Шиелі халқын магнитше тартқан орталық
Бұрынғы кездері «шіркін, шетелде тұрсам ғой» деп армандайтын едім. Себебі, шетел киноларын көріп отырған кезде, кинодағы әрбір тұлға мейлі, тіпті, ол жүк тасушы болса да өз клиентіне өте сыпайылықпен және жылы жүзбен қызмет көрсетіп жатады. Егер әркім өзіне жүктелген міндетін осылай мінсіз және эмоциясыз атқарса, біздің қазақ әлдеқашан дамып кетер еді. Себебі, бізді шаршатып жүрген жұмыстың ауырлығы немесе нан тапшылығы емес. Бізді шаршатып жүрген айналадағылардың сауатсыз эмоциясы. Алайда, жақында «Магнит» орталығына барған кезде, өз ауданымызда да «шетелдің өркениетті эмоциясы» қалыптасып келе жатқанын байқап қуанып қалдым. «Магнит» ғимараты салынып біткен кезде, «сыртында мін жоқ, ертең іші қалай болар екен?» деп қызғаныш сезімі аралас қызыққанымыз рас. Алғаш осы орталықтағы жеңілдіктер туралы жарнама шыққан кезде «қайдан шыққан батпан құйрық?» деп те күмәнмен қарадық. Дегенмен, «Магнит» орталығында өткізген 20 минут ішінде, өз ойымнан өзім ұялып, жігіттердің жасап жатқан қызметіне риза болдым. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді» деген сөз бар қазақта. Жақсы іске «бәрекелді» деп қолдау көрсету мақсатында қолыма қалам алдым. Жақсы сөз көп айтылса, жердің бетінде жамандықтың кесапаты азаяды дейді. «Бисміллә» деп есікке қолымды созған кезде, жұмыс кестесіне көзім түсті. Ал, бұрын ше? Бұрын шебердің жұмысқа келу-келмеуі еркі еді. Ақысын төлеп тұрсақ та, ең бастысы жұмыс орнынан тапқанымызға қуанатынбыз. Қазір кешке жұмыстан шығып, сағат 20.00-ге дейін үлгерсеңіз болды, шеберді табу үшін алаңдамайсыз. Демек, қуатыңыз сақталып тұрады. Келген жұмысымды түсіндірген кезде, шебер жігіт ықыласпен тыңдап, көлігім дайын болғанша ішке кіріп шай ішуді ұсынды. Шай ішіп отырып администратор жігітті сөзге тарттым. Ол кісі де орталықтағы қызмет түрлерін ерінбей айтып шықты. Сонда байқағаным, орталық дүкеніндегі матор майлары базар бағасынан төмен бағада әрі сапалы екенін, фильтірлі судың тегін, ал, ыдыстағы судың бағасы қолжетімді бағада екенін, сонымен бірге кейбір қызмет түрлеріне жеңілдіктер тағайындалғанын атап өтті. Шығып бара жатқан кезде, сервистік кітапша ұсынды. Нарықтық елде тұрып жатқандықтан, «бұл қанша тұрады» деген сұрақты автоматты түрде қойдым, әрине. Алайда, бұл кітапша орталық сыйлығы болып шықты. Көлігімде келе жатып тәтті ойға берілдім. Қалтаның қампаюын емес, халқының қамын ойлаған «Магнит» орталығының құрылтайшы азаматтары мен қызмет көрсетіп жатқан жігіттерінің қазақтың нағыз дарқан пейілін ісімен дәлелдеп жатқанына сүйсіндім. Біздің санамызда «жасаса өз қамы үшін» деген ой қалыптасып қалған. Десек те, өз ауданымыздың жігіттері халық алыстан іздемесін деп жолымызды оңайлатқанның өзі азаматтық емес пе? Мүмкіндігін, іскерлігін, ерік-жігерін игі іске арнағаны халыққа қызметі емес пе? Бізге, кейде іскер жігіттердің азаматтығын бағалауға пендешілігіміз жетпей жатады. Балаларымызға үлгі тұтар осындай ағаларымызға, еңбектеріңіз жана берсін, игі ниеттегі игі істеріңіз жастарға үлгі болсын деп әрбір қазақ сіздермен мақтанатынын біліп жүріңіздер деген лебіз білдіремін.
Шырынхан МҰХАМЕДКӘРІМҚЫЗЫ,
көлік жүргізуші.