Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ертең біз де қартаямыз

Ертең біз де қартаямыз

Қазақстанның тарих сахнасынан ойып тұрып орын алып, Тәуелсіз ел болып құрылғанына 28 жыл толады. Еліміз бүгінде Еуразияның жүрегінде орналасқан, тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Аз уақыттың ішінде бізден едәуір уақыт бұрын тәуелсіздіктерін алған мемлекеттерді қуып жетіп, спорт, білім, ғылым, мәдениет, өнер жағынан әлемнің алпауыт елдерімен тереземіз теңеле түсуде.Татулық пен бірлікті алға тартқан Елбасымыз көш бастап, Қазақстан бүгінде Орта Азиядағы дамушы елдерден алда келеді. Осындай бейбіт елімізде тұрып жатқанымызға шүкір дейміз. өмірде ақ пен қара, күн мен түн, жақсылық пен жамандық қатар жүретінін ескерсек, еліміздегі кейбір жағдайлар көңілімізді түсіреді. Ол – қарттар үйі мен балалар үйі.Иә, қарттар десе, бәріміздің көз алдымызға әке-шешеміз не ата-әжеміз елестері хақ. Сол ата-аналарымызға деген сүйіспеншілігімізді айтпағанда, сексеннің сеңгірінен асып, тобықтай ғана болып отыратын ата-әжелерімізге деген ыстық ықылас, құрметіміздің қаншалықты зор болғанын бүгінгі жастар білмесе де, орта және аға буын өкілдері жақсы біледі деп ойлаймын. Әлі де болса оларды жас баладай әлдилеп, әлпештеп бағамыз. Бүгіндері әке-шешелері мен ата-әжелеріне солай қамқорлық жасайтын жастарымыз жоқ деп те айта алмаймыз. Дегенмен, қоғамымыздағы сан алуан келеңсіздіктердің қатарында ата-анасын қарттар үйіне тапсыру деген сұмдық әрекеттің өрттей қаулап келе жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Шыны керек, қазіргі қоғамды әділетсіздік пен безбүйректік әбден жайлап алды. Енді міне, кішкентай күнінен бағып-қағып өсірген ұл-қыздарымыз шімірікпестен ата-аналарын қарттар үйіне тапсыра салатынды шығарды. Бұл – бұрын-соңды қазақ халқының салтында болмаған қасіретті жағдай. «Ата-анаң жынды болса, байлап бақ» деген қағиданы ұстанатын қазақ едік. Енді міне, айдың-күннің аманында әке-шешемізді, бақташыға мал өткізіп жатқандай, қарттар үйіне тапсыра салатын күйге жеттік. Қандай қатыгездік десеңізші! Олар қартайған шағында аялап өсірген ұл-қыздарынан осылайша қасірет шегу үшін жаралды ма? Жоқ! Сонда бұған кім кінәлі? Қоғам ба, ата-аналардың өздері ме, әлде солардың ұрпақтары ма? Шын мәнінде, бұған «қараусыздарға қамқорлық танытып отырған» қоғамды кінәлай алмаймыз. Бұған көп жағдайда кінәлі өзіміз екендігін мойындауымыз қажет. Неге? Біз ұрпағымыздың санасына ата-ананың қадір-қасиетін нықтап сіңіре алмай келеміз. «Әркімнің ата-анасы – әулиесі» деген аталы сөз бар. Сондай-ақ, әрбір әкенің де өз ұрпағына көрсетер үлгі-өнегесі мол. Әке әркез отбасының, бала-шағасының, әке-шешесінің қамын ойлап, туған-туысқа көмектесуді мақсат етеді. Хақ дініміз ислам «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Оның алдында күнәһар болу – Алла алдында күнәһар болу», – деп, әкені құрметтеуді парыз санаған. Ал аналар – шаңырақтың алтын босағасы, киелі тұтқасы. Халқымыз аналарды аса құрметтеп, қастерлеген. Ата-ана – әр шаңырақтың шамшырағы. Өкінішке орай, “Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы”, – деп Төле би бабамыз айтқандай, бүгінгі тірлігіміздің ауаны соған ойысып бара жатқандай. Иә, ешқандай ата-ана өз балаларын жаман болсын деп тәрбиелемейді. Бірақ, қазіргі уақытта күйбең тіршілікпен бала тәрбиесіне көп уақыт бөлмейтіні бәрімізге белгілі.
Ұл-қыз ата-анасын қуанышқа бөлеп, бақытқа жеткізу үшін, ең әуелі, әдепті болуы керек. Әдепті болып өскен бала ата-анасының қас-қабағына қарап, хал-жағдайларын айтқызбай аңғарады және олардың ішіп-жеу, киім-кешек, ұйқы-демалысын қадағалап, әр нәрседен көңілдерін тауып, мерейлерін өсіреді. Халқымыз атаны да, ананы да пір тұтып, тегімізді атадан, тілімізді анадан санаған. Көтерген шаңырақты кие тұтқан, беріктігін сақтаған. Сондықтан да, шаңырақта үлкені бар үйдің балаларының тәртібі мен мінез-құлқы ерекшеленіп тұрады. Олар үлкенге сый-құрмет, ізет-ілтипатпен қарайды, иманжүзді болып келеді. Баланы өсіру, оны азамат етіп тәрбиелеу – елдік мәселе. Сол себепті осыны естен шығармаған абзал.

Аружан Алпысбай.
09 ақпан 2019 ж. 1 126 0