Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дін – ішкі тұрақтылықтың кепілі

Дін – ішкі тұрақтылықтың кепілі



Біз ашық ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан болар фотоақпараттар мен бейнебаяндар жедел желіге жариялап, қажетті мәліметті кез келген уақытта алуға болады. Алайда, бұл жерде діннің атын жамылып, жасөспірімдер арасында теріс бағыттағы теріс ойын жүзеге асыратындар да бар.
Жыл басынан бері аудан тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында әр түрлі шаралар өтіп келеді. Дәстүрлі дінімізді дұрыс бағытта насихаттау жұмыстары күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен емес. Аталған тақырыпта №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейде аудандық дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобы мен мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлері арасында кездесу ұйымдастырылды. Бүгінгі бала, ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын азаматтарымыз болашақта адаспауы үшін ең бірінші салт-дәстүрін, тарихын біліп өсу керек. Сондықтан, бала тәрбиесіне аса назар аударғынымыз абзал. Ең бірінші, адамға дұрыс сенім ұялату керек. Екіншісі ол – білім. Ал, үшіншісі отансүйгіштік. Яғни, адамның иманы артқан сайын елін, жерін, айналасындағы адамдарды жақсы көреді, құрметтейді.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов жүргізіп, діни ахуал тұрақтылығын сақтау жайы айтылды. Сондай-ақ, дін саласындағы мемлекеттік саясат және конфессияаралық қатынас жайында айтып өтті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова: «Кейінгі кезде қоғамда теріс ағымдардың санының көбеюі өзекті мәселеге айналып отыр. Яғни, діни экстремизм мен терроризм қаупі көпшілікті алаңдатуда. Бұл қауіп әлемде қоғамға саяси, экономикалық, моральдық шығындар әкеліп, үрей тудыруда» – деді. Сонымен қатар, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, үздіксіз істердің іске асырылып отырғанын айтты.
Ал, аудандық «Оқшы ата» мешітінің бас имамы Б.Ұлжаев «Дәстүрлі ислам және ұлттық құндылықтар» турасында сөз алды. Ислам дінінің таралу тарихы және дәстүрлі діннің адамзатты мейірімділікке, рахымшылыққа шақыратыны туралы айтып өтті. Содан кейін, «Құлагер» балабақшасының меңгерушісі Г.Қуанышбаева кәмелет жасқа толмаған балалардың діни рәсімдерге қатысуы турасында сұрақ қойды. Мамандар тарапынан Ж.Баймұратова тұшымды жауап берді. Жиын соңында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы әзірлеген «Салафизм в Казахстане» атты деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Ж.Ноғайбайқызы.
10 қараша 2018 ж. 724 0