Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік –қасиет тұнған ұлы ұғым

Тәуелсіздік –қасиет тұнған ұлы ұғым




Тәуелсіздік – халықтың үні, ұлттың тілі мен діні. 1991 жылы-16 желтоқсанда тәуелсіздік таңы атты. Еліміздің "Қазақстан республикасы" деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне 27 жыл да өте шықты. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Ширек ғасырдан аса тарихы бар мемлекетіміз күннен-күнге дамып, болашағын айқындай білді.
Ел басына төнген қауіп-қатерден арылып, өзге жұрт қызығарлықтай дамуы алға басты. Ұрпақ тәрбиелеу жолында Отан ананың қастерлі, қадірлі екендігін ұғындыруды да назардан тыс қалдырмадық. Болашақ ел тұтқасын ұстар жеткіншіктер саналы білім алып, келешегін бағдарлай білгені абзал.
Осы орайда, ел тәуелсіздігінің 27 жылдығы қарсаңында аудандық орталық балалар кітапханасында кітапханашы Перуза Түлкібайдың ұйымдастыруымен "Тәуелсіздік –қасиет тұнған ұлы ұғым" тақырыбында әдеби кеш өткізілді. Мақсаты – жас оқырмандарға 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының болу себептерін және тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіндіру. Сонымен қатар, Отан ананы құрметтеп, тәуелсіздікті бағалай білуге, ұлтжанды, елжанды болуға, ел Тәуелсіздігі жолында күрескен ерлердің қаһармандығы мен күрескерлік ерліктерін әрдайым есте ұстауға, үлгі ете білуге үйрету. Елін, жерін, тілін құрметтейтін, өз Отанын сүйетін азамат қалыптастыру, от жүректі өжет мінезді ұл-қыздардың ерлік істеріне мәңгі құрмет көрсетуге баулу. Сол арқылы патриоттық сезім қалыптастыру болды. болды.
Шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары, БАҚ өкілдері және оқырмандар қатысты. Кеш барысында оқушылар мемлекетіміздің тәуелсіздік жылдардағы орын алған тарихи оқиғаларды қойылымдар арқылы көрсетіп, маңызы зор қазақ елінің жарқын бастамаларын сахналады. Тәуелсіздікке қол жеткізу барысындағы тарихи оқиғаларды зерделенді. Тәуелсіздікке арналған өлең жолдарын оқып, жырдан шашу шашты, арнау да оқылды. Ал, кеш қонақтары ұлық мерекенің маңыздылығына тоқталды. Жасампаз еліміздің дархан даласын, жазық мекенін қорғау келер ұрпақтың міндеті екенін жеткізді. Егеменді елдің болашағы білімді де парасатты жастар екендігін тілге тиек ете отырып, жақсы оқуға, елін сүюге, елінің патриоты болуға, ана тілін, тарихын құрметтеуге шақырды. Жиын барысында Тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтарды еске алу минуты жарияланып, оқушылар мемлекеттік Әнұранды қосыла шырқады. Қорытындысында белсенді оқырмандарға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан алғыс хаттар табысталды. Міне, осылайша жас оқырмандар арасындағы Тәуелсіздік мерекесі өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті.

Дина ЖҮСІПОВА.
12 желтоқсан 2018 ж. 5 893 0