Жаңа жылға достық әзіл жолдадым
«Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», аудандық мәслихат депутаты, белгілі кәсіпкер, «Әшірбеков» шаруа қожалығының төрағасы Бағлан Әшірбековке
Күріш екті жасында,
Жақаевшы атанып.
Агроном о баста,
Өсті елден бата алып.
Барып қайтты Кубаға,
Фестивальға шақырып.
Тіптен жас ет қу бала,
Құпия болсын тақырып.
Гавана мен Мәскеуді,
Армансыз Бағлан шарлады.
Демейтін ол кез жас деуді,
Қызметке бірақ бармады.
Қолға алды кәсіпті,
Қожалығын ашты да.
Алла төкті нәсіпті,
Тірлігі алға басты да.
Бағы жанып Бағланның,
Басы айналып кетпей жүр.
«Тау халқы» тағы қалғанын,
Айтыңдар, не жетпей жүр?!
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек
Байкенжеевке
Мәдениетке кім келген деп,
Бәріміз кеп шуладық.
Инженер-геолог екен деп,
Бас салып тағы туладық.
Бәрі бекер боп шықты,
Өнерлі екен Исабек.
Оркестрге жан бітірді,
Сахнаның сәні болған.
Жөнге салды бұл кәкірді,
Көрерменнің көңілі толған.
Істеймін деген адамға,
Кедергі болмас ештеңе.
Бастады өнер оң қадамға,
Жақсылықты кеш деме.
Жатпайды талант бойдағы,
Тесіп шығар қынапты.
Орындалды ой ойдағы,
Халық сүйіп ұнатты.
Қоғамдық маңызы бар шараларға қайырымдылық жасағаны үшін «Жылдың үздік ұйымы» атанған «Семізбай-U» ЖШС «Иіркөл» филиалының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мұқанбетжан Салқынбаевқа
Кең қазақ даласында,
Мына уран саласында.
Маман жоқ деп даурықтық,
Қазір осыған нанасың ба?
«Семізбай-U» солтүстікте,
«Иіркөл кеніш оңтүстікте.
Шиеліде орын тепті,
Уран көзі – ғажап нүкте.
«Семізбайдан» елге келді,
Жаңа басшы маман белді.
Алда тұрған түпкі мақсат,
Өндірісті дамыту енді.
Туған жерге гүлін еккен,
Қайырымды нұрын төккен.
Жігіттермен мақтанамыз.
Елге ерен еңбек еткен.
Аудандық балалар әуез мектебінің Бала би ауылындағы қосымша класының мұғалімі, хормейстр, дирижер, қоғамдық жетекші Әнипа Мұсабаеваға
Ауылда жүріп өнерді,
Биіктерге көтердің.
Жұмыс жасап көлемді,
Аянбай еңбек етер кім?
Облыстың төрінде,
Хорды қалай шырқаттың?!
Музыканың көгінде,
Келтірдің сәнін ырғақтың.
Дирижерлық жасадың,
Қолыңменен, ымменен.
Ентігімді басамын,
Бірге болып жырменен.
Оқушылар қасықпен,
Кереметті көрсетті.
Қосылып тұяқ, асықпен,
Қыздыра білді концертті.
Жаның нәзік, сезімің,
Ұстаздық жолың бір бөлек.
Жүзің жайнар өзіңнің,
Қызғалдақтай үлбіреп.
«Көкшоқы» елді мекеніндегі «Айналайын» балабақшасының меңгерушісі, үлгілі, іскер басшы Мунира Дүйсебаеваға
Балаларды бақшада,
Үш тілде бірдей сайраттың.
Үйреттің айтып қаншама,
Не екенін көк байрақтың.
Айналайын, деп қойып,
Тәрбиелеп жатырсың.
Жатқан жоқсың жеп қойып,
Қызметте батылсың.
Өзгелер кеп үлгі алып,
Келіп-кетіп жатады.
Күндерің күліп барып,
Таңдарың гүл боп атады.
Білім, қазақ тілі де,
Осы балабақшадан.
Қалыптасар діні де,
Мақтанарлық жақсы адам.
Талмай алда келесің,
Болашаққа ұмтылып.
Көп сенің елге берерсің,
Жанарыңа сыр тұнып.
Өркен ИСМАИЛ, ҚР Журналистер одағының мүшесі.