Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайсар қаламгер

Қайсар қаламгер


Тарихты өшіре алмайсың. Тау қозғалса да, ол қозғалмайды. Сол күйінде қалады. Адам өмірі де солай. Елім деп, туған жерім деп еткен еңбегі бағалануы, құрметтелуі тиіс. Сондай азаматтың бірі – Алтай ағамыз еді. Ол кім болған?
Алдымен осы сауалға кеңінен тоқталып өтелік. Салмақты сөздің қадірі әуелі шындық, екіншіден, әділдік, үшіншіден, көркемдік болмаса, оның кімге сүйкімі мен салмағы, жұғымы мен жүгі болмақ? Салиқалы сөз атасының арғымағын көсілте шауып, жалғандық пен жағымпаздыққа, мансапқұмарлыққа бейім пенделердің құтын қашырып, тәубесіне келтіретін қаламы үшкір қайсар қаламгер деген қарапайым кәсіп иелері бар. Олар әлгі аты аталған қоғамға кереғар адамдарды сүңгісөзбен сілейте түйрелеп, көпке күлкілі мысалдарымен халық алдында аймандай етеді. Осындай кемшілікке кеңшілік жасамайтын, жалғандыққа жаны қас, өз тұсында оқырманын, ойлы туындыларымен тәнті еткен ҚР Журналистер одағының мүшесі, майталман журналист Алтай Айып ағамыз еді. Жаныңа жақын, жүрегіңе сая болатын адам жайында естелік жазу қиын екен. Алтай ағамыз жайында осындай ыстық лебізімді өткен шақта жазам деп ойламаппын.
Ең алғаш жұмысқа қабылданған кезімде Алтай аға газеттің бас редакторы болатын. Жайсаң аға мені қуана қарсы алды. Өзі басшы бола тұра, ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Мінезі де күйдім-пістім емес, аса сабырлы, кез келген мәселені ойланып шешетін. Біз сияқты айналасына топтасқан жастар үшін Алтай ағаның өзі бір мектеп еді. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, әрбір шәкірттің қасиетін, қабілетін жете танып, қиядағыны қалт жібермейтін. Үнемі оңайлықпен сыртқа сыр шашпайтын азамат. Жұмыс бөлмесінде шұқшиып жазу жазып отыратын Алтай ағаның ерекше бір қасиеті оның қарапайымдылығы. Алдына келген әрбір адаммен сыпайы, жұмсақ сөйлесетін. Басшымын деп қызметкерлерге бір дауыс көтермейтін. Алғаш еңбек жолын бастаған біз секілді жастарға тағылымды тәлім-тәрбие берді. Жас журналистердің жазғанынан жылт еткен жаңалық көрсе, қуанатын. Биязлығы мен бойына біткен даналығы ізденімпаздығы мен іскерлігі, қабілет-қарымы мен зор жауапкершілігі қай қызметінде де болсын абыройлы болуына игі әсер етті. Алтай аға өз мақаласында ойын ашық айтып, мәселені еркін, батыл қоя білетін. Содан да от
ауызды, орақ тілді оның айтқан пікірлерімен сала басшылары санасып отырды.
Көбінесе тың тақырыптарды қозғап, сын тұрғысынан барып, оны проблемалық деңгейге көтеретін. Ағаның жазу машығында өткір тіл, өзіндік пікір, сыни көзқарас мен-мұндалап тұратын. Осылай ауданның айнасы саналатын газеттің әзіл-оспақ жанрын өзіне оқшаулап, оқырманын ұйытып отыратын еді.
Оқырмандар «Осы газетте «Мұртты қара бала» деген атпен қызықты мақалалар жарияланып тұрады. Сол кім өзі?» деп бізден сұрайтын.
Алтай ағаның көптеген мысалдары «Мұртты қара бала» деп жарияланып жүретін. Алтай Айып баспасөзде тек мақаламен ғана шектелмейтін. Оның ақындық қабілеті де зор болды. 2-3 кітабы жарыққа шығып, оқырмандардың ықыласына бөленді. Тек редакция ішінде емес, аудан көлеміндегі өлең, өнер айналасында жүрген жас буын Алтай ағаны жақсы көрді. Солардың көбі аға деп «Өскен өңірге» іздеп арнайы келетін. Алтай ағаның қазасы, газеттің қайғысы деп түсінемін.
Алайда, ажалға амал бар ма? Өмірі өзгелерге өнеге болған Алтай ағаның жарқын бейнесі аудан халқының жадында мәңгілік сақталады.


Айнұр Назарова.
14 тамыз 2018 ж. 1 716 0