Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылдың айшықты ақпараттары

Жылдың айшықты ақпараттары


Келер жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін тапсырылатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгереді. Бұған дейін сынақты тек маусым айында тапсыратын жас түлектер жаңа мүмкіндікке ие болып отыр. ҰБТ жылына 4 рет, яғни, қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында өткізілетін болады. Бұл білім саласындағы биылғы жылдың басты жаңалығына айналды.
Дегенмен, бұл ақылы негізде білім алушыларға ғана қатысты. Ал, мемлекеттік гранттың конкурсына қатысу үшін бұрынғыдай міндетті түрде маусым айындағы тестілеуге қатысу қажет.
Жалпы, аудан басшылығы білім саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Бюджеттің басым бөлігі осы саланың төңірегінде жұмсалып жатқаны да белгілі. Бір ғана дәлел соңғы 10 жылдың ішінде аудан бойын­ша 22 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда 3 ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы білім ордалары атымен жоқ.
Мектептер жыл сайын соңғы үлгідегі заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп келеді. Биылдың өзінде аудан бойынша 56 интерактивті тақта, 10 робототехника, 200 планшет, 174 роутер,2 дана 3Д-модельдеу, 60 дана компьютер жаңадан алынып, 20 биология, химия, физика кабинеттері, 1 зертхана бөлмесі жабдықталған. Мұның барлығы оқушылардың сапалы білім алулары үшін жасалып жатқан дүниелер екені айтпаса да түсінікті.

Келер жылдың басынан бастап мектеп мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілерінің жалақысы едәуір көбейетін болады. Бұл туралы Мемелекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында хабарлаған еді. Жалпы ауданда балабақша мәселесі шешімін тауып үлгермеді. Саны көп болғанымен сапасы сын көтермейтін, жалған құжаттың жетегінде жүрген мектепке дейінгі ұйымдардың қатары азаяр емес. Бұл туралы күздігүні облыстық білім басқармасының басшысы арнайы келіп, қатаң ескерткен болатын.
Өңірдің білім деңгейін ҰБТ көрсеткішімен бағалар болсақ, өткен жылмен салыстырғанда аса ілгерілеушілік байқалмайды. Сондықтан, аудандық білім бөлімі жаңа форматты жаңаша серпінмен қабылдап, жоғары деңгейден көрінеді деп сенеміз.
Ит жылын аудандық мәдениет бөлімі үшін табысты болды десе болатындай. Жыл бойы жоспарланған мыңнан аса шараның барлығының басы-қасында тек жергілікті өнерпаздар жүрді. Сырттан не әнші, не биші келіп өнер көрсетпеген екен. Одан бөлек биыл алғаш рет шиелілік композиторлардың ән кеші ұйымдастырылды. Жалпы, жыл басынан бері жоспарланған мәдени шаралар өз дәрежесінде өтті.

Жақында ғана Тәуелсіздік күні қарсаңында республикалық «Айқын» газетінің директор-бас редакторы, жерлесіміз Нұртөре Жүсіп пен әнші, сазгер Әлмырза Ноғайбаевтың құрмет төрінен көрінуі тек мәдениет пен шығармашылық саласын ғана емес бүкіл Шиелі халқын қуанышқа бөледі. Мәдениет бөлімі алдағы уақытта көрермендерге рухани азық болатын, терең ой саларлық театрландырылған қойылымдар, спектакльдер көптеп ұсынса деген көпшіліктің тілегі бар. Бұл туралы аудан әкімі Ә.Оразбекұлы да жиындардың бірінде бөлім басшысы И.Байкенжеевке тапсырма берген болатын. Нәтижесін келер жылдың еншісіне қалдырдық.
Аудандық спорт бөлімі жылды ойдағыдай қорытындылады. Спортшылар облыстық жарыстардан 59 алтын, 62 күміс, 89 қола алса, республикалық жарыстармен чемпионаттардан 21 алтын, 32 күміс, 29 қола медальдар иеленді. Ұлттық құрама мүшелігіне 4 спортшы енген. Бұл саладағы жылдың басты жаңалығы – Бидайкөл ­ауыл­­­­ынан жаңадан ашылған жүзу бассейні болды. Одан басқа жыл басынан бері аудан бойынша 6 жаңа спорттық нысан пайдалануға берілген.
Айта кету керек, соңғы уақытта аудан спортшылары ережесіз жекпе-жектен жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Әсіресе, жас буынның арасында спорттың бұл түріне қызығушылық басым. Ережесіз жекпе-жектен Сочи қаласында өткен әлем біріншілігінде қарсыластарын ауыр соққыларымен жойқындаған жерлесіміз Ғани Әділсеріктің жеңісі сөзімізге дәлел. Аталмыш спорт түрінен аудан қоржынын медальға толтырып жүрген одан өзге де спортшылар жетерлік.
Өңірдегі білім, мәдениет, спорт салаларын қысқаша осылай қорытындыладық. Жалпы алғанда өңір үшін ит жылы жағымды жаңалықтарға кенде болмады. Жылдың айтулы оқиғалары Астана қаласының – 20 жылдығы, Қызылорданың – 200 жылдығы, Шиелінің – 90 жылдық мерейтойлары қатар келген мерейлі жыл ретінде елдің есінде қалмақ. Сәні мен салтанаты келіскен ауданымызда табалдырығымыздан аттағалы тұрған жаңа жыл да молшылыққа толы, несібелі жыл болады деп сенеміз. Бастысы басымыз аман, еліміз тыныш болсын.


Гүлхан ЯХИЯЕВА.
30 желтоқсан 2018 ж. 1 549 0