ЖҰЛДЫЗ НЕГЕ АҒАДЫ?
Үй үстінде ұсақ тас,
Алайын десең, алынбас, - деген жұмбақты бала кезімізден бәріміз де жаттап өстік. Иә, аспанды безендіріп тұрған сансыз көп жұлдыздардың нақты саны қанша екені тек бір Аллаға ғана аян. Алайда, олардың не үшін жаратылғандығы туралы қасиетті Құранда анық жазылған. Сонымен, жұлдыздар 3 түрлі мақсатта жаратылған.
[⭐] Адасқанда жол табуға көмектесу мақсатында;
[⭐] Аспанды безендіру үшін;
[⭐] Аспаннан xабар ұрлаушы жындарды ату үшін.
Кей адамдар аспаннан жұлдыз ақса, «әне, менің жұлдызым ақты» деп қуанып тілек тілеп жатады. Ал кейбіреуі бір жұлдыздың аққанын бір адамның сәулесінің сөнгенімен байланыстырады. Бұл қаншалықты рас? Шын мәнінде, жұлдыздар неге ағады?
Негізінде, жұлдыздар көктен хабар тасушы жын-шайтандарды ату үшін ғана ағады. Бұл туралы Құранда: «Әрі оны (аспанды) әрбір қуылған шайтаннан қорғадық. Ал кім ұрланып тыңдаса, оны анық бір жалындаған аспан денесі қуады», - делінген. («Хижр» сүресі, 17-18-аяттар)
Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі де: "...Сөйтіп, періштелер (Алла Тағаланың) не дегенін хабарлайды. Осылай аспандардың тұрғындары бір-бірінен хабар сұрай отырып, хабар төменгі аспанға жетеді. Сонда жындар ұрланып тың тыңдап, (оны) сыбайластарына (яғни көріпкелдер мен балгерлерге) жеткізеді. Сол кезде (жындар жұлдызбен) атқыланады», – деген ( Муслим)
Демек, кей балшылардың сөзінің тура келіп қалатынының түсіндірмесі осы. Бірақ мәселе олардың дәл айтқанымен өзгермейді. Себебі табылуы тиіс нәрсе сәуегейге барсаңыз да, бармасаңыз да табылады. Өйткені "кім тағдырдан қашса, тағдыр оны қашқан жағынан күтіп алады" деген ғалымдар. Ал табылмайтын нәрсе балгерге барсаңыз да, бармасаңыз да табылмайды.
Бақсы, балгер, көріпкелдер жаңағы шайтанның көктен ұрлап әкелген бір шындығына жүз өтірікті қосып, қомпайтып айтады. Оның үстіне, көріпкелдің сөзіне сенген адам ауыр күнә арқалайды әрі xадисте келгендей қырық күнге дейін намазы қабыл болмайды. Сондықтан Алла Тағала «Бұл – шайтанның ісі. Мұраттарыңа жету үшін оған жоламаңдар», - деп тыйған күнәлі істен барынша аулақ жүрейік.
https://reactor.inform.kz/