Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » IТ-ДЫҢ АЙЫ ОҢЫНАН ТУСЫН

IТ-ДЫҢ АЙЫ ОҢЫНАН ТУСЫН


Елімізде колледждер мен жоғары оқу орындарын жыл сайын ақпараттық технологияларға маманданған 18 мың түлек тамамдайды. Дегенмен жаһандану дәуірінде бұл көрсеткіш өте төмен. Одан бөлек осы 18 мыңның ішінде топ жарып, осы салада көш бастайтындары да көп емес. Яғни, Қазақстанда кәсіби IT-маманға сұраныс жоғары. Интернет-компания өкілдерінің айтуынша, бір вакансияға адам табылмай, ол орын бір жыл бос тұратын кездер жиі болады. Мемлекет тарапынан бұл мәселе қалай шешіледі? Сондай-ақ 2018 жылы осы салада қандай әлеуметтік жобалар іске асады?

IT-мамандар дайындау туралы Үкіметтің кезекті отырысында да қозғалып жүр. Шешім ретінде бейінді мекеме гранттар санын көбейтіп, білім беру ошақтарында жаңа мамандықтар ашуды жоспарлап отыр. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, бүгінде студенттер киберқауіпсіздік туралы оқи бастаған. «Бұл – жаңа бағыт. Әзірге аталған мамандықта 6 адам ғана оқиды. Жыл сайын гранттар санын көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз. Астанадан үлкен IT оқу орнын ашу керек. Шетелдік мықты ЖОО-лармен бірлесіп жұмыс істесек, жақсы болады. Осы ойымыз жүзеге асса, IT-мамандарды Қазақстанға қайтаратын платформа ретінде IT-хабпен бірге қолдануға болар еді» деді министр.
Министрлік IT-қауымдастықтармен және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, барлық деңгейдегі оқу орын­дарындағы білім беру бағдарламаларын жаңартуды көздеп отыр. Өйткені ақпарат­тық технологиялар қоғамның барлық саласына еніп кеткен. Соның ішінде еліміз үшін маңызы жоғары медицина, ауыл­шаруашылық және педагогика салаларына басым мән берілуі тиіс. Осы мамандықта оқитындарға білім беру бағдарламасында ең кем дегенде үш кредит қарастырылып, пәннің ағылшын тілінде өтуін шарт қып қоймақ. Сағадиевтің сөзіне сүйенсек, бұл болашақта барлық салада IT құзіретін көтеруге мүмкіндік береді.
Халықаралық стандарттарды есепке ала отырып жаңа білім беру бағдарламасын енгізу колледждерде де іске асырылады. Ақпараттық технологияларды ағылшын тілінде түсіндіру үрдісі бүгінде басталып та кетті. Бірақ педагогтардың саны әзірге 100-ге жуық қана. Сонымен бірге, 2018 жылдан бастап ақпараттық технологияларды 3-сынып оқушыларынан бастап оқитын болады. Осы уақытқа дейін бұл пәнді 5-сыныптан бастап өтетін. 3 мыңға тарта мектептер мен оқушылар сарайында робо­тотехника бойынша курстар жүргізіледі.
Бұдан бөлек әлеуметтік жобалар да 2018 жылы жүзеге асады. Соның бірі – жас веб-әзірлеушілерді оқытуға бағытталған CAMP бірлескен әлеуметтік білім беру жобасы. Мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан студенттердің жұмысқа орналасып кетуіне септігі тиетін веб-бағдарламалау дағдыларын дамытуға мүмкіндік беру. CAMP бағдарламасы 2018 жылдың қаңтарында басталып, қыркүйек айына дейін жалғасады. Осы уақыт ішінде үш команда дайындалады, олардың әрқайсысы үш ай бойы жоба жасаумен айналысатын және «Кселл» сияқты басқа да ірі компаниялар ұсынатын практикалық кейстермен оқытылады. Жоба аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан қатысушыларға 60 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлейді. Жоба ұйымдастыру­шылары менторларға жалақы төлей отырып, кеткен уақытының өтемін береді. Іріктелген қатысушылар білікті маманмен бірлесіп тапсырыс орындап қана қоймай, шәкіртақы алады.
CAMP (CustomersandMentorsProgram) – нақты тәжірибе бойынша оқыту бағдар­ламасы. Жобаға қатысушылар бағдарла­ма­лаудың практикалық дағдыларын мең­ге­реді. Тәжірибелі мамандардың же­тек­­­­ші­­лігімен және солардың тікелей ара­ла­суы­­мен клиенттерден түскен тап­сырыс­­тарды орындайды. Бұл формат осы істі жаңадан үйреніп жүрген базалық білімі бар адам­ды қысқа мерзім ішінде портфо­лиосы дайын, сұранысқа ие жас маманға айналдыра алады. Осы ретте Aviata.kz компаниясының даму жөніндегі директоры және OpenIT қатысушысы Алексей Ли мырзаға бірнеше сауал қойған едік.
– Жобада кәсіби менторлар бағыт беретінін білдік. Бәлкім, қысқа мерзімдік жобаларда емес, олар оқу орындарына сабақ беруі керек шығар. Қалай ойлайсыз?
– Бұл мемлекет үшін өте пайдалы, әрине. Бірақ мәселе – сол мамандарды көндіруде. Субсидия бөлу туралы ойлану керек. Мысалы, соңғы кезде шетелге кету үрдіске айналды. Оның себебі неде? Ақ­параттық технологиясы жақсы дамыған елдерде жалақы көлемі – ең аз дегенде 3-4 мың АҚШ доллары. Яғни, білікті маман бола тұра аз айлық алғысы келмейді. Егер ЖОО тарапынан жоғары жалақы беретіндей мүмкіндік берілетін болса, бәрі қуана келісері анық.
– Шетел асып, ірі компанияларға орналасқандар көп. Оған қуанған жөн бе әлде жіберіп алғанымыз өкініш пе?
– Әзірге мұны жылыстау деп қана ба­ғалай аламыз. Израильде мамандар шетелге көптеп кетеді. Олар оны ротация дейді. Яғни, тәжірибе алу мақсатында аттанады. Бұдан кейін туындайтын келесі мәселе – сол мамандарды елге қайта әкеліп, білгенін отандастарына үйрететіндей жағдай жасау. Бізде осы соңғы айтқан процесс әлі жүріп жатқан жоқ. Жылыстау деп отырған себебім де – сол.
– Өзіңіз айтқан екінші үдерістің күні қашан туады, шамамен?
– Аталған процесс еш уақытта өздігінен басталмайды. Мемлекет оны назарына алуы тиіс.
– Ендеше қалай бірлесіп жұмыс істеуге болады? 
– Оның жолдары мен әдістері сан түрлі. Мәселен, мемлекет компанияларға салы­натын салықты жеңілдетсе де – үлкен көмек. Немесе шетелден келген кәсіби маман­дардың төлеуі тиіс міндетті төлем­дерді азайту керек. Айтқым келгені атқаруға болатын шаралар көп. Тек соған мақсатты түрде кіріссе болғаны. Бүгінгі тренд бойынша қарасақ, компанияларды қоя бергенде мемлекеттер арасында бәсеке байқалады. Ақыл-ой үшін тартыс жүріп жатыр. Дәуірдің өзі сондай сипат алды.
«Биыл қазақстандықтардың тегін білім алу мүмкіндігін кеңейту үшін көп жұмыс атқардық. OpenU.kz Ашық университетін іске қостық, онда отандық жоғары оқу орындарының үздік оқытушылары IT, телеком, робототехника және бизнес сала­сында курстарын өткізеді. Біз мемлекеттік тілді үйренуге арналған «Ситуациялық қазақ тілі» мобиль қосымшасын іске қостық. Цифрлау процесі қазірдің өзінде елімізде өмірдің барлық саласын қамтып отыр. Интернетпен сауда жасау күн сайын артып келеді. Қазақстандық нарықта жоғары білікті веб-бағдарламашыларға үл­кен сұраныс бар. CAMP жобасы бұл мәсе­лені шешуге бағытталып отыр. Сонымен бірге, біздің компания үшін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан студенттерге ең үздік оқытушы мамандар­дан тәжірибе алуға және еңбек нарығында сұранысқа ие болуға мүмкіндік беру айрық­ша маңызды» деді «Кселл» АҚ коммуни­кациялар бөлімінің жетекшісі Наталья Еськова.
Тақырыптың тоқетері:
Экономикамызда кадр жетіспейтінін жиі естиміз. Оның ішінде біз қаузап отырған сала да бар. Бірақ бұл Қазақстанға ғана тән мәселе емес. Өйткені салыстыру үшін алып қарасақ, АҚШ экономикасының өзінде жыл сайын 50 мыңға жуық IT-маманға сұраныс туындайды. Manpower Talent Shortage Survey жүргізген сауалнама нәтижесінде, 2016 жылы аталған мамандар сұраныс жөнінен екінші орында екенін анықтаған. Зерттеуге 43 елден 42 000 жұмыс беруші қатысқан. Кадр тапшылығымен күрес үнемі жүріп отыруы тиіс. Мейлі, мемлекет тарапынан қолдау алып отырған не коммерциялық емес ұйымдардың ұсынған жобалары арқылы болсын. Бір­лесіп қызмет атқарса, нәтиже еселенер еді.
 
Жадыра АҚҚАЙЫР
11 қаңтар 2018 ж. 1 025 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930