сондағы жаласы Серқұл қазақ елін Ауғанстанға жаппай эмиграцияға кетуіне әрекет жасады деген екен. Сөйтіп, өйтіп-бүйтіп, С.Алдабергенұлы 1935 жылы 23 наурызда КСРО НКВД-нің айрықша кеңесімен 5 жылға Красноярск өлкесіне жер аударылады. Серқұл 1937 жылы соңғы хатын жазып: «Хат жазбай-ақ қойыңдар, алып кетпекші» – дейді. Азаттықтың құрбаны болған С.Алдабергенұлының одан арғы тағдыры белгісіз күйінде қалады. Жаңақорған топырағының тумасы Серқұл атамыздың Алаш қозғалысына белсене араласуы, оның есімі М.Шоқай, С.Қожановтармен қатар аталуы, осындай азаматтың ағайын-туыстарының кеудесіне қуаныш, мақтаныш ұялатады. С.Алдабергеновке жабылған «халық жауы» деген негізсіз айыптарды жала деп тауып, Оңтүстік Қазақстан облысының ерекшеленген сот органы архивтік тергеу ісін 1988 жылы қайта қарап, С.Алдабергенұлын ақтап шығады. Онда 1930-1938 жылдары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында ешқандай контрреволюциялық ұйымның тіркелмегендігі айтылған. Міне, қызық! Осылайша, білдей азаматтың тағдыры ойыншыққа айналған. Сотқа төрағалық жасаған Нұрбеков деген кісі істің құрамында қылмыстық әрекеттің болмауына байланысты істі қысқартқан. Өкініштісі сол – өте кеш, қуаныштысы сол – Серқұл Алдабергенұлы ақталды. Ағайынның беті ашылды. Әйтпесе, «халық жауының» зардаптарын оның ағайын-туыстары кешеге дейін көріп келді емес пе?! Оның арасында ауданымыздың «Құрметті азаматы», елге танымал энергетик ағамыз Болатбектің әкесі Медетбеков те бар еді. Бабалары Алдаберген қажылық сапардан оралмай, әулетке оның үлкен ұлы Бердияр иелік жасайды. Інілері Құлат, Нұралы, Серқұлдарды оқытып, адам етеді. Не пайда, Серқұлмен қатар оның ағасы Бердиярдың балалары Райымбек пен Медетбек те «халық жауының» інілері ретінде талай рет қуғынға ұшырайды. Серқұл ұсталған соң Медетбек үш жылға Владивосток жағына жер аударылады. Жұбайы Зиякүл үш қызымен аштық, ауру жайлаған ауыр жылдарды бастан кешіп, Серқұлдың қарындасы Үйректің үйін паналайды. Аштықтан Медетбектің үш қызы да мерт болады, оны ол айдаудан оралғанда бір-ақ біледі. Бұл 1936 жыл болатын. 1937 жылы «халық жауы» Серқұлдың інісі, үш жылға жазықсыз Қиыр Шығысқа айдалған Медетбектің де отбасында қуаныш орнап, дүниеге бірінен соң бірі Болатбек пен Темірбек келеді. Сол Болатбек Медетбеков ағамыз Шиелідегі Әбділда Тәжібаев көшесінің тұрғыны. Ұрпақ сабақтастығы бізді болашаққа жетелейді. Есімі М.Шоқаймен қатар аталған, онымен дос болған Серқұл Алдабергенұлының тағдыры да азаттық үшін күрестің көшінде тарих қойнауына енген. Олар ұмытылуға тиіс емес. Ұмытылмайды да.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
16 мамыр 2018 ж. 1 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930