Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » көңілден кетпес ер есім

көңілден кетпес ер есім


Тұлпардай жүйрік уақытта тоқтам жоқ. Сағатты тоқтата алсаңыз да, уақытты тоқтата алмайсыз. Алтайдай құрдасымызды жер қойнына тапсырғанымызға бүгін 100 күн толып отыр. Еліміздегі іргелі білім ордасы әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінде Алтай замандасымызбен бірге оқыған кешегі күндеріміз ойға оралады. Бәрі бейне бір көрген түс сияқты болды.
Талантты – ауылда да талантты. Теңіз суының дәмі оның тамшысынан да байқалады. Мен Алтай Айыптың қарымды журналист екеніне әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде бірге оқып жүрген кезде көзім анық жетті. Әрине, оның туындыларын өзі еңбек етіп, басшылық еткен Шиелі аудандық «Өскен өңір» қоғамдық-саяси басылымы беттерінен, ғаламтор арқылы оқып, танысып жүрдім. Бас редактордың қолтаңбасы оның жетекшілік еткен басылым беттерінен айқын байқалатын.
Жалынды журналист Алтай Айып әріптесіміздің жүрегі тоқтады деген суық хабарды естігенде сай сүйегім сырқырап, қайғырдым. Адам ұлы өмірге келеді. Дәм, тұзы таусылған күні фәнилік болады. Бұл жаратылыстың айнымас заңдылығы. Бұл дүниеден озғанымен замандастары мен ұрпағына өнегелі өмірімен, адамгершілік қасиетімен өшпестей із қалдырған адамдар болады. Солардың бірі – киелі де қасиетті Сыр бойының тумасы, абзал азамат, тәжірбиелі журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Алтай Айып бауырымыз еді. Өкініштісі, Алтай досымыз саналы ғұмырының, ұрпақтарының қызық, қуанышын көрер, адал еңбегінің жемісін терер шағында дүниеден озды. Ең бастысы, қабырғаны қайыстырар өкініштісі де осы. Құрдас болған соң біз де байқап, сезіп жүрміз. Алпыстан кейінгі әр күнің, әр сағатың өте қымбат болады екен. «Асқаралы алпыс тал түс» – дейді қазақ атам. Одан кейін де Алтай өмір сүргенде болар еді деген пенделік тілек көкейімізде тұрды... Амал жоқ. «Ажал айла таптырмас» дегендей, бойын меңдеген ауыр науқас оны біздің арамыздан ерте алып кетті.
Баршаға мәлім, журналист өз шығармашылығы арқылы еліне, халқына қызмет ететін мамандық иесі. Алтай Айып әріптесіміз Сыр өңіріне, ауданына, ауылына ұзақ жылдар бойы адал қызмет етті. Еліміздің қиын кезеңінде де тәуелсіздік алғаннан кейін де өз ісін тиянақты атқарды. Алтай елінің жақсылығына қуанды, оның жаршысы болды. Алтай туған елінің кемшілігіне күйінді, оның түзелуіне әріптестерімен бірге өзінің қомақты үлесін қосты. Жаңаны жақтады, жақсылықты қолдады. Өз мамандығы бойынша халыққа аянбай, талмай адал қызмет етті. Сөз қадірін өз қадіріне балады. Шәкірттерін де баулыды. Осыған да тәубе, шүкір.
Дүниеден озар алдында Алтаймен телефон арқылы сөйлесіп жүрдім. Қапшағайда университетті бітіргеніміздің 20 жылдығын бірқатар достар 2014 жылы маусымның маужыраған кешінде бірге тойладық, қуандық. Ол әдеттегідей әдемі әзілдерімен езуімізді жидырмады. Гитарасымен тамаша әндерді орындап, біздің көңілімізге қуаныш, жүрегімізге жұбаныш сыйлады. Өмір деген осындай қызықты да мәнді кездесулер, сырласулардан, қоштасулардан тұрады емес пе? Біз сол әріптестер жүздесуінде бір-бірімізбен қимай қоштасып едік. Мен сол кездесу Алтайдай асыл досымызбен соңғы кездесу екенін білмедім... Өкінішті. Өмір-ай, десеңізші...
Біз қазақ қолда бар алтынның қадірін білмейтін халықпыз. Қолдан шығып кеткен соң өкінеміз. Жақсы адам күн сияқты, қасында болып, шуағына шомыла бергің келеді. Жаман адам түн сияқты, қасында жүріп жолыңнан адасасың. Біздің Алтай пайымды да парасатты адамгершілігі мол, кезі келсе әзілдерді айтып, әндерді шырқап жіберетін көңілді дос еді. Ол адасқанға жөн, жол сілтейтін адал азамат болатын. Ақын Қадыр Мырза Әлі: «Сен ірісің бе, жоқ әлде көптің бірісің бе, досымызды қадірлейік, көзі тірісінде» дегеніндей, Алтай бауырымыз көзі тірісінде қадір-қасиеті бағаланған шығар... Десек те, он сегіз мың ғаламды жаратқан құдіреті күшті бір Алланың адамға берген ең үлкен сыйы ол – өмір. Мына жарық дүниеде бір сәтке тоқтамас толассыз тіршілікпен өмір сүру, ол әрине, бақыт. Бірақ, осындай бақыттан Алтай бауырымыз, әріптесіміз ерте айырылды.
Қазаның алды иманды, арты қайырлы болсын! Алтайдың топырағы торқа, жаны жәннатта болғанын тілейміз. Әкесі өлмеген әлемде жоқ, енесі өлмеген елде жоқ, ұлы өлмеген ұлыста жоқ. Бірақ, қажу емес, қайрат керек, езілу емес, ерлік керек. Тамыры суда тұрса да қурамайтын құрақ жоқ. Өксіп отырып өкінсең, өкініп отырып бекінесің. «Өткенше өкін, өткен соң бекін» деген. Алтай досымыз көзден кеткенмен, көңілден кетпейтіні белгілі.
Уәлихан ӘМІРҰЛЫ,
журналист, ҚРЖурналистер одағының мүшесі.
24 қараша 2018 ж. 1 105 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031