Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қолы алтын азамат

Қолы алтын азамат


Жексенбінің таңы атпай мал базарға баруды ниет қылдық. Ауылдан шыққан көлікке ілесіп, діттеген жерімізге жеттік. Қызу базар жүріп жатыр. Ердің көзі ерекше жылқыға түседі емес пе? Ауылдан бірге барған жігіт күрең қасқа айғырға қызығып, алуға бекінді. Саудаласу – сүннет. Бағасын біраз түсірем дегенше, базарды бір айналып шықпақ болып, мал шаруашылығына қажетті заттар сататын жағына бет бұрдық. Мұнда арқан, ноқта, тартпа, тіпті ердің түр-түрі самсап тұр. Бағаларын сұрастыра келе ер құнының ең арзаны 35 мыңнан басталатынын білдік. Иә, ерді тексерудің түрі көп екен. Оны жанымдағы Ақылбек Пернебаевтың айтуынан кейін біліп жатырмыз. Көп ердің арасынан қымбат, тәуір деген біреуін алып, жерге қойып көргенде, қисайып тұрды. «Бұл аттың арқасына батып, жауыр етеді» – деді ол. Аталарымыз «Арқаңа батса алтын ер, алтынын ал да, отқа жақ», – демейді ме? Қысқасы, бағасы шарықтап тұрған ердің өзі сапасы сын көтермейтін болып шықты. – Шіркін, ауылдағы Рахымберген көкенің шапқанына жетпейді мұның бәрі. Ол кісінің қолы алтын, – деген Ақылбектің сөзінен кейін ойланып қалдық.
Сол күні түс ауа Рахымберген Мырзахметов көкемізге соғып хал сұрасып, ердің жасалу жолындағы еңбектерімен таныстық. Әдеттегідей, бір қолында шот, бір қолында әлі толық бітпеген ер. Рахымберген көкеміз 1954 жылы Шиелі ауданы, Жиделіарық ауылында дүниеге келген. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Жалпы, Рәкеңнің отбасы бұрыннан ұста болған. Ат жалын тартып мінген уақыттан бері бір заттарды құрастырып, неше түрлі пайдалы нәрселер жасап жүрген. 1974 жылдары шамасы Досмағамбет қарттың ер шауып отырғанын көріп қызығады. Екі рет көріп, өзі де шапсам деген ой келеді. Содан, үлкен ағашты қырқып, бастап кетеді. Алғашында, бір-екі рет дұрыс шықпай, артынан қол үйреніп, ақыға жасай бастаған. Ер шабудың өзі үлкен есепті талап етеді. Бұған қажетті техникалық құрал жоқ. Барлығын тек шотпен шауып шығады.
– Үлкен ағаштан бүтін ер жасаған мықты болады. Құрама болса, сыну қаупі жоғары. Бірінші астын ойып, екі қапталын шабады. Теріс қаратып керсенін шығарып, мойынын шауып барып, ең соңында басын жапсырады. Мықты болуы үшін малдың сіңірімен пайлап клеймен, бір кептіріп алады. Кептіргенде де күнде емес, қою көлеңкеде тұруы керек. Барлығы біткенде түйенің терісін суға салып жібітіп, тартып отырып, шегемен қағып, қаптап, тағы кептіреді. Сонда ғана ер мықты, анау-мынау соққыға сынбайтындай болады, – дейді ­Рахымберген ұста.
Қандай шикізат қолданылғанына, қай үлгіде жасалғанына және сыртқы түріне қарай: сом ер, құранды ер, қазақы ер, қалмақы ер, қырғыз ерітағы сол секілді түрлерге бөлінеді. Ұлттық мұрамыздың жанашыры, марқұм Дәркембай Шоқпарұлы өлеңінде:
«Сүйегін сомдап шаптым талды қиып,
Аласа артқы қасы, алды биік,
Атқа да, адамға да жайлы бұл ер,
Алсаңыз өкінбейсіз малды жиып», – деп бір шумақпен ердің суретін, құнын, пайдасын керемет жеткізіп отыр. Р.Мырзахметов көбіне қазақы ер шабатын. Әрі қарай сәндей берсең жараса береді емес пе?
Әр ұстаның жасау тәсілі әр түрлі болады екен. Р.Мырзахметов Жиделіарық ауылындағы көкпаршылардың түгелдей дерлік ерін өз қолымен шауып берген. Арнайы тапсырыспен бір ерді бір баспаққа жасайтын көрінеді. Бойда қуат, қолында күш бар кезде қолөнердің бұл түрін кәсіп қылған, Рәкең шәкірт тәрбиелеу ісінде де кенде емес. Балалары: Батырхан, Қасымхан, көрші інісі Өмірзақ та осы күні ауданға танымал ұсталар.


Бекжан Ержігіт.
29 қаңтар 2019 ж. 942 0

Қоғам

ШАРАПАТЫ МОЛ ШАРА
04 мамыр 2024 ж. 55

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031