Елбасы Жолдауы – дамуымыздың асыл арнасы
Айдың басы біздің ұжым үшін маңызды жиынмен басталды. №47 М.В. Ломоносов атындағы мектеп-лицей ұжымында Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын тереңінен талқылау мақсатында жиын өтті. Жиынды мектеп-лицей директоры Сәлима Апбасова ашып, Елбасы Жолдауының маңыздылығы мен басымдылықтарын айтып өтті. Жиын барысында тарих пәнінің мұғалімі Фатима Қасқабаева Жолдаумен толық таныстырды. Жолдаудағы әрбір бөлімдеріне, кезеңдеріне назар аударылып, ондағы айтылған әрбір сөздерге мән берілді. Соның ішінде білім сөзі ең көп айтылғандығы, яғни, білім саласына аса мән берілгендігін талқылап, «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады. Білім саласын бағалау жүйесі халықаралық стандарттарға негізделуге тиіс» деп көрсеткендігі, келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірлеу керектігі айтылғандығы және балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, дәйекті тапсырмалар беруі бүгінгі күннің талабы екендігін түсіндік. Сонымен бірге, Елбасының «Әрбір қазақстандық жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын жете түсінуі тиіс. Реформаларды табысты жүзеге асыру үшін қоғамымыздың ортақ мақсатқа жұмылуы аса маңызды, – деп көрсеткеніндей, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жаңғыру үдерістеріне зор серпін беретіндігі айтылған. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», – дей келе келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынғандығы біздің ұжым жастарына да бір серпін бергендей. «Жаңа құндылықтар жастардың жүрегіне тезірек жол табады», – деп Елбасы айтқандай, Жолдауды біз, ел ертеңі – жастар, әрқашан қолдап, еліміздің өсіп-өркендеуі, жарқын болашағы жолында аянбай еңбек етуіміз керек деп ойлаймын. Елбасының әрбір Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән беруі – ұлт қамын, болашақты ойлауы кемеңгерлік көрінісі дер едік. Мектеп-лицей ұжымы Елбасының Жолдауын әрдайым қолдайды және сенімді жұмыстар атқаруға үлес қосады.
Тұрғанбек Бекзақ.