Құран оқуды үйреткен дауыс
ХХІ ғасыр технологияның дамыған заманы дегенімен, күні бүгінге дейін жауап бере алмай келе жатқан дүниелер бар екені жасырын емес. Ол – тылсым оқиғалар. Әлеуметтік желілерге көз салсақ адам сенгісіз таңғажайып оқиғаларға куә боламыз. Үстінде Алла деген жазуы бар жан-жануарларды, балықтарды, «Алла» деп сөйлейтін өгіз бен қарғаларды көріп, естіп те жүрміз. Денесінде құран аяттары жазылған адамдарды да байқадық. Осы секілді адам сенгісіз оқиға өткен Рамазан айында Ы.Жақаев ауылында да болған еді.
Қасиетті рамазан айы исі мұсылманның ауызбіршілігі артып, түрлі игі бастамалар мен сауапты іске асығатын уақыты. Мешіттердің бірінде Құран қатым етіліп жатса, екіншісінде білім сайыстар ұйымдастырылады. Сондай игі шараның бірі Иіркөл елді мекеніндегі «Ы.Жақаев» мешітінде де өтті. Онда ауылдағы әр жылғы құрдастар күнделікті кезекпен ауызашар өткізіп тұрды. Ептеп тілін сындырып, көзі жаттыққандар ай соңына дейін құранды бастан аяқ оқып шықты. Мешіт имамы Ораз қажы Мысырхановтың мұрындық болуымен бұдан да басқа түрлі бастамалар қолға алынды. Спорттың сан түрінен жарыстар өтіп, мешітке ауданның және облыстың қарилары келіп Құран қатым етті.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, әр жылғылар ауызашарды мешітте бергендіктен, оның асын әзірлеу үшін ауыл тұрғыны Назира Дарханбекова апамызға өтініш айтатын. Мешіттің қасына үлкен қазан алып келініп, алдындағы медресе ішінде дастарқан жайылатын. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері болып отырған Назира апамыз: «Намаз оқу ойым да болған емес. Балаларымның өтініші бойынша мешітке келіп әр күні әртүрлі тамақ әзірлейтінмін. Ауызашар уақыты болған кезде ауыз бекіткен жамағат сумен аузын ашып, мешітке ақшам намазын оқуға кіріп кететін. Сол бір күні неге екенін білмеймін ақшам намазы уақытында терең ойға түсіп кеттім. Мен намаз оқымақ түгілі, құранның бір сүресін де білмеймін. Бірақ, осындай қасиетті Алланың үйіне келіп, Алланың разылығы үшін ораза ұстаған жандардың дәмді тағаммен оразасын ашуға көмектесіп жатырмын. Бұның да бір сауабы бар шығар деп іштей ой түйдім. Сол күні түнде бір жас баланың дауысын естідім. Құлағыма өте жағымды естілді. Маған бір сөздерді қайта-қайта айтады. Мен болсам қайталаумен болдым. Бірақ, не айтып тұрғанымды өзім білмедім ол кезде. Ертесіне таңертең ұйқыдан тұрсам да түнде естіген дауыс құлағымнан кетпеді. Әлі де болса қайталап қоямын. Намаз оқып, ауыз бекіткен кісіге келіп жолықтым. Түнде естіп, жаттап алғанымды айттым. Ол кісі бұның құранның сүрелері екенін айтып берді. Барлығы да сөзбе сөз дұрыс екен. Менің таңғалғанымда шек болмады. Мен құран бетін ашып оқыған емеспін. Естіп жүрген де жоқпын. Сол құран сүрелерін үйреткен белгісіз жас баланың дауысынан соң енді намаз оқуға ниеттеніп жүрмін», – дейді.
Кейінірек кейіпкерімізге жолыққан сәтте қазір біразын ұмытып қалдым ойымда қалғаны тек осы ғана деп «Фатиха», «Ықылас» сүресін судыратып берді. Ал, ауыл имамы Ораз қажы Мысырханов: «Бұл Алла тағаланың құдіреті. Апамыздың шын пейіліне берген хадиясы. Бұл жерде кей кісілерге жындар уәсуәса салуы мүмкін. Мысалы, тәуіпсің, аталарың келіп үйретіп кетті дегендей. Біз бұдан сақ болуымыз керек. Аталмыш оқиғаны тек «Алланың сыйы» деп қабылдауымыз қажет», – деді. Иә, Алланың құдіретінде шек жоқ.
Ерұлан ДАТКЕНОВ.
Шыңғыс НӘРЗІЛДА (фото)