Бауыржан Момышұлы: «Мен тұтас қазақпын. Мені бөлшектеу мүмкін емес...»
Адал өмiр сүру үшiн жұлқыну, шатасу, соғылу, қателесу, бастап тастау, қайтадан бастау ерiксiз мәжбүр етедi. Ал жан тыныштығын күту – рухани сатқындыққа саяды. Данышпан Толстой шал осы қағиданы өмiрiне тiрек етiп өтiптi. Халық батыры Бауыржан Момышұлы да өмiр үшiн өз күшiн ашып көрсетiп, жемiстi еңбек ету арқылы өмiрге мағына бердi. Даңқ үшiн жеткiлiктi, Отан үшiн аз өмiр сүрдi.
Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі соңына мол мұра қалдырған Бауыржан Момышұлының әр жылдары айтқан қанатты сөздерiн оқырман назарына ұсынады.
Мен запастағы полковникпiн, бiрақ отставкадағы азамат емеспiн.
Мен өмiр бойы парыз сезiмiне бой алдырып, жалғыз соған ғана бағынып келдiм
Мен тұтас қазақпын. Мені бөлшектеу мүмкін емес. Мен бір қазақ емеспін, бар қазақпын.
Халықтың игi дәстүрi – бiздiң асыл мұрамыз.
Тәртiпке бас иген құл болмайды, тәртiпсiз ел болмайды.
Ел үшiн аянба – ерлiгiңе сын, жұрт үшiн аянба – жiгiттiгiңе сын.
Отбасының өнегесi – Отан өнегесi
Еңбек етпей, шаршамай, демалу да азап қой!
Бiздiң дәуiрiмiзге жалғандық атаулы жат... Жүректiң қанымен жазу керек. Ал сiздер, жазушылар, кейде сумен жазасыңдар.
Бiреулер немiстi адам емес, құбыжық дейдi. Мен мұнымен келiспеймiн, өз солдаттарыма айтамын: фрицтер – құбыжық, аждаһа, перi емес, адам. Рас, ол әбден азғындаған, адамгершiлiктен жұрдай, бұзылған, нағыз тонаушы адам, бандит, жендет, жауыз, оған адамзаттық барлық жаман қылықтары тән.
Немiстi найзамен шаншып, оқпен атып өлтiруге болатынына, оған да қорқыныш тән екендiгiне жауынгерлердi көзiн жеткiзе сендiру керек...
Қан майданда халық үшiн намыс туын көтердiк. Атамекен жер үшiн, қасиеттi ел үшiн болмай қалар кiм батыр!
Отан үшiн отқа түскiн – күймейсiн.
Тiзе бүгiп тiрi жүргенше, тiк тұрып өлген артық.
Парызсыз даңқ тұл. Ондай бишара даңқ атаққұмар даңғойлар үшiн тәттi. Ал ар-намыс адамы үшiн ол әрқашан ауыр да азапқа толы.
Мен – өмiр бойы парыз сезiмiне бой алдырып, жалғыз соған ғана бағынып келдiм.
Парыздан күштi күш жоқ.
Парыздан берiк қалқан жоқ.
Парыздан нәзiк сезiм жоқ.
Парыздан қатал сот жоқ.
Парыздан ыстық құштарлық жоқ.
Парыздан қасиеттi әулие жоқ.
Парыздан дана даналар жоқ.
Парыздан шебер жасампаз жоқ.
Парыздан қорқынышты жаза жоқ.
Парыздан жомарт марапат жоқ.
Парыздан жарқын жарық жоқ.
Парыздан басқа тура жол жоқ.
Парыздан өткiр тiл жоқ.
Парыздан жүйрiк тұлпар жоқ.
Парыздан парасатты Пайғамбар жоқ.
Парыздан кiршiксiз тазалық жоқ.
Парыздан биiк шың жоқ.
Парыз – жан рухы, жүректiң жүрегi.
Парыз – арман мен даңқ асқары.
Парыз – кiшiпейiлдiлiк негiзi.
Парыз – махаббат iңкәрi.
Парыз – адал берiлгендiк тамыры.
Парыз – айнымастың өзегi.
Парыз – қаһармандық баспалдығы.
Парыз – ержүректiк рухы.
Парыз – қаһармандық жүрегi.
Парыз – сужүректiк найзағайы.
Парыз – ұлттың iргетасы.
Парыз – намыс күзетшiсi.
Парыз – қанатсызды қанаттандырады.
Парыз – өшкендi жандырады.
Парыз – өлгендi тiрiлтедi.
Парыз – тек өмiрге тән.
Терлеп еңбек етпегеннiң тiлегiне жеткенiн көргенiм жоқ.
Тәрбиелi – тәртiптiң құлы,
Тiртiптi – елдiң ұлы.
Өтiрiктiң балын жалап тiрi жүргенше, шындықтың уын iшiп өлген артық.
Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгiсi.
Жиырма жас тарихи ерлiктер жасайтын жас. Осыған әрқашанда әзiр болу керек.
Ұлттық мақтаныш – жеке адам мен ұлт үшiн бұзылмас заң әрi қасиеттi сезiм.
Халық тәжiрибесi тек бiзге ғана емес, бiздiң келер ұрпақтарымыз үшiн де қымбат қасиет.
Ой жетпейтiн жер болмайды, күлкi жеңбейтiн жау болмайды.
Әр iс-әрекеттiң тууына түрткi болар себеп бар. Адамның әр қаракетiнен оның жан дүниесiнiң сыры аңғарылады.
Тiл дегенiмiз – қай халықтың болмасын кешегi, бүгiнгi ғана тағдыры емес, бүрсүгiнгi де тағдыры.
Жылататын да, жұбататын да – сөз.
Тiл тазалығы үшiн күрес ешқашан толастамақ емес.
Анамыздың ақ сүтiмен бойымызға дарыған тiлiмiздi ұмыту – бүкiл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту.
Кейбiр ұл-қыздарымыздың ана тiлiмiздi бiлмеуi, не шала бiлуi менi қатты қынжылтады. Бұған ең алдымен ата-ана кiнәлi.
Қолына қалам ұстаған әр азамат ана тiлiнiң бай қорын игерумен бiрге басқа, әрсiресе, көршi ұлт тiлдерiнiң де асыл қазынасынан сусындауы, оны кәдеге жарата бiлуi абзал.
Тiл байлығы, тiл тазалығы – ұлт қасиетiнiң, салт-санасының негiзгi өнеге, нағыз белгiсi.
Үмiт өрге тартады, үмiтсiздiк көрге тартады.
Үмiтiн жоғалтқан жан, ешқашан үмiттенiп көрмеген жан.
Сезiмдi ақыл мен ерiкке бағындыру қажет. Табандылық пен өзiңдi-өзiң билеу, өр рух пен қайыспайтын қайсарлық ерлiктiң кепiлi.
Опасыздық – ойсыздық.
Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындық.
Қуыс кеуде болғаннан артық қорқыныш та, қорлық та жоқ.
Дайындаған – АЗАТ ҮСЕН.